Әдебиет • 09 Қаңтар, 2018

Екі елдің бесігі (Эссе)

1219 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Тұнық бұлақтан су ішкен киіктің баласындай пәк сезімді Сүйінбай жастық шағынан бас­тап, өмірінің соңғы демі біт­кенге дейін туған елінің тағды­ры мен болашағы үшін жан аямай күрескен ақын.

Екі елдің бесігі (Эссе)

Өткен ғасырдың 80-ші жылдарында Ұлы даламыздағы үл­кенді-кішілі ауылдардан келіп, Қазақ мемлекеттік универ­сите­тінің студенті атанған бір топ қарадомалақ бала біраз күн бойы кең де жарық аудиторияда тізіліп отырып, Сүйінбай ақын туралы лекция тыңдап едік. Ол лекцияларды бізге Сүйін­байдың шөбересі, ұлағатты ұстаз, филология ғылымдарының кандидаты Сұлтанғали Садырбаев оқыды. 

Толқынды қара шашын артына қайырып, ашық маңдайы жарқырап аудиторияға кіріп келе жататын жылы жүзді ағайға біз қызығып қарайтынбыз. Себебі, ол бізге ұрпақтан ұрпаққа жалға­сып келе жатқан халық ауыз әде­бие­­тінің, төл мәдениетіміздің көр­­­некті өкілі секілді болып кө­рі­нетін-ді.

Әрбір сөзін кітаптан оқыған­дай мәнерлеп, тамсанып отырып сөйлейтін. Тіл өрнегінің сұлу, әсерлі, кіршіксіз таза болып шығуы­на ерекше мән беретін. Ал­тын жиекті көзілдірігін қолы­на алып, аудиториядағы студент­тердің әрбіріне зейін қойып, тереңірек танып, келешегіне үңі­ліп қарағысы келгендей ойға шомып қалатын сәттері болушы еді.

 Сабақ айтып тұрған студент­тің сөз ләмі көңіліне қонса, басын ақырын ғана шұлғып, көзін жұмып елітіп қалады. Ал егер сәл қиыс кетсе, ақша бұлттың тасасына жасырынған күн секілді жүзінде көлеңке пайда болып, ақырын ғана басын шайқайды...

Міне, осы бір талғампаз, эстет ағай қазақ ауыз әдебиетінің ірі өкілдері туралы лекция оқығанда біз өзімізді асқар таудың биігін­дегі көк шалғын, жасыл жайлауға шыққандай сезініп, таңғажайып әсер алушы едік.

– Тұнық бұлақтан су ішкен киіктің баласындай пәк сезімді Сүйінбай жастық шағынан бас­тап, өмірінің соңғы демі біт­кенге дейін туған елінің тағды­ры мен болашағы үшін жан аямай күрескен ақын, – дейді Сұлтанғали ағай өткен заманның бір керуенін көз алдынан өткізіп тұр­ғандай ойға шомып. – Ол қарапайым, еңбекші халықтың ара­сынан шықты, сол ұяны жанын­дай жақсы көрді, бар ғұмы­рын, өнерін соларға арнады.

Халықты тілмен қорғадым,

Сөз шындыққа келгенде,

Бас кессе де болмадым.

Құтылып жарлы кеткенше,

Зорларды сөзбен торладым, –

дейді Сүйінбай. Бұл – азамат, күрескер ақындардың айтатын саналы, сертті сөзі. Асы­лы, ақын­ның да ақыны бар: баз­бі­реулер болыс­тар мен би­лер­ді дәріп­теп, оларды ай мен күнге теңеп, солардың таса­сын­да, көлең­­кесінде күн көрген, ақын­дық­ты қорлаған; ал Сүйін­бай болса, ешуақытта шындық­тың шолпан жұлдызынан жаңыл­маған, елінің мұң-мүддесін ұмыт­паған, жыласа жұбатқан, жасыса қайрат берген...

Ә дегеннен-ақ аудиторияның ішінде масаның ызыңы естілердей тұп-тұнық тыныштық орнайды. Ағайдың аузына қарап, желсіз, ты­­мық жайлаудағы бір шоқ то­ғай секілді мүлгіп қалған біз әлгі ты­­­­ныш­тықты селт еткізуге жас­қа­­­нып, демімізді ақырын ғана аламыз.

– 1754 жылы Ферғана айма­ғында Әндіжан, Наманған, Мар­­гелан, Қоқан хандықтары орна­ған. Соның ішінде Қоқан хан­дығы Памир тауларынан бастап Іле өзеніне дейінгі аралықты жау­лап алған. Әсіресе 1845-1863 жылдары Қоқан хандығын Құ­дияр хан басқарған тұстарда қазақ­тар мен қырғыздардың арасында жаппай жойқын жазалау шаралары жүргізілген.

Міне, осындай қиын кезең­дерде азамат ақын Сүйінбай елді, халықты абыржымауға, сас­­­­пауға, ішкі салмағын, күшін жо­ғалт­­пауға, жаумен күресе білу­ге шақырып, жалынды, отты, патриот­тық өлеңдер шығарды.

Ағай біздің қалай тыңдап отырғанымызды білгісі келгендей сәл кідіріп, аудиторияны көзімен бір шолып өтеді.

Сөз құдіреті – ел намысын қайрап, ұлт рухын оятып, қараңғы түнек заманда найза­ғай боп жарқылдағанын біз іштей сезіп, түйсініп, дауылпаз ақын­ның бейнесін көз алдымызға елес­тетуге тырысамыз. Сондай кез­дерде: «Сұлтанғали ағай Сүйін­­байдың туған шөбересі ғой. Ұлы атасына ұқсай ма, ұқсамай ма?..», деген бір ой келеді.

Ауыз әдебиетінің алыбы, жүз жасаған Жамбыл ақын:

Менің пірім – Сүйінбай,

Сөз сөйлемен сыйынбай!

Сырлы сұлу сөздері –

Маған тартқан сыйындай, – деп жырлады емес пе.

«Оу, ендеше сөз өнеріндегі Сүйінбай көтерілген биікке қа­рап, тамсанудың өзі де бір ға­нибет! Ал біздің Сұлтанғали ағайы­­­мыздың ұлы атасына ұқсас­тығы – теңіздің бір тамшысындай болса да, таңдайға татырлық екені анық», дейміз іштей.

Сондықтан да, бізге «Теңіздің дәмі – тамшыдан» екенін ұқ­тырып, кемеңгер ақын мұрасын күні-түні зерттеп, тұңғиығына үңі­­ліп, зерделеп жүр-дағы.

* * *

Сүйінбай Аронұлы 1815 жылы қазіргі Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Қарақыстақ өзенінің шығысындағы Құлансаз жайлауында дүниеге келген.

Алатаудың биік шыңдарындай асқақ, өр мінезді, өжет ақынның:

Бөрілі байрақ астында –

Бөгеліп көрген жан емен!

Бөрідей жортып кеткенде,

Бөлініп қалған жан емен, –

деп басталатын отты жыры бүкіл түркі дүниесінің рухын көтеріп, намысын оятатын жалынды әнұран екені даусыз.

«Жер жәннаты – Жетісу» атанған сұлу өлкенің жұрт­шы­лығы ежелден қоңсы отырған, тілі де, түрі де ұқсас туысқан қыр­­ғыз халқымен қоян-қолтық ара­ласып, төскейде малы, төсекте басы қосылып жатқан ел.

– Академик Мұхтар Әуезов Сүйінбайдың айтыстағы өнерін өте жоғары бағалаған, оны «айтыс өнерінің алтын діңгегі» деп атаған, – дейді ғалым Сұлтанғали Садырбаев лекциясын одан әрі қарай жалғап. – «Сүйінбай сан түрлі саңлақ ақындармен айтыс­қан, соның бәрін жеңген, әсіресе Сүйінбай мен Қатағанның айтысы адам таңғаларлық ерекше айтыс қой! Мені алғаш қырғыз еліне таныстырған осы айтыс. Ел арасында көп жырладым», депті Жамбыл жазушы Сапарғали Бе­галинге айтқан бір естелігінде. 1937 жылы Жамбыл ақын Қырғыз ғылым академиясының ғылыми қызметкерлерінің өтініші бойынша Сүйінбай мен Қатаған айтысының толық мәтінін жаздырыпты. Бішкектегі ғылыми архивте сақталған бұл қолжазба 98 беттен тұрады. Араб әрпімен жазылған. Сыртқы мұқабасында «Сүйінбай ақынның қырғыздың атақ­ты ақыны Қатағанмен айтыс­қаны» деп жазылған. Бар­лығы 4472 тармақтан тұрады...

Алтын жиекті көзілдірігін қолына алып, бір сәтке Бішкек қаласындағы ғылыми архивті көз алдына елестеткендей болған Сұлтанғали ағай сәлден соң, сұлу толқындары күн көзіне шағылысып, жалт-жұлт еткен Ыстықкөлдің жағасына қарай сапар шеккендей күйге енеді.

Өйткені ауыз әдебиетінің, соның ішінде айтыс өнерінің асыл, жауһар мұрасы болып табылатын Сүйінбай мен Қата­ғанның айтысы осы бір кең шал­қар тұнық көлдің жағасында өткен емес пе.

 – 1848 жылы жазда, уағдалы жерде, қазақ-қырғыз елінің уәкілдері бас қосқан үлкен жиын болады, – дейді Сұлтанғали ағай орнынан тұрып, ақырын ғана аяңдап, аудиторияны бір аралап өтіп. – Ол жиынға қатысушылар өткен-кеткенді еске алып, сарап­қа сала отырып, «бұдан былай екі елдің бауырластық бесігіне ешкімнің қолы тимесін» деген тоқтамға келеді...

Осыдан кейін біз де Сұл­тан­­ғали ағаймен бірге әлгі қы­зық-думан, ұлан-асыр той­ды қызықтауға барғандай таңғ­ажа­йып әсерге бөленеміз. Себебі ағай­дың лекциясы сондай тартымды, қызықты, көркем әңгіме секілді өріледі.

Ыстықкөлдің жағасында өт­кен жиынның төртінші күнінде екі елдің басты адамдары Орман ханның жүз кісілік шатырына жиналады. Мәслихатты басқарып отырған қырғыз мырзасы Қара Бәйтік:

– Сүйінбай ботам! Менің саған сақтаған Қатаған деген ақы­ным бар, оны шымылдықтың ішінде екі келіншек сөзге айналдырып әрең ұстап отыр, – дейді.

Әне, сөйтіп Сүйінбай мен Қатаған ақынның айтысы басталады...

– Қырғыз ақыны манаптарды, байларды мақтап, дәріптеумен әуестенеді, – дейді Сұлтанғали ағай аз-кем өкініш білдіргендей даусын бәсеңдетіп. –Оның айтуын­ша: дүниеде байлықтан асқан биік нәрсе жоқ, адамның өмір­дегі салмағы байлықпен өлшенеді, ал жоқшылық пен кедей­ліктен көз ашпаған бейшара адамдар тағдырдың қарғысына ұшыраған, өгей өмірдің сорлы қонағы дейді...

Ал Сүйінбайдың сөздері мағыналы, ойлы, парасатты келеді (Осы тұста ағайдың дау­сы қай­тадан қатайып, зеңгір ас­панға қанат қаққан қыран бүркіт­тей биіктей бас­тайды). Ол: «Ақындық сенен, сен ақын­дық­тан алыстаған адамсың, бай­лыққа бас ұрасың, өшпенділік пен қызғаншақтықты қорғайсың, дарақылықты, бере­кесіздікті мақ­тайсың» – дейді.

Себебі кемеңгер ақын Сүйін­бай Аронұлы ешуақытта жер бауырлап ұсақ-түйек тақы­рыптарды қоз­ғамаған, керісінше, күрделі қо­ғамдық, елдік, азамат­тық мә­селелерді жырлаған. Сөй­­­тіп Сүйін­­бай таудан аққан ағынд­ы су­дай тасқындап, Қата­ған­ды жал­ғыз­сы­ратып, жағаға шы­ғарып тастайды.

«Сүйінбай, сен ақынның жол­барысы, адамның бұлбұлы екенсің. Айтыста сен жеңдің. Ал Қа­таған, сенің кесіріңнен осы отырған манаптардың барлығы да жерге қарады», деп Қара Бәй­тік қатты ашуланады.

Әдеттегі айтыстың рәсімі бойынша: «Екі елдің бас қосқан үлкен айтысында жеңгенің үшін, саған, басыңа алты қанат ақ орда, Ыстықкөлдің ақ көбігінен жара­тылған Мейіз деген асқан сұлу қыз, мойнында қарғысы бар екі тазы, бір бүркіт және алтын бесік сыйлаймыз», дейді бәйгенің кәде­сін жариялап.

... Ақын бастаған топ Ыс­тықкөлді жағалап, батысқа қарай беттеп келе жатты.

– Көл шетіне жеттік, көш­ті тоқтатыңдар, соңғы рет Ысты­қ­көліме бетімді бір жуайын, – дейді Мейіз сұлу.

Осы сәтте Сүйінбай ақын оған қарап:

– Мейізжан, жасыма! Айтыс­тың сертін сақтап, біраз жер бірге алып келдім. Аз уақыттың ішінде аспанымда ай ілескендей әсер қалдырдың, мұнан былай менің қырғыздағы бір туған қарындасым болып қал. Жолың болсын, азаттық алған құстай самға, – дейді де, Мейіздің жас тұнған көзінен бір сүйіп, еліне қайтуға рұқсатын береді...

Сұлтанғали ағай бүгінгі лекциясын осымен тәмамдағандай үнсіз қалады.

Сабақ басталғалы бері таң-тамаша әсерде отырған біздің көз алдымызға күміс айдыны жар­­­қырап, күнге шағылысып, жалт-жұлт етіп толқып жатқан Ыс­тық­көлге қарай аттанған сұлу қыз елестейді.

Кенет артқы партада отырған бұйра шаш, ақсары, сырықтай жіңіш­ке жігіт – бізден он жас үл­кен курстасымыз миығынан күліп:

– Ағай, – дейді даусын бүкіл аудиторияға естірте гүжілдеп, – бекер жіберген екен-ау, ә?!

Сүйінбай ақынның дана­лығына тамсанып, көзін жұмып, қиялға батып кеткен Сұлтанғали ағай әуелде оның не туралы, кім туралы айтып отырғанын түсін­бей қалғандай:

– А-а? –дейді селк етіп.

– Мейізді айтамын да, Сүйін­бай ақынға жар болуға лайықты өте сұлу қыз еді ғой!

– Ә-ә, – дейді ағай енді жымиып. – Сенің ырқыңа салса, әрине, жібермес едің-ау!

Біз ду күлеміз.

Осы кезде сыңғырлап қоңы­рау да соғылады.

* * *

...1848 жылдың жазында, қазақ-қырғыз елінің уәкілдері Ыстықкөлдің жағасында бас қосқан ұлы жиында: «Бұдан былай екі елдің бауырластық бесігіне ешкімнің қолы тимесін деген тоқтамға келді», деген Сұлтанғали ағайдың сөзі соңғы кездері ойымызға жиі оралады.

Ауылы аралас, қойы қоралас, бір-біріне түрі де, тілі де ұқсас, ту­ған бауырдай екі елдің татулы­ғына не жетсін, шіркін!..

Нұрғали ОРАЗ,
«Егемен Қазақстан»