Аймақтар • 09 Қаңтар, 2018

Торғай құймақұлақтарының ізі

1373 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Торғайдың қасиеті – даласында, даланың қасиеті – адамдарында. Қысы бораннан көз ашпайтын, жазының ыстығы миыңнан өтетін даланың адамдары да мықты келеді. Аталары даланың боранымен де, желімен де алысып жүріп өмір сүрді. Қызылша мен әулиеден бала біткен баудай түскенде бір үй ғана емес, кейде ауыл босап қалады екен дегенді әжелері айтып отыратын. Қазақта жеңіл өмір болған жоқ. Кейіпкеріміз Орекен Алматов бала кезінде әулиеден аман қалған екен. 

Торғай құймақұлақтарының ізі

Сөйткен қара бала қатарын­дағылардың төбесінен қарай­тындай биік болып өсті. Ірі де­нелі, қайратты, шашы тікірейіп тұ­ратын Орекен ағаның жүзі де Торғайдың ақ таңындай рия­сыз, мейірімге тұнып тұрады. Жас кезінде білім, одан кейін қыз­мет қуып алысқа кетуіне қабілеті жетер еді. Осы жерден кеткісі келмеді, қайда барса да, желі желпіп тұратын ауылына жеткенше асығатын. Жерлесі Шәміл Мұхаметжановтың «Тор­ғайдың ақ шаңы, ақ шаңы Торғайдың – мақтаны, сәл ғана жел тұрса болғаны, көшеде би билеп жатқаны. Аралап ауланы, көшені, құмдарың көшеді, әп-сәтте-ақ тегістеп кетеді, сең жүрген жерлерді кешегі. Бірақ та осыған ғажабы, үйренген Тор­ғайдың қазағы. Қаншама ұйт­қыса шаң-боран, үстіңе жұқ­пайды тозаңы. Кірсе де құлаққа, мұрынға, қасиет осы бір құмында. Қайтады сағынып сол құмды, барғандар Кавказға, Қырымға» деген өлеңі Торғайдың құмындай жұп-жұмсақ, ыстық болып, кө­кейінен кетпейді.

Біз ерте ер жеттік, ақсақал­дарымыздың әңгімесіне ұйыдық, аналарымыздың бейнетін көріп, соны жеңілдетсек, сеніміне жетсек деген арманмен өстік, дейді Орекен ақсақал бүгінде. Ол расында, ат жалын ерте тартып мінді. Балалық шағы соғыс жылдарына тап келген қай баланың қағанағы қарқ, сағанағы сарқ болды дейсіз. Бірақ сол жылдары ауылдың қарасирақтары тек нанға емес, білімге де аш еді. Мең­діғара ауданындағы педа­гогика училищесін 1957 жы­лы үздік бітірген соң, өзінің Торғайына келіп, ауыл мек­теп­терінде мұғалім болады. Сол кезде комсомол, партия қыз­ме­тінде болғандарға қазір түк бітір­мегендей көзқарас бары рас. Кеңес заманын қанша жа­ман­дасақ та, комсомол мен пар­тияның, кәсіподақтың жас­тар тәрбиесінде, қоғамдағы тәртіпті, әлеуметтік теңдікті қалып­тас­тыруда ықпалы болғанын Орекен ағаның замандастары жоққа шығара алмайды. Ізденімпаз, көш­басшылық қабілетке ие Орекенді комсомол, партия қызметіне тартты. Жиырманың ішіндегі жігіт әуелі аудандық комсомол комитетінің хатшысы, одан кейін облыстық комсомол комитетінің шаруашылық бас­қармасы жанындағы комсомол жұмыстарын ұйымдастырушы болып жүргенде істі үйіріп әке­тетін. Ол кезде комсомол жұ­мысынан көзге түскен­дерді партия қызметіне жоғарылататын. О.Алматов та Албарбөгет, Юби­лейный кеңшарларының партия комитетін басқарды. Одан кейін аудандық кәсіподақ, халық­тық бақылау комитет­терінің төр­ағасы, мәдениет бөлі­мінің басшысы болды. Кеңестік дәуірде аудан­дық кеңестің 37 жыл депутаты, тәу­ел­сіздік жылдары аудандық мәс­ли­хаттың депутаты болып сай­ланды.

Ауданда қандай істің божысын ұстасам да, халыққа қызмет еткенімді, адалдықтың ақ жібін атта­мағанымды мақтаныш етсем болады. Бізде басқа ой болмай­тын, тек туған жерге болсын дедік, – дейді Орекен ақсақал. Ке­ңес уақытында да, тәуелсіз Қа­зақстанда да ардагердің еңбегі еленбей қалмады. «Құрмет» орде­німен, көптеген медальдармен марапатталды, Елбасының «Алғыс хатына» ие болды, Жан­келдин ауданының құрметті азаматы да атанды.

– Арқадан қаққанды кім жек көрсін, рахмет. Бірақ басты марапатым – балаларым, немере, шөберелерім, – дейді Орекен аға. Соңғы жылдары денсаулығына байланысты оны балалары Тор­ғай кентінен Арқалық қала­сына көшіріп алған.

– Орекен ағаны Торғайдың тари­хын жадына тоқып, бү­гінге жеткізген құймақұлақ атала­ры­мыздың, халқымыздың салт-дәстүрін, өнерінің, мәдениетінің тарихын бес саусақтай білетін, қазақы мінездің, діліміздің иесі болған жақсылардың ізі деп біледі. Ол кісі қашанда қоғамдық жұмыстардың ортасында жүреді, жұртты сөзіне ұйытады.

Қазір осы «құймақұлақ» де­ген ұғымның көнеріп бара жат­қаны анық. Орекен аға отыр­ған жерде күнделікті күйбең тір­шіліктің тұсауында қалмайды, бұрынғы өткен игі жақсылардан, ақын-жазушылардан, белгілі тұлғалардан қалған әңгімелерді майын тамызып айтып отырады. Қазіргі басқосуда әркім телефонын шұқылап, өз бетімен отыратындарды халқымыздың тарихынан да, өнерінен де, әде­биеті мен мәдениетінен де хабары мол, сөзінен де, ісінен де зиялылық есіп тұратын Орекен ағамыз та­ғы­лымды әңгімесімен бір өз­геше қалыпқа жетелеп кетеді. Қостанай облыстық мәдениет бас­қармасын басқарып отырған Ер­лан Қалмақовтың Фейсбуктегі жазбасы Орекен аға туралы сө­зіміздің дәлелі іспетті. «Əр са­пардың, əрбір істің өзінің берері болады. Кейкі батырдың жерлеу рәсіміне дайындықты түннің бір уағында аяқтап, Тасты ауылында тұратын Қайрат деген азаматтың үйіне қонаға бардық. Бұл үйдің төрінде Торғайдың қазына кеуде ақсақалдарының бірі Орекен Алматов ағамыз да қонақ болып отыр екен. Біздің тапқан олжамыз – ақсақалдың тəлімі мол тамаша əңгімесі болды. Әріптесім Мәжит Шүленов екеумізге өз шежіремізді өзімізге тарқатып, таныстырып берді. Бар шаршағанымызды ұмытып, таным-көкжиегіміз бір кеңейіп қалды. 80-ге келген ақсақалдың зердесіне, əңгімесінің жүйесіне, сөз саптауы­на еріксіз риза болыс­тық...», деп Е.Қалмақовтың ағы­нан жарылуы Орекен ағаға бүгінгі ұр­пақтың берген бағасындай әсер етті.

– Бала кезімізде әке-шешеміз үйдегі кісінің әңгімесін тыңда­сын деп, оның қолына су құй­ғы­затын, табаққа қосатын. Ауыл шалдарының әңгімесін тың­дап, құлаққа құйып өскен ұр­пақ­­пыз ғой. Ал өзім комсомол, пар­­тия қызметінде жүрген кезде қазақтың маңдайына біткен жақсыларының Торғай топы­рағын баспағаны кемде-кем еді. Олардың әңгімесін тыңдау ба­қыты бұйырды маған. Қазақта жаз­байтын, ауыздан ауызға тарайтын әңгімелер желісі болады. Сондай әңгімелерді естігенім де, жадымда сақтағаным да аз емес,–дейді Орекен ақсақал.

Арқалық қаласындағы «Жас ұлан» балалар мен жасөспірімдер орталығы жыл сайын «Ауылым –алтын бесігім!» жобасын жүзеге асырып келеді. Өлкенің тарихы мен халықтық салт-дәстүрді бала­ларға насихаттауда басты кеңесшінің бірі де Орекен Алма­тов. Жанкелдин аудандық ардагерлер кеңесін басқарған уақытта өңірге еңбегі сіңген кісілердің портретін суретшіге салдырып, бір кабинетке іліп қояр еді. Ар­қалыққа келген соң да «шаршадым, шалмын» демеді, жас ұр­паққа керек-ау деген қоғамдық жұмыстың ешқайсысынан сырт қалмады. Жергілікті басылымдарда оқырманға ой салатын мақа­лалары да жиі шығады.

– Кейінгіге үлгі болу, бұрын­ғы өткенді кейінгіге жеткізу, хал­қыңның мұрасын келер ұрпақ­қа қалдыру үлкендердің парызы, ойланатын ісі. Ұрпақ алдындағы ол да бір адалдықтың белгісі, – дей­ді Орекен аға сөз арасында. Ақ­сақалдың сөзі мен ісі екі айырылған емес.

Нәзира ЖӘРІМБЕТ,
«Егемен Қазақстан»

Қостанай облысы,

Арқалық қаласы