№3 Отбасы денсаулық орталығы мемлекет-жекеменшік серіктестігі аясында бой көтерген нысан. Құрылыс жұмыстарын жүргізу мен медициналық жабдықпен жабдықтау үшін жеке кәсіпкер Д.Мырзағалиев 400 млн теңге көлемінде қаражат жұмсаған. Жалпы ауданы 1 140 шаршы метрден тұратын ғимаратта дәрігерлер бір ауысымда 150 адамды қабылдауға қауқарлы. Тұрғындар көп орналасқан ауданда бой көтерген Отбасы орталығы бастапқы медициналық-санитарлық көмектің қолжетімділігін арттыратын болады.
– Орталықта барлық жағдай жасалған. Аталған өңір тұрғындары үшін көрсетілетін көмек сапалы болады деген үміттеміз. Бұл жерде жалпы практикадағы дәрігерлер, терапев, педиатр, акушер-гинекологтар жұмыс істейді, функциялы диагностика кабинеттері бар. Рентген аппараты қойылады. Сонымен қатар болашақта салалық мамандар да қызмет көрсетеді деп жоспарлаудамыз, – дейді орталық директоры Роза Разиева.
Отбасы орталығы – Қарағанды қаласындағы №1 емхананың бесінші филиалы. Бұл жерде 20 мың адамға дейін қызмет көрсетіледі. Қызметкерлерге және келушілерге қолайлы болуы үшін ғимаратта басқа емханаларда қарастырылмаған желдету жүйесі орнатылған.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ерлан Нұрлыбаевтың айтуынша, облыс бойынша бір дәрігерге орташа есеппен 2 мың адам бекітілген. Филиалдарды ірілендіру бұл көрсеткішті 1500 адамға дейін азайтуға мүмкіндік береді екен.
– Міне, тағы да бір медицина орталығы ашылды. Жаңа жылдағы бұл жаңалық тұрғындар үшін қуанышты жағдай. Нысан мемлекет-жекеменшік серіктестігі аясында салынған. Ал, облыс бойынша жалпы 21 әлеуметтік мемлекеттік нысан бой көтерді. Бұл республика бойынша өте жақсы көрсеткіш. Осы арқылы бірнеше жылдар бойы шешімін таппай келген әлеуметтік мәселелерді шешуге мүмкіндік алдық, – дейді аймақ басшысы Е. Қошанов.
Жағдаяттық орталықтың басты міндеті – облыста инсульт ауруына шалдыққандарға көмек көрсетуді ұйымдастыру. Яғни дәрігер науқасқа баратын жедел жәрдем жолға шыққан сәттен бастап, ауруханаға жеткізілгенге дейінгі жағдайды бақылап отырады. Қарағанды облысы бойынша ақпаратты жинауға мүмкіндік беретін арнайы сызба арқылы онлайн режімде жұмыс жасайтын орталықта инсульт типтері бойынша ақпаратты қадағалап, әр күнге мониторинг жүргізіліп отырады.
Ал, 2017 жылдың 1 наурызында 215 орынға арналған Нейрохирургия және неврология орталығы ашылған болатын. Қазір орталықта ангиографиялық қондырғымен операциялық блок жұмыс жасауда. «Philips» фирмасының «Allura Centron» ангиограф аппаратымен тамырішілік, шағын инвазиялық әдістер арқылы инсульт, аневризм, мальформация, стеноз сияқты ауруларға ота эндоваскулярлы түрде жасалады.
Осыдан біраз уақыт бұрын ғана мидағы аневризманы кесіп алып тастап, үш күн өткен соң науқасты ауруханадан шығару деген қиял секілді болатын. Алайда біздің нейрохиругтер үшін мұндай ота жасау «Philips» фирмасының «Allura Centron» жаңа ангиографының арқасында мүмкін болып отыр. Бұл құрылғының көмегімен күрделі қан тамыры ішінде жасалатын операцияларды шағын ғана тілік арқылы жасауға болады. Ол өз кезегінде анағұрлым тезірек сауығуға септігін тигізеді. Сонымен қатар бұл аппарат қан тамырлары ауруларын барынша дәлірек диагностикалауға көмектеседі.
Айта кету керек, медицина орталығында айында инсульт бөлімі мен нейрохирургия және неврология орталығы ашылғалы инсульттің салдарынан қаза болу жайттары азайған.
Науқастарды дерттің алғашқы 40 минутында ауруханаға жеткізу көрсеткіштері де 2016 жылғы 35%-бен салыстырғанда 2017 жылы 85%-ға дейін жоғарылаған. Дәрігерлердің айтуынша инсульт кезінде науқасты аяқ-қол тартылудан сақтап қалуға немесе өмірін арашалап қалуда бірінші сағат – ең маңызды мерзім. – Бұл аппарат бізге 3D режімде болып жатқан барлық жайтты көруге, анағұрлым нақты диагноз қоюға, шұғыл түрде науқасқа қажетті отаны жасауға мүмкіндік береді.
Жаңа ангиографпен жұмыс істеу үшін біздің мамандар Астанада тәжірибеден өтіп қайтты. Қазірдің өзінде біз жоғары технологиялық оталарды жасап жатырмыз. Айта кету керек, шетелдерде мұндай оталар өте қымбат. Себебі, олар шын мәнісінде адамдардың өмірін сақтап қалады. Бұл болашаққа қадам, – деді облыстың бас нейрохирургі Ғабит Махамбаев.
Қарағандылық нейрохирургтер науқастардың өмірін бұрынғыдан да көбірек арашалап қалуға мүмкіндік алып отыр.
Мирас АСАН,
«Егемен Қазақстан»
Қарағанды