Аймақтар • 11 Қаңтар, 2018

Президент еңбегі – мемлекет танытушы құрал

529 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қазақстан Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты мен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті бірлесе отырып, университет кітапханасына белгілі қоғам қайраткерлерін, саясаттанушылар мен әлеуметтанушыларды және университет ұстаздары мен студенттерді Н.Назарбаевтың «Тәуелсіздік дәуірі» атты жаңа кітабын талдауға арнаған «Адами капиталдың жаңа сапасы» атты дөңгелек үстелге шақырды.

Президент еңбегі – мемлекет танытушы құрал

Жиынды кіріспе сөзбен ашқан ҚазҰУ ректоры, академик Ғалымқайыр Мұтанов ел үшін ең маңызды құндылыққа айнал­ған тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы қиындықтар мен қалыптасу кезеңіне аз-кем шолу жасаған соң, әріптестеріне «оны әрі қарай қалай дамытып, сақтап қала­мыз?» деген ойдың төңірегінде талқы­лауға ұсыныс білдірді. 

Елбасы еңбегін дөңгелек үстел басында талқылауға ұйытқы болып, кітап тарау­ларын түрлі тақырыптағы баяндамалар негізінде тарқатуға мүмкіндік берген Стратегиялық зерттеулер институтының басшысы университет алаңындағы әңгіменің саяси маңызына тоқталды. Институт директоры Зарема Шәукенова ескі жүйенің күйреп, жаңа сая­си мәселелер туындай бастаған кездегі мемлекет құрудың аса күрделі де жасампаз процесс екенін сол уақыттағы оқиғалардың тізбегі негізінде баяндады. Кітапқа ден қойып, терең пайымдап оқыған адам үшін бұл –  еліміз тәуелсіздігінің ширек ғасырлық деректі тарихы. Тарихтың жаңа сатысына аяқ басу үшін қоғамдық сананы өзгерте отырып, қалыптасқан жаңа жаһандық ахуал жағдайында жаңғыруды қолға алып, әлемдегі ең дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосылу ел мақсатына айналды.

Философия, саясаттану және дінтану институтының директоры Ақан Бижа­новтың «Тәуелсіздік дәуірінің сабақтары» атты баян­дамасы Елбасының жаңа еңбегінің өзіне тән ерекшеліктерін екшеп беруімен назар аудартты. Бұл кітаптан еліміздің жаңа тарихы мен оның ертеңіне деген автордың көзқарасын айқын тануға болады. Егемен мемлекеттің негізі қаланған күннен бастап оның қалыптасу кезеңдерінің ерекшеліктері мен 26 жылдық тәуелсіздік дәуіріндегі ішкі және сыртқы қиын кезеңдерді еңсеруге байланысты қабылданған шешімдердің мән-мазмұны мен тетіктері егжей-тегжейлі баяндалады. Кітапта «қазақстандық даму үлгісінің» табиғаты мен оның эволюциясы, басты ұстанымдары мен қозғаушы күштері сараланған.

Қазақстанды жаңғыртудың үш толқыны кеңінен ашып көрсетілген. Бірін­ші және екінші жаңғырту аясында тота­литарлық жүйеден түбегейлі ажырап, на­рық­тық экономиканы құру және бәсекеге барын­ша қабілетті елу елдің қатарына қосылу міндеті мерзімінен бұрын орындалды.

М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер инс­титутының директоры Уәлихан Қали­жанның «Шындықтың қозғаушы күші» тақырыбындағы баяндамасы Елба­сының соңғы Жолдауымен сабақтас шық­ты. «Дамудың 10 басты бағыттарын айқын­дай отырып, Н.Назарбаев еліміздегі 4-ші өнер­кәсіп­тік революцияны жүзеге асыруды, әлемдегі аса дамыған 30 елдің қатарына енуді ұлттық міндет ретінде қарастырып отыр. 2017 жылы еліміз әлемдік дағдарыстың қолайсыз салдарын еңсеріп, сенімді өсу жолына қайта түсті. Жыл қорытындысы бо­йынша ішкі жалпы өнімнің өсуі 4 пайыз, ал өнеркәсіптің өсуі 7 пайыз болды, деді Елбасы Жолдауында. Осының бәрі тәуелсіздіктің арқасында іске асып жатқанын қаперден шығармауымыз керек», деді У.Қалижан. 

Қаламгер ғалымның пікірінше, жаңа ғана жарыққа шыққан Президенттің ой-толғау кітабының бес тілге аударылу себебі де кез­дейсоқ емес. Өйткені тәуелсіздікті жария­лау бір басқа да, оны посткеңестік жүйе үйін­ділерінен аршып алып, ел игілігіне қолданып қана қоймай, өзгеге үлгі ету тіпті басқа. Сол кезеңнің шежіресін тарих бетінде таңбалау жауапкершілігін мойнына артқан байырғы баспасөз қызметкері ретінде Президенттің Семей полигонын жауып, нарықтық экономика құрған еңбегін, теңгенің өмірге келуін орайлы сәтте жеткізуді жөн көрді. «Өскеменде кездесу болып жатты. Теңге енді айналымға түсіп жатқан сәт еді. Сол кезде алпысты алқымдап қалған атпал азаматтардың бірі: «Президент мырза, біздің ақша қол бола ма? Теңге деген қазақта сөз бар ма еді?» деді. Президент жымия күліп былай деді: «Айман-Шолпан» жырында «Базарда теңге болсаң пұл боларсың» деген сөзі бар емес пе? Теңге қазақтың сөзі болмаса, эпостық жырда айтылар ма еді?» деп жауап берді. Орыстілді қазақ азаматы топ ішінен шығып кетті. Ұялғанынан...», деп тәуелсіздіктің алғашқы қалыптасу жылдарындағы өзі куәсі болған оқиғаны еске алды.

Дөңгелек үстелге қатысып, публицис­тикалық пайыммен жазылған кітапқа орай ортақ ой білдіргендердің пікірі бір арнада тоғысты. «Тәуелсіздік дәуірі» еңбегі – ел танытушы құрал. Мемлекет басшысы сол кездегі оқиғалар мен шешімдерді кемел ойы­мен қабылдап, келешекке жетудің сара жолын қателеспей табуы – ол үлкен еңбек. Бұл – жалпы ізденімпаз оқырман, көзіқарақты азаматтар үшін еліміздің жарқын болашағына бағдар беретін нағыз қажетті оқулық.

Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ