«Елбасы Н.Назарбаев Қазақстан халқына Жолдауында мемлекет үшін әлеуметтік саясаттың басымдықтары оның ішінде негізгі бағыттарының бірі адами капиталды дамыту екендігін тағы да қадап айтты. Мемлекет басшысының тапсырмасына орай биыл республикалық бюджеттің әлеуметтік салаға бөлінетін шығыны 12 пайызға артып, 4 трлн теңгеден асатын болады. Елбасының биылғы Жолдауын ескере отырып, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әлеуметтік қамсыздандыру және еңбек саласын дамыту бойынша алдыға нақты міндеттер қойып отыр», деді вице-министр.
Биылғы Жолдауда Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Еңбек және xалықты әлеуметтік қорғау министрлігінің жұмысын сынға алғаны белгілі.
«Президент өз Жолдауында министрліктің жұмысын қатты сынға алды. Біз ол сынды толығымен мойындаймыз. Ол сөздердің негізі бар», деді Еңбек және xалықты әлеуметтік қорғау вице-министрі С. Жақыпова.
Министрліктің мәліметіне сәйкес, республика бойынша 940 мың адам өзін-өзі жұмыспен қамтып, пайда тауып жүр. Олардың барлығы бюджетке ешқандай төлемдер жасамайды. Зейнетақы қорына да ақша аудармайды. «Демек, ол адамдар болашақта зейнетақыға қалай шығатындарына мән бермейді. Әлеуметтік сақтандыру қорына да ақша төлемейді. Ондай адамдар ертең еңбекке жарамсыз болып қаламын, бала көтеремін деген мәселелерді ойлануы керек», деді С.Жақыпова.
Оның айтуынша, қазіргі кезде осы санаттағы азаматтарды анықтау және тіркеу жұмыстарымен мемлекеттік кірістер департаменттері айналысып жатыр.
«Бұдан бөлек, 178 мың адам өздерін жеке кәсіпкер деп таныстырған. Алайда олардың барлығы тиісті мемлекеттік органдарда тіркелмеген болып шықты. Сонда олар кәсіпкерлікпен айналысса да, өзін-өзі жұмыспен қамтып жүргендер сияқты бюджетке ешқандай салық төлемейді, зейнетақы мен әлеуметтік қорға ақша аудармайды. Демек, Қазақстанда барлығы 1 млн-нан астам адам өз кәсібін заңдастыруы қажет», деді ол.
Елбасы Жолдауда «Бірыңғай электронды еңбек биржасын кең ауқымда енгізу қажет. Онда бос жұмыс орындары мен жұмыс іздеушілер туралы барлық ақпарат жинақталуға тиіс» екенін айтқан болатын. Вице-министр жүктелген міндетті жүйелі атқару үшін тиісті жұмыстар атқарылатынын жеткізді.
«Елбасы электронды еңбек биржасы туралы заңды 2018 жылғы 1 сәуірге дейін қабылдау қажеттігін тапсырды. Біз қазірдің өзінде осы тапсырма төңірегінде жұмыс істеп жатырмыз», деді С.Жақыпова.
Рауан ҚАЙДАР,
«Егемен Қазақстан»