Баспадан таяуда ғана шығып тұсауы кесілген «Тәуелсіздік дәуірі» атты жаңа кітабының алғысөзін Нұрсұлтан Әбішұлы өзіне демеу болған халқына алғыс айтудан бастауы тектен-тек емес. Өз қазақстандық жолымен келешекке сенімді қадам басып бара жатқан халқы сын сағатында өзіне сүйеу болғанын жадынан шығармай дәуір туралы толғанысын арнайы арнап, тарту еткенін көпшілік те кішіпейіл мінезіне балап жатыр. Президент Н.Назарбаев бұл еңбегінде Қазақстан тәуелсіздігінің өзіндік қалыптасу жолын, адамзат дамуының жаңа ширегіне жаңа сипаттағы дербес мемлекеттің келіп қосылу кезеңін егжей-тегжейлі баяндаған. Құнды еңбек тек саяси мәселелерге ғана емес, барлық қоғамдық іргелі салаларға арналып, соның ішінде рухани сараптамаларымен де кеңінен тоқталады.
Әлі есімізде, үміт пен үрей алмасқан кезеңде алдымызда ауыр күндердің күтіп тұрғанын ол жасырған жоқ. Ауызбіршілік, сабыр мен сенім, ынтымақ пен бірлік болса, түбі бұл қиындықты да еңсеретінімізді айтып, дем берді. Сол бір алмағайып кезде ғылыммен айналысып жүрген айтулы ғалымдарымыз, жоғары оқу орындарының ұстаздары, мәдениет ошақтарында жұмыс істейтін білікті мамандар кәсібиліктерін күнкөрістің қамына жеңдіруге мәжбүр болды. Өнер деген ұғым құнын жоғалтып, бір-ақ сәтте қадірсіз болып қалды. Биік мәдениетіміздің мұңайған жүзі ұзақ жылдарға дейін жадырай алмады. Қастерлі құндылықтарымыз базарға баратын ала дорбалардың ішінде бұлқынып, тұншығып кете барды...
Осындай көріністерімен есте қалған кешегі күннің қиындықтары «Тәуелсіздік дәуірінде» салмақпен сараланып қоймай, тәуелсіздіктің алғашқы онжылдығындағы күрделі ішкі және сыртқы қауіптерге жауап ретінде шешім қабылдаудың ішкі қисыны мен саяси еркіндіктің маңызды факторларының нақты мысалдары келтірілген. Парасатты пайыммен өрілген еңбегінде Елбасымыз тәуелсіз мемлекеттің жүріп өткен жолдарына, мемлекет құрылысының маңызды кезеңдеріне тереңнен талдау жасай отырып, осы уақыт аралығында дүниеге келіп, өсіп келе жатқан ойы еркін, пікірі ашық бүгінгі жастардың өткен тарихты білгенін, бағалағанын қалайтынын аңғартады. Жас буын сіңіруі тиіс басты сабақ: «кез келген қолайсыз үрдістердің, кез келген жағымсыз болжамдардың бетін қайтарып, өршіл де биік мақсаттарға жетуге болады. Жетістіктің кепілі – үздіксіз алға ұмтылу» екенін қаперіне салады.
Тарихтың өткен жолын таразылап, 26 жылдық кезеңге бүгінгі күн тұрғысынан баға беруді Нұрсұлтан Назарбаев келешекке қадам жасаудағы кең ауқымдағы іргелі жұмысының қоғамдық сананы жаңғырту міндетімен бірге өзара қатар тұжырымдады. Президент жаңғыртудың басты талабы ретінде дәстүрлі және заманауи өнеріміздің бірегей туындыларынан жарқын көрініс беретін «өз мәдениетімізді, өз ұлттық кодымызды сақтауды» атады. Біздің міндетіміз – Президент бағдарламасындағы «Жаһандық дәуірдегі заманауи қазақстандық мәдениетті» орындау жолында нақты қадамдарды атқару. Атқару жолында алдыңғы шептен көріну үшін бұрынғы сана мен ойлау моделін сақтап қалудың ендігі жерде мүмкін емес екенін, қарқынды дамып бара жатқан дәуіріміздің озық мүмкіндіктеріне қарай бейімделуіміздің қажеттілігін ұғындық. Бұлай етпесек, әлемдік мәдени және экономикалық брендтер арасындағы халықаралық бәсекелестікке төтеп бере алмаймыз. Бұл бағдарламадағы басымдықтардың бірі Қазақстан мәдениетін әлемдік үдерісте қарастыру. Өйткені ұлттың руханилығы, философиясы мәдениет арқылы көрініс табады. Көркем шығарманың тілі шекара дегеннің не екенін білмейтін шексіз мүмкіндікке ие маңызды құндылық, қандай ұлт болғанына қарамастан, жүрегімен жымдасып, түсінікті бола кететіні де сол артықшылығынан болар.
Заманауи жаһандық әлемде мәдениет қана ұлттық тілдің, келбеттің, дәстүрдің өзіне ғана тән жан-жақты бірегейлігін сақтауға мүмкіндік береді. Өнер мен мәдениет адамзат қауымдастығының тиімді дамуына жол ашатын рухани құндылықты жинақтап, оң идеялармен түрлендіреді. Мәдениет деген – көптеген факторларға тәуелді тірі ағза. Сондықтан мемлекеттің мәдени саясатының басты өзегі мен арқауы формальды (сыртқы) және идеялық (ішкі) мазмұн арасындағы дилемма болып қала береді. Сыртқы қалып ішкі мазмұнмен толығады, ал мазмұн сыртқы пішінді өзгертеді. Біздің мәдениетіміздің шешілуі күрделі осал жақтарын оң дамуға бастайтын бел омыртқасын мықты тіреуге айналдыруымызға болады және солай жасау керек екені өткір сезіліп отыр.
Президент белгілеген басты бағыттың бірі, мәдениет пен өнердің оқу және ғылыми кеңістігін дамыту, ақпараттық және мәдениет саласындағы коммуникациялық технологияларды кеңінен пайдалану болып табылады. Бұл ұстаным тұтас ұлтқа серпін берген Президенттің халыққа жасаған жаңа Жолдауында да ұғынықты айтылды. Елбасы Н.Назарбаев Жетінші міндетте – «Адами капитал – жаңғырудың негізі» деп «Білім берудің жаңа сапасы» туралы «Барлық жастағы азаматтарды қамтитын білім беру ісінде өзіміздің озық жүйемізді құруды жеделдету қажет», деп өте жақсы көрсетті. Біз жоғары оқу орны ретінде білім беру бағдарламаларының негізгі басымдығы өзгерістерге үнемі бейім болу және жаңа білімді меңгеру қабілетін дамытуға тиіспіз. Қазіргі әлемде болып жатқан білім беру саласындағы өзгерістер дер кезінде бағдарлап, жаңа білімді меңгеруге әр оқытушы мен профессорлардың өзгерулерін талап етеді. Бұл ағылшын және басқа да шетел тілдерін жақсы білумен, халықаралық деңгейдегі кәсіби біліктіліктерінің сапасын көтерумен байланысты. Адами капиталды танудың AQSI, Блум таксономиясы, құзыреттілік тәсілі, CLIL тәрізді танымдық-когнитивтік ғылыми әдіснамасы мен әдістемелері толықтырылып, білім беру саласында кеңінен қолдануды қажет етіп отыр. Біздің Өнер академиясы студенттерді ғылыми-зерттеу саласына және өндірістік-технологиялық ортаға сәйкес дайындауды көздеп, инновациялық технологиялар паркіндегі жобаларға қатыстыруда.
Бибігүл НҮСІПЖАНОВА,
Т.Жүргенов атындағы Ұлттық өнер академиясының ректоры,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері