Қазақстан • 12 Қаңтар, 2018

Масылдық әу басқы тәрбиеден

479 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазақтың басты дәмі – ет. Бүгінде ет культі жүріп тұр.

Масылдық әу басқы тәрбиеден

Теледидардан түймесін басып қал­саңыз Тұрсынбек Қабатов сайрап тұрады.

– Ет дегенде бет бар ма? – деп.

Әншілеріміз де қалыспауда. Роза қа­рындасымыз бешбармақ деп әуе­ле­тіп, қыздырманың қызыл тілін қыз­ды­рып жүр...

Қазір той-томалақ көп. Бара қалсаң аса­бамыз той ортасында бәрін тоқ­та­тып қойып, ет деп жарапазандай­ды. Оның салтанаты жанында ел­ұра­нымыз жіп есе алмайды. Дая­шы­ла­рымыз елді бес-алты рет айналып еттабақтарды орнына әзер қояды-ау...Еттабаққа үңілсең мүше тұрсын, сы­нық сүйек таппайсыз.

Бұл қалай дейсіз еріксіз. Мүше болу­шы еді ғой дейсіз іштен.

Бас табақта ғана бас жүреді. Қалға­ны мақұрым.

Сол басты ұстайтын адам жоқ. Кө­пей шалы бар, қаба шалы бар бір-бі­ріне сырғытады. Ұстаса құйқасынан бір тіліп жейді де жанындағысына жыл­жыта салады.

Бастың мәселесі тәрбиесінде. Оны етінен, құйқасынан, миынан ажырату керек. Ажыратып қоймай оны мүшелеу керек.
Бас ұстаған бата қайырған.

Басқа өкпе жүрмеген.

Ертеде Арқа елінде атақты Қара­кес­ек Жарылғап батырдың баласы Қырбас батыр Тобықтыдағы бір асқа барады. Сол аста бата қайыру жолы Қырбастікі бола тұра еттабақта бас болмапты. Жылдардың жылында, күндердің күнінде тағы да Тобықты елінде үлкен ас болыпты. Оған Қырбастың би баласы Бәйсейіт те барыпты. Сонда жолы келіп тұрмаса да Бәй­сейіт бас ұстапты. Сонда Бәйсейіт:

– Шап Қырекеңе! Батасын алып келіңдер! – депті.

Бас үшін бас шабыспағанымызды осыдан-ақ көруге болады.

Ал Бәшекеңнің істеп отырғаны бастың қадірін тағы бір мәрте ел есіне салғандық.

Мүшенің жөні атымен бөлек. Қазақтың еті мүшесіз болмайды. Мү­ше­сі келіспесе ол ет емес. Онда ол – дәм. Қазақ дәмге қараңыз десе «ба­ры­на қанағат қылыңыз» дегені. Дәм­нің өлі ет болуы мүмкін. Дәмде бас болмауы мүмкін.

Ет турамай тұрып мүше таратады. Мүшенің қадірлісі жамбас. 

Сол таратыста мүлт кетсеңіз болды өкпе басталып кетеді. Өйткені дұрыс таратылмаған мүше сүйекке түскен таңба деп қарастырылған.
Бұрындары бүгінгідей өзімен бірге ет орап алып кету деген болмаған. Ал бұй­ырған мүшесін алып кету сөкет есеп­телмеген. Өйткені мүше ұстаған адам­ның сүйекті әбден ақсөңке қылып мү­жуі үй иесіне деген құрметі деп тү­сі­­нілген.

Ауылдың көпей шалдары қайда барса да немерелерін тастамайды.

Сол мұрынбоқтарын алдына алып:

– Тұқылына дейін мүжіңдер, әйелдерің әдемі болады – дейді.

Мұндайда балаларда жан қала ма, әпіл-тәпіл ақсөңке қылып шығарады.

Сөйтіп немерелеріне сіңір жегізеді. Ал сіңірде фосфор мен кальций көп болады.

Табиғат нәрлісін, құнарлысын қашанда тасада ұстаған ғой. Соны біздің шалдар білген. Білгені сол енді олар сүйекті шағып, майын жегізеді.
Баяғының серілері қызға сөз салғанда:

– Сені жілік майымен асыраймын, – демеуші ме еді.

Ұрпағының ертеңгісін ойлағаннан солай деп отыр.

Ет желінген, сорпа ішілген. Сүйек мүжілген. Жоқ, шалдар тарамайды. Енді шағылған сүйектерді алып кеміре бастайды. Жіліктің майлы басы сөйтіп жұтылып жатады.

Ең соңында сүйектен дым да қалмайды.

Есесіне ұрпағы аман. 

Ой жағынан да.

Дене жағынан да.

Есесіне ұрпағы масыл емес.

Ой жағынан да.

Дене жағынан да.

Төрехан МАЙБАС,
этнограф-жазушы

ҚАРАҒАНДЫ