Сол тұста Германияға іссапармен бара қалған бір топ қазақстандық журналист әр нәрсені қызықтайтын әуестікпен Берлиндегі пәтерлердің бағасын сұрастырып көрген едік. Мұнда да үш бөлмелі қалыпты пәтерлерді 170-200 мың долларға сатып алуға болатындығын естігенімізде, «Ойпырмай, біздің жас Астанамыздың инвестициялық тартымдылығы көпті көрген кәрі Берлинмен теңесіп қалған екен ғой» деп өзімізше дүрілдегеніміз есімізде қалыпты.
Содан соң болып өткен девальвациялардан кейін Қазақстанның ірі қалаларында тұрғын үй нарығында қалыптасқан көбік жарылды да, баға бірте-бірте орнына келе бастады. Әйтеуір соңғы бір-екі жылдың бедерінде, әлемдік нарықтағы мұнай бағасы құлдырағаннан кейін, Қазақстандағы тұрғын үй бағаларында бәлендей ауытқушылық сезілмейтін болды. Рас, долларға шаққанда бағаның құлдырауы сезілгенімен, теңгеге шаққанда ол орында қалды. Бұған бір есептен Астана, Алматы, Шымкент секілді ірі қалаларда әртүрлі бағдарламалар нәтижесінде (ЭКСПО-ның салынуы, Қысқы Олимпиаданың өткізілуі, «Нұрлы жер» бағдарламасының іске қосылуы, арендалық тұрғын үйлердің салынуы, тағы басқалар) тұрғын үй құрылысының қарқын алуы да ықпал етіп отырған секілді.
Жаңа басталған 2018 жылы еліміздің ірі қалаларында тұрғын үй нарығындағы жағдай қалай қалыптаспақ? Баға қалай қарай бет алмақ? Осыны білмек болып біраз деректерді сараптан өткізіп байқадық. Жылжымайтын мүлік нарығындағы мамандардың пікірімен таныстық. Дамыған елдердің ірі қалаларындағы пәтерлер бағаларын да интернет арқылы шолып өттік.
Дәл қазір Берлиндегі пәтерлер бағасы қандай екен деген сауал қызықтырған еді. Бұл жөніндегі соңғы баға сараптамалары Берлиндегі жаңа салынған қалыпты пәтерлердің әр шаршы метрі орта есеппен 2700 еуроның, ал қайталама нарықтағы, яғни пайдаланылған пәтерлердегі шаршы метр құны 1700 еуроның айналасында екендігін көрсетті. Бұл көрсеткіштердің қай-қайсысы болмасын Астана мен Алматы бағаларынан екі еседей артық.
Ал Лондондағы жаңа пәтерлердің шаршы метрінің құны 10000-12000, Парижде 6000-7000, Мәскеуде 3500-4500 еуро екен. Сонда Еуропадағы ең тәубесіне қараған баға Германия астанасы Берлинде болып шықты.
Ал енді Қазақстан жағдайына келсек, сарапшылардың айтуы бойынша, 2017 жылы Астанада салынған жаңа тұрғын үйлердің әр шаршы метрінің бағасы 318 мың теңге деңгейінде тұрақтаныпты. Алматыдағы баға 430-450 мың теңге аралығында ауытқып барып, жыл соңында 438 мың теңгені құраған.
Қайталама тұрғын үй нарығындағы баға екі қалада да 5-8 пайызға, кейбір өңірлерде 10-11 пайызға төмендеген.
Қазақстан риэлторлары бірлескен ассоциациясының президенті Елена Грива 2018 жылы жылжымайтын мүлік нарығында бәлендей баға өзгерісі бола қоймайды деп есептейді.
«Соңғы бірнеше жылдан бері бағаның маусымдық ауытқуы болған жоқ. Баға құбылысы, әдетте, сұраныстағы экономикалық факторларға тәуелді болып келеді. Егер осындай факторлардың қазіргі ағымдарына талдау жасайтын болсақ, 2018 жылы да бағада сондай бір өзгерістер бола қоймайтындығын байқаймыз. Мәселен, Алматы қаласында біздің болжамымыз бойынша баға былтырғы деңгейде қалады немесе аздаған өсу ағымы байқалатын болады. Себебі қалада сатып алушылардың белгілі бір мөлшердегі пулы қалыптасып отыр. Оны былтырғы жылы пәтер сатып алуды сақтану мақсатында кейінге шегерген адамдар құрап отыр. Міне, осы пулдың қалыптасуы нәтижесінде биыл да мегаполисте сату-сатып алу келісімдерін жасаушылар саны аз болмайды. Ал елорда жағдайына келетін болсақ, мұнда «Астана» халықаралық қаржы орталығының іске кірісуі қаладағы жылжымайтын мүлік нарығының қозғалысына оң сипат беретін болады», дейді Елена Грива.
Қазақстан риэлторлары бірлескен ассоциациясының вице-президенті Нина Лукьяненконың пікірі бойынша да жылжымайтын мүлік нарығындағы баға былтырғы деңгейден көп ауытқи қоймайды. Оған осы нарықта жаңа мемлекеттік бағдарламалардың іске қосылуы ықпал ететін болады.
«Қазақстанда 2017 жылдың қаңтар-қараша айларындағы тұрғын үй нарығында жасалған келісімдер оның алдындағы жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 28,6 пайызға өсе түсті. Мұның өзі халықтың сатып алу қабілетінің артқандығын білдіре ме? Менің ойымша, олай емес. Келісімдер санының өсуінің бірінші себебі – өзінің тұрғын жағдайын жақсартқысы келетіндер көңілінің мазасыздықтан арылып, сенімге қайта ие болуы. Өйткені осы уақытқа дейін көптеген адамдар валюта бағамындағы өзгерістерді іштей бақылап, пәтер мен үйге қаражат салудан іркілісте болды. Енді олар баға тұрақтылығын байқап, іске неғұрлым белсендірек кірісе бастады», дейді ол.
Нина Лукьяненконың пікірінше, жылжымайтын мүлік нарығындағы сұраныс жоғары деңгейде болады. Бірақ бұл сұраныстағы төлем қабілетінің жоғары болуы неғұрлым маңыздырақ. Жылжымайтын мүлік нарығында елеулі қозғалыстың шынайы түрде қайта күшейгендігіне сонда ғана көз жеткізуге болады екен.
«Жалпы, ел бойынша тұрғын үй нарығына талдау жасайтын болсақ, ондағы жасалынған келісімдердің 70 пайызы пәтерлер үлесіне тиеді. Алматы мен Астанада бұл көрсеткіш едәуір жоғары. Астанада келісімдердің 95 пайызы, Алматыда 85 пайызы пәтерлердің үлесінде, қалғаны жеке тұрғын үйлерге тиесілі. Ал Қызылорда мен Солтүстік Қазақстан облыстарында керісінше. Бұларда жасалған келісімдердің 30-40 пайызын пәтерлер саудасы, қалған басым бөлігін жеке тұрғын үйлер құрайды», дейді Нина Лукьяненко.
Сарапшы тұрғын үй нарығында баға өзгерісінің бола қоймайтындығына сенімді. Оның айтуынша, мұнайдың әсерімен шарықтаған баға қазір қалпына келіп үлгірді. Дегенмен бұрынғы бағаны көксеп, өз пәтерлерін тым қымбатқа бағалап отырғандар әлі де бар. Міне, сондай адамдарға баға құлдырап бара жатқандай көрінуі мүмкін.
«Негізінде 2017 жылғы баға мөлшері 2018 жылы да сақталатын болады. Бұл нарыққа біраз қозғалыс әкеледі. Пәтер мен үй сатып алушылар көбейе түседі. Бірақ баға енді осыдан бірнеше жыл бұрынғыдай шарықтап көтеріле алмайды. Өйткені халықты тұрғын үймен қамту бағытында іске қосылған түрлі мемлекеттік бағдарламалар нәтижесінде тұрғын үй нарығындағы ұсыныс сұранысқа жауап бере алатын болады», дейді сарапшылар.
Сұңғат ӘЛІПБАЙ,
«Егемен Қазақстан»