Қазақстан • 15 Қаңтар, 2018

Өтемақыны өзімізге өзіміз төлейміз бе?

355 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Бізге Қостанай облысының Жангелдин ауданында тұратын бір топ тұрғынның Ресей зымы­ран­дарының қалдықтары құлай­тын аумақ үшін Торғай өңірі­н­ен жер бөлуге қарсылық білдір­­ген хаттары келіп түсті. 

Өтемақыны өзімізге өзіміз төлейміз бе?

Автор­­лар бұған дейін осы маз­мұн­да­ғы хат­ты Қорғаныс және аэро­ғарыш өнеркәсібі ми­нистрі Б.Атам­құловқа да жол­даған екен. Алай­да олар министр­ліктен келген жауаптың өздерін қанағат­тан­дыр­майтынын мәлім­дейді. Нақ­тырақ айтқанда, министрдің жауабында көрсетілген «жерді жалға бермейміз», «бұл ақша Ресей үшін емес», «ауданға бөлі­н­е­тін 152 млн теңге қазынадан емес, ғарышқа жауапты «Бәйте­рек» компаниясының қар­жы­сы­нан алынады» деген уәж­дер­­дің шындыққа жанасымды екеніне күмән келтіреді. Олар: «егер жер жалға берілмесе, 152 млн теңгенің ауданға не үшін төле­нетінін» түсінбей отыр­ған­дарын алға тартады. Себебі жауап хатта ақшаның неге берілетіні шынымен ашып айтылмаған көрінеді.

«Сонымен қатар «Бәйтерек» Қазақстан­ның компаниясы болса, жерімізге құлайтын Ресейдің зымырандары үшін төлемді де өзіміз төлеп отырған болып шықпаймыз ба? Тіпті, бұл ақша өтемақы болған күнде де, оны өзіміздің өзімізге төлеуіміз қай қисынға жатады, мұның қай жағы жалға берілген болмақ?» деп жазады хат авторлары.

Торғайлық азаматтар министр Б.Атамқұ­лов­­тың тәуелсіздік алғалы бері Байқоңырды жалға алғаны үшін Ресейдің 880 млрд теңге төлегенін ауыз толтырып айтқанына көңілдері тол­май­тынын білдіріп, бұл сома­ның Қазақстанның жылдық бюд­жетінің 10 пайызын ғана құрай­тынын еске салады. Хат авторлары бұдан әрі «бізде кей жылдары бюджеттің тапшылығы 500 млрд теңге шамалас болып жатады. Сонда бұл біздің қазынамыздың бір жылдық олқы тұсын ғана жабуға жарайды екен. Ал 880 млрд теңгені 25 жылға шақ­сақ, бір жылдық алашағымыз не­бары 30 млрд теңге ғана болып шы­ғады. Ендеше бұл қаржы Бай­қоңыр ғарыш айлағына жақын орна­ласқан елді мекендер мен зымыран қалдықтары құлайтын аумақтағы ауылдардың шеккен залал-зардаптарының өтеуі бола ала ма?», деген сауал тастайды.

Тағы бір айтарлығы, Қостанай облысынан осы жолы да жер бөлінеді деп отырған Жангелдин ауданының аумағына бұған дейін де талай мәрте зымыран бөлшектері құлап келген. Нақты айтқанда, Ақтөбе облысымен шекаралас Ақшығанақ ауылы­ның маңындағы 46 мың гектар ал­қап ұзақ жылдар бойы осы мақсат­қа пайдаланылған. Оларға күні бү­гінге дейін ешқандай ақша төлен­беген. Зымыран құлау аумағына енді қосымша кіргелі тұрған Ақкөл және Қарасу аудан­дарының тұрғындары мына хабар­дан кейін құлақтарын айрық­ша түріп отыр.

Хатты жолдаушылар бұған қоса, министр Б.Атамқұлов кел­­­г­енде, аудан ардагерлерінің жоға­­­рыда айтылған аудан үшін қосым­ша бөлінетін 152 млн теңге, Ақкөл және Қарасу ауыл­дарына жәрдем үшін «жедел» беріліп, су құбыры тартылатыны үшін келісім беріп, «құлап түскендерін» айта отырып, күні ертең полигонның миллиардтаған теңгелік зиян келтірмейтініне кімнің кепіл бола алатынын сұрайды.

Біз осы хаттың негізінде Премьер-Министр Бақытжан Сағын­таевтың атына де­пу­таттық сауал жолдап, бұл мәселенің біз­ді де толғандыратынын, осыған қатысты бір­қ­атар жайттардың өзімізге де толық мәлім емес екенін айттық. Сондықтан Торғай өңірі  өкілдері алға тартып отыр­ған осы өзекті мәселеге орай жан-жақты түсін­ді­рілген жауап беруін күтеміз.

Мұрат БАҚТИЯРҰЛЫ,

Сенат депутаты

Соңғы жаңалықтар

Оқырман ойы: Игі істің дәнекері

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:40

«Egemen Qazaqstan» қалашығы

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:35

«Етжеңді» жобасы қалай өмірге келді?

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:30

Халық аңсаған хаттар

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:25

Қара шаңырақтың қасиеті

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:20