Қазақстан жоғары оқу орындарының көшбасшысы болып отырған әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті қоғамдастығы мүшелері Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауын еліміздің одан әрі жаңғыруы бойынша жүйелі шараларды айқындап берген бірегей бағдарлама ретінде үлкен құлшыныспен және ықыласпен қабыл алды.
Университет ұжымы Жолдауды талқылап, Мемлекет басшысы белгілеген негізгі басымдықтарды назарға ала отырып, цифрлы экономика жағдайындағы адами капиталдың қалыптасуына бағытталған шешуші қадамдарды бағдарлады.
Жиынды ашқан университет ректоры, академик Ғалымқайыр Мұтанов Жолдау алдағы қызметте және дамудың жаңа мүмкіндіктерін іздестіруде маңызды нұсқаулық болып табылатындығын атап өтті. «Университеттер адами капиталдың қалыптасуындағы маңызды субъектілер ретінде оның жаңа сапасын қамтамасыз етуі керек және қазақстандық қоғам жаңғыруының қозғаушы күшіне айналуы тиіс», деді ол. Сондықтан да осы маңызды міндетті сезіне отырып, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ «Al-Farabi University smart city» жобасы аясында 4.0 университет – жаңа ұрпақ университетінің үлгісін жүзеге асыруда.
Ғалымқайыр Мұтанов өз баяндамасында «Қазіргі заман талабының тренді – индустрияландыру, жаңа озық технологияларды енгізудің көшбасшысына айналу талаптарына басымдық берілуі құжаттың ерекше маңызын айқындайды. Индустрияландыру процесінің жаңа технологиялық қалыптың барлық мүмкіндіктерін пайдалана отырып, мейлінше инновациялық сипатқа негізделуі мақсат етілді» дей келе, университет ішіндегі жаңа технологиялық жетістіктерді мысал етті.
Аталған 4.0 университет үлгісі Президент Жолдауында қойылған тапсырмаларға толықтай жауап береді. ҚазҰУ алғаш рет ТМД көлемінде «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында цифрлы университет үлгісін жасады және жоғары оқу орындары қызметін автоматтандыруда бұлттық технологияларды, кампус инфрақұрылымын басқаруда Smart технологияларды әрі талдамалы жүйе қалыптастыру үшін Big Data технологияларын енгізді. Бағдарламалық жасақтаманың ірі өндірушісі – «Microsoft» компаниясының жоғары білім берудің IT тұғырнамасы дамуының инновациялық векторын қалыптастыруда әріптес ретінде ҚазҰУ-ды таңдауы кездейсоқ емес.
ҚазҰУ Қазақстанда тұңғыш рет жаппай ашық онлайн курстарын бастады, бұл өз кезегінде Ашық білім берудің ұлттық тұғырнамасын іске қосуға мүмкіндік берді. Аталған тұғырнама қазақстандық ЖОО-лардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал етеді.
«E-кампус» жобасы базасында университеттің технологиялық тұғырнамасының қалыптасуына «Hewlett-Packard», «Cisco», «Koniсa Minolta», «Fujitsu», «Samsung», «Alcatel», «Касперский зертханасы», Microsoft, Intel, Huawei сынды ғылыми-білім беру орталықтары тың қарқын берді. ҚХР Ғылым академиясының Қашықтықтан зондтау және цифрлы Жер институтымен (RADI) бірге Жерді зондтаудың цифрлы орталығы құрылған. Гонконг политехникалық университетімен бірлесе Технолофт Индустрия 4.0 – ғылыми-білім беру зертханасын құру бойынша жұмыс басталды.
Ағымдағы жылы ҚХР үкіметінің гранты – суперкомпьютер базасы аясында Жібек жолы университеттер альянсының халықаралық ІТ технопаркі іске қосылады. Жоғары өндірістік суперкомпьютер ІТ технопаркінің ядросы болады, бұл – ғылыми зертханалар жұмысы, дизайн зертханалары, 3D принтинг, инновациялық шеберханалар, коворкинг-орталық пен «IGeneration» бизнес-инкубатор шоғырланған бірыңғай кластер. Бұл өндірістік индустрияның университеттермен жоғары өндірістік ақпараттық-коммуникациялық технологияларды құрастыруды шешу мен қолдану саласында табысты бірігуін қамтамасыз етеді және «Силикон жазығы» сынды жоғары технологиялар аймағын құруға мүмкіндік береді.
Президент атап өткендей, цифрлы дәуір жағдайында елдің жаңа индустриялануында басты маңыздылық кадрлық қамтамасыз ету болмақ. Осыған орай ҚазҰУ-да ағымдағы оқу жылының екінші семестрінен бастап-ақ ақпараттық технологиялар факультеті құрыла бастайды. Жаңа факультет құрылымы аясында суперкомпьютерлік технология базасында мәліметтерді өңдеу орталығы, Big DATA салааралық зертханасы және блокчейн зертханасы қарастырылған. Қазақстанның дәстүрлі базалық өнеркәсіп индустриясына ірі ІТ компанияларды және шетелдік ЖОО-лар серіктестерді білім беру үдерісіне тарта отырып, «мол мәліметтермен» алмасып ІТ мамандарды дайындау өндірістік үрдістерді автоматтандыру, роботтандыру, жасанды интеллект элементтерін қолдану салалары бойынша жүзеге асырылады. Жолдауды жүзеге асырудағы университеттің жол картасы аясында 3D принтинг, онлайн-сауда, мобильді банкинг, денсаулық сақтау және білім берудегі цифрлы қызмет – келешегі зор өнеркәсіптерді дамытуға кадрларды дайындауға бағытталған жаңа білім беру бағдарламаларын енгізу қарастырылған. Бұл цифрлы дәуір жағдайында елдің жаңа индустриялану қажеттілігіне білім беру жүйесін бейімдеуге қосқан ҚазҰУ-дың нақты үлесі болмақ.
Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ