Қауіпсіздік мәселесі сөз болғанда ең әуелі Ауғанстандағы тұрақсыздық еске түседі. АҚШ тарихындағы ең ұзаққа созылған соғыс осы елде жүргізілді. Ауған соғысы қарапайым америкалықтарды ғана емес, елдің саяси элитасын да әбден қажытқан мәселеге айналды. Кіші Буш тұсында Ұлттық Қауіпсіздік Кеңесінің Орталық Азия директоры қызметін атқарған Дэвид А. Меркельдің америкалық The Hill саяси басылымында жазуынша, Ауғанстандағы жағдайды реттеуде Вашингтон әркез Қазақстанды назарда ұстап келеді. Өйткені Астана терроризммен күресті тек қарумен ғана жеңу мүмкін еместігін жақсы түсініп, Ауған еліндегі жағдайды қалыпқа келтіру мақсатында экономикалық, инфрақұрылымдық, гуманитарлық және адам капиталын дамыту бағыттары бойынша түрлі қолдау көрсетіп келеді. Мәселен, 2016 жылы Қазақстан ауған қауіпсіздік күштерін қолдауға 2 млн доллар бөлсе, 2010-2015 жылдары қазақстандық ЖОО-да 1000 ауған жастарын оқытуға 50 млн АҚШ долларын жұмсаған.
Былтыр Д. Трамп өз әкімшілігінің Оңтүстік Азия және Ауғанстан бойынша жаңа стратегиясын таныстырған кезде «АҚШ әскерінің Ауғанстаннан шығуы алдын ала бекітілген уақытқа тәуелді болмай, сол жердегі жағдайға тікелей байланысты» болады деді. Басқаша айтқанда, ДАИШ және Талибан секілді террористік ұйымдардан қауіп күшейіп тұрған кезде АҚШ және НАТО әскерлерінің Ауғанстаннан жақын арада шығу ықтималдылығы өте төмен. Сондай-ақ ДАИШ құрамында мыңдаған Орталық Азия тумаларының бар екендігін және террористік ұйымдар көптеп шоғырланған Ирак, Ауғанстан және Пәкістанның біздің өңірге географиялық жақындығын ескерсек, Ауғанстандағы жағдайды тұрақтандыру мәселесін Орталық Азиядағы қауіпсіздік шеңберінде талқылау АҚШ үшін де, Қазақстан мен бүкіл аймақ елдері үшін де қазір қолда бар ең тиімді тәсіл болып тұр.
Экономикалық әріптестікке келсек, АҚШ пен Қазақстан арасындағы стратегиялық қарым-қатынастың нәтижесінде америкалық Шеврон және Эксон Мобил секілді трансұлттық компаниялар еліміздің мұнай-газ саласына миллиардтаған инвестиция салып үлгерді. Дегенмен, екі мемлекет арасындағы экономикалық байланыс тек инвестициямен қатар екіжақты сауда-саттық көлемімен есептелетінін ескерсек, сандық көрсеткіштер, өкінішке қарай, көңіл көншітпейді. Мәселен, 2016 жылғы екіжақты сауда көлемі 1,9 млрд доллар болса, ол көрсеткіш 2017 жылы 1,2 млрд долларды ғана құраған. Қазақстан АҚШ экономикасы үшін импорт көлемі бойынша 81-орындағы маңызды нарық болса, экспорт бойынша 73-орында.
Қазақстан АҚШ-тан экспорттайтын негізгі өнімдердің қатарына әуе кемелері, машиналар, сиыр еті, электр құрылғылар және болат өнімдері кіреді. Ал АҚШ Қазақстаннан импорттайтын басты тауарлар ретінде минералды отынды, уран және торий рудасын, темір мен болатты, бейорганикалық химиялық заттарды және тантал секілді металдарды атауға болады.
Демек, америкалық компаниялардың қаржылық және технологиялық мүмкіндіктерін қазақстандық нарыққа көптеп тартып, қызмет көрсету, ритейл және бірлескен кәсіпорындарды ашу бойынша жұмыстарды күшейту бағытында екі тарап нақты қадамдар жасау керек. Вашингтон америкалық бизнес қауымдастық Қазақстанның Дүниежүзілік Сауда Ұйымының мүшесі ретінде мүмкіншіліктерін толық пайдалану үшін Джексон-Вэник толықтыруының (КСРО-ның советтік еврейлердің иммиграциясына тосқауыл болғаны үшін АҚШ-пен КСРО бастаған социалистік лагерь елдерінің сауда-саттық мүмкіндіктерін шектеу мақсатында АҚШ-тың 1974 жылғы Сауда кодексіне енгізілген бабы – автор) Қазақстанға қатысты күшін жойып, мәселені күн тәртібінен алып тастауы қажет. Аталған толықтыру іс жүзінде екі мемлекет арасындағы сауда-саттыққа еш кедергі келтірмегенімен, оның күшін жою саяси символикалық мәнге ие қадам болады.
Ал Қазақстан үкіметі ел экономикасын әртараптандыруды және «Самұрық-Қазына» еншісіндегі ұлттық компаниялардың акцияларын жекешелендірудің үшінші толқынын халықаралық талаптарға сай жүргізуден бастауы тиіс. Қазақстан Президенті Н.Назарбаев Вашингтонда Д.Трамппен аймақтық қауіпсіздік бойынша стратегиялық әріптестікті нығайту бойынша нақты нәтижелерге қол жеткізіп, Нью-Йоркте өтетін бизнес қауыммен кездесулерде аталған экономикалық мәселелердің тиісті шешімін табуға ықпал етеді деп сенеміз.
Шалқар НҰРСЕЙІТ,
«Егемен Қазақстан»