Қазақстан посткеңестік елдер арасынан алғашқы болып ЕҚЫҰ-ға төрағалық етті және 2010 жылдың желтоқсан айында оның Саммитін Астана қаласында өткізді. Бұл жиынға 74 ресми делегация мен БҰҰ Бас хатшысы қатысты. Сондай-ақ аймақтық ұйым ретінде болғанымен әлемдік ауқымдағы ірі басқосу алаңы саналатын Шанхай ынтымақтастық ұйымы мен Ислам Ынтымақтастығы Ұйымына Қазақстан төрағалық етті. 2009 жылдың 2 желтоқсанында БҰҰ Бас Ассамблеясы Қазақстанның 29 тамызды Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халықаралық күні ретінде жариялау жөніндегі бастамасын қолдады.
Сонымен қатар Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған Еуразиялық интеграциялану процесі тыңғылықты жүзеге асты. 2014 жылдың мамыр айында Еуразиялық экономикалық одақ құрылды. Қазақстан ТМД елдерінің арасынан алғашқы болып әлемдік қоғамдастықтың таңдауымен ЭКСПО мамандандырылған халықаралық көрмесін өткізді. 2017 жылы бұл ел БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі атанды және осы күндері Қазақстан оған төрағалық етуде.
Сондай-ақ Қазақстан басшылығы әрқашан да ішкі реформаларды сәтті жүргізіп келеді. Мемлекеттік саяси жүйе мен экономикалық жүйелерді жаңғырту арқылы азаматтық қоғамды дамыту тетігі жоспардағыдай орындалды. Бұған мысал ретінде Конституциялық реформа мен «Қазақстан-2050» даму Стратегиясының қабылдануын, «100 нақты қадам» Ұлт жоспары, Индустрияландыру бағдарламалары, Қазақстанның Үшінші жаңғыруы, «Цифрлы Қазақстан» кешенді бағдарламасы сынды елді дамыту мен жаңғыртудың сан түрлі жобалары қолға алынғанын атауға болады. Осындай жаңашылдықтар мен заман талабына сай мақсат-міндеттерге қарап, Қазақстан өзінің даму бағытын уақыттың шынайы талабымен ұштастырып келеді. Бұл мәселе Президенттің биылғы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында да көрініс береді.
Мемлекет басшысы бұл жолғы Жолдауында жан-жақты білімді болуға баса назар аударған. Онда экономика саласына елдің даму діңгегі ретінде ғана қарамай, негізгі басымдықты аймақтарға да беру қажеттігі айтылған. Әсіресе, облыстардағы өндірістерге заманауи озық технологияларды енгізу жайы ескерілген. Осы мақсатта қазақстандық кәсіпорындарды цифрлы технологиямен жабдықтап, жаңғырту бағытында жаңа құралдарды қолданысқа енгізу көзделген және өнімдерді экспорттау мәселесіне де жіті көңіл бөлінген.
Жолдауда айтылған тағы бір маңызды мәселенің бірі – Қазақстанның транзиттік әлеуетін арттыру. Бұл ретте, Қазақстан инфрақұрылымын тиімді басқару мен дамытуға бағытталған интелектуалды көлік жүйелерін құру жоспарлануда. Территориялық аумағы ауқымды болып табылатын Қазақстан үшін мұндай жаңашылдықтар таптырмас құндылық болары сөзсіз. Осы орайда, тиімді мемлекеттік басқару тетігі жайын айналып өтуге болмайды. Кәсіпкерлік сала мен жергілікті жерлердегі мемлекеттік әкімшілендіру ресурстарын мемлекет тарапынан цифрлы технологиямен қамтамасыз ету арқылы «бір терезе» қағидалары қалыпты жағдайда қызмет көрсетпек. Бизнесті қолдау пакетінің мұндай жаңашыл үлгілері қоғамды көлеңкелі экономикадан қорғап, мемлекеттік қызметшілердің қызмет көрсету сапасын арттырады.
Сондай-ақ атқарған қызметіне қарай тиісті жалақыны әділ төлеу жүйесі де іске қосылады деп жоспарланған. Жолдауда айтылған жаңашыл бағыттың бірі – жемқорлықпен заң шеңберінде күрес жүргізу. Осы орайда, соңғы үш жыл ішінде 2,5 мыңға жуық адам жауапқа тартылып, олардан 17 млрд теңге шамасында қаражат кері қайтарылғаны белгілі. Жіті көңіл бөлінген салалар санатында денсаулық пен білім беру ісі де бар. Әлеуметтік мәселелер де әңгіме ауанынан тыс қалмаған. Айталық, Жолдауда нақтыланған тапсырма аясында мемлекет тарапынан кепілдендірілген медициналық тегін көмекті ұйымдастырудың жаңа үлгісі жоспарлануда. Сонымен қатар оның реттік тәртібі де тиянақталып келеді. Осылайша, ұтымды ұйымдастырылған іс-шаралар нәтижесінде Қазақстандағы кедейлік көрсеткіші 13 пайызға дейін төмендеп, жұмыссыздық 4,9 пайызды құрады. Бұған 2016-2017 жылда мемлекет тарапынан берілетін жәрдемақы мен зейнетақы көлемі үш рет жоғарылағанын қосыңыз. Сондай-ақ денсаулық сақтау саласы мамандарының жалақысы 28 пайызға дейін, білім саласында 29 пайыз, әлеуметтік қорғау саласында 40 пайызға дейін, шәкіртақы көлемі 25 пайызға көбейген. Сөйтіп, республикалық бюджеттен әлеуметтік салаға бөлінетін биылғы шығын шамасы 12 пайызға өскен деп болжанған. Мұның бәрін де мемлекеттік тұрғыда жүзеге асырылып жатқан тиімді трансформация, басқаруды жаңаша үлгіде жүргізудің нәтижелері ретінде бағалауға болады.
Степан ГРИГОРЯН,
Жаһандану және аймақтық әріптестік жөніндегі сараптамалық орталықтың басқарма төрағасы (Армения)