Сонымен қатар ұлттық болмыс пен бірегейлікті тұрақтандырып, ұлттық сананы жаңғырту және білімдарлыққа ұмтылу ел саясатының алтын діңгегі болып табылатынына назар аударады. «Ел боламын десең, бесігіңді түзе», деп М.Əуезов айтқандай, бүгінгі ұрпақ кешегі тарихын, тілін, дінін білмесе, елдігімізге сын болары хақ. Сондықтан да Елбасымыз аталмыш мақаласында бәсекеге қабілеттілік, прагматизм, ұлттық бірегейлікті сақтау, білімнің салтанат құруы, сананың ашықтығы, тіл, дін мәселелері және т.б. ұғымдарды халықтың, әсіресе жастардың санасына ұғынықты әрі ықшам тілмен жеткізуге көп көңіл бөлген.
Осы тұрғыдан алғанда, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің профессоры, философия ғылымдарының докторы Амангелді Айталының өзінің «Дін және діндарлық» атты еңбегінде ұлттық сананы жаңғырту, жаңа қоғамның дінге оралуы, дінді қабылдауы жəне адамдардың діндарлығының қалыптасу үрдісінің əлеуметтік мəселелері жөнінде ой бөлісуін дер мезгілінде жасалған қадам деуге болады. Автор бұл мәселелерді əлемдік, ресейлік жəне ортаазиялық дінтану ғылымы контексінде салыстырып зерделейді, ортақ заңдылықтары мен ерекшеліктері туралы ой қозғайды, бүгінгісін жан-жақты талдап, келешегіне көз жүгіртеді. Осының бәрі бай да байыпты нақты деректер негізінде сараланып, бағаланып, қазіргі ғылым мен қоғамдық тәжірибеге аса қажет теориялық тұжырымдар мен ұсынымдар алынған.
Еңбек ең алдымен оқушы жастарға арналған. Біздің ойымызша еңбектің құндылығына мынадай дәлелдер келтіруге болады.
Біріншіден, ерекше өзектілігі, яғни оның дер мезгілінде жазылуы. Бүгінгі қоғамда, жұртшылықта дін мен діндарлық туралы көптеген сауалдарға дұрыс жауапқа деген үлкен сұраныс бар. Тәуелсіздік заманы тұлғаларының өздерінің жаңғырған дүниетанымын қалыптастырып, имандылыққа ұмтылып бой түзеуі үшін шынайы діндарлық туралы толыққанды мағлұмат алуға мүдделі болуы – заңды құбылыс. Автор оларды ерекше бір ғылыми ыждағаттылықпен талдап, оқырманның оңы мен солын ажыратуға жөн сілтейді, өз ұстанымын тықпаламай, ерікті түрде дұрыс таңдау жасауға жол ашады. Жеке тұлғаның діндарлығына байланысты мәселелердің баршасының қаншалықты нәзіктілігін ескерсек, автордың бұл ұстанымының соншалықты салиқалы да салмақты болып шыққандығын айқын аңғаруға болады. Мұндай ұстаным, әсіресе оқушы жастар үшін аса маңызды.
Екіншіден, еңбек әлемдік және дәстүрлі діндер тарихына, қазіргі жай-күйіне байланысты дәйекті деректерге бай. Әлемдік және отандық ойшылдардың зерттеу объектісіне қатысты пікірлері көптеп келтірілген. Автор бұл деректерді жай қызықтау үшін емес, өзі зерделеп отырған қатпары көп, астарлы мәселелерді оқырманына қарапайымдылықтан күрделілікке бірте-бірте өрлеу арқылы байыппен жеткізу мақсатында сүзіп келтірген. Сондықтан да автор ұсынған әрбір тұжырым жай айтыла салған шикі субъективтік көзқарастың көрінісі емес, жүз ойланып, мың толғанып жасаған толымды қорытынды. Қазіргі замандағы, әсіресе Қазақстандағы діндер мен діндарлық мәселелерінің бүгінгісі мен келешегін ғылыми тұрғыдан саралау үшін мұндай әдіснамалық ұйғарымдардың маңызы ерекше.
Үшіншіден, еңбекте зерделеніп отырған мәселелерді диалектикалық тұрғыдан талдауға жеткілікті мән берілген. Бұл әсіресе оларды қайшылықтылық тұрғысынан талдауда айқын аңғарылады. Осыған сәйкес дін мен діндарлық дінсіздік, құдайсыздық, діншілдік, тақуалық, діни фанатизм, экстремизм тәрізді қарама-қарсы және қайшылықты ұғымдар арқылы сараланады. Оларды дұрыс мағынасында ұғынып қана қоймай, мемлекеттің діни саясатында, адамдардың күнделікті іс-тәжірибесі мен күйкі тірлігінде дұрыс қолданылуының қоғамда діни мәдениет құндылықтарының орнығуына тигізер зор әсері терең де кеңінен баяндалған. Бұл ретте тәуелсіз Қазақстан тұсында қоғамдағы діни қатынастарды реттеу барысында орын алған кемшіліктер де назардан тыс қалмаған. Мұны еңбекте келтірілген республикалық және жергілікті жерлерде, атап айтқанда, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті студенттері арасында жүргізілген әлеуметтік зерттеулер қорытындыларынан байқауға болады.
Төртіншіден, еңбекте қарастырылып отырған мәселелердің жан-жақты жай-күйі баяндалып қана қоймайды. Талдау нәтижесінде бүгінгі қоғамдық практика аса зәру болып отырған діни қатынастарды, діни тәрбиені зайырлы қоғам құндылықтарына сәйкес реттеу, ұйымдастыру мәселелері бойынша ұтымды ұсыныстар жасалған. Бұл ұсыныстарды бүгінгі іс-тәжірибеге сыналап енгізудің Қазақстан қоғамы, оның болашағы жастарымыз үшін маңызы зор екендігі күмән туғызбайды.
Бесінші дәлел шығарманың тілі туралы. Еңбектің оқушылар қауымына, әсіресе студент жастарға арналып жазылғаны бірден байқалады. Күрделі мәселелерді логикалық туындаушылық заңдылықтары аясында, дәйекті деректер арқылы ұғынықты тілмен баяндау ойлы біліктілікті, жоғары ұстаздық шеберлікті талап ететіндігі белгілі. Автор әдеттегідей осы жоғары талап деңгейінен көріне білген.
Қорыта айқанда, профессор А.Айталының «Дін және діндарлық» атты зерттеу еңбегі бүгінгі қоғамымыздың жасамысына да, жасына да өздерінің діни сауаттылығын, діни мәдениетін қалыптастыруға зор көмегін тигізуге мүмкіншілігі мол шығарма. Еңбектің арнаулы курс ретінде университет студенттері мен магистранттарына ұсынылуы әбден құптарлық іс. Жастарымыздың діни сауаттылығын, мәдениетін дұрыс бағытта қалыптастыруға өзінің игі әсерін тигізері сөзсіз.
Абылай МҰХАМБЕТЖАН,
Бауыржан Жүнісов
Ақтөбе