Сөз басын ақиық ақын Қасым Аманжоловтың осы бір өлең жолдарынан бастауымыз тегін емес. Неге десеңіз, бүгінгі қоғамды «бостан-бос өле салуға» бейім жастар қатарының сейілмеуі алаңдатып отыр. Деректерге сүйенер болсақ, Қазақстанда жыл сайын 200-ге жуық мектеп жасындағы бала өзін-өзі өлімге қияды екен. Оңы мен солын танып үлгермеген жас өскіндердің өз-өздеріне қол салу оқиғасының тыйылмауы, әсіресе, олардың тәлімгерлеріне, яғни, білім беру мен тәрбиелеу тізгінін қатар ұстаған мұғалімдер қауымына ауыр тиетінін мойындамасқа болмайды. Неге десеңіз, жан түршіктірер оқиғаны өз қолымен тудыратын – ол біздің тәрбиеленушіміз.
Өз еркімен өмірмен қош айтысу оқиғасы бұрындары жоқтың қасы еді. Тек ғашығына қосыла алмай, суға кетіп, иә болмаса жардан құлайтын бірді-екілі оқиға болмаса. Бүгінде өз басын өлімге тігу өзгеше сипат алды. Себептері де әркелкі. Өз айналамызда да ұшырасып қалатын осындай аса өкінішті жағдайлар жанымызды күйзелтеді, оның алдын алу қарекеті қалайша жасалмақ деген ой мазалайды. Әдетте қандай да бір қайғылы жағдайға душар болғанда ғана себебін, оған кінәлі адамды іздестіріп, тиісті жазасын беруге әзір тұрамыз да, оның алдын алу тұрғысында балалардың психикалық саулығын, ерік-жігерін, қажыр-қайратын қалыптастыруға бағытталған тәрбие жұмысын оңтайлы ұйымдастырып, жүйелі түрде жүргізуге ден қоймайтынымыз рас.
Не істеу керек? Білім беру саласында ұзақ жылдар бойы қызмет етіп келе жатқан тәжірибелі маман ретінде осы тұрғыдағы өз ой-пікіріммен бөлісіп, ұсынысымды білдіруді құп көрдім. Өскелең ұрпақты жан-жақты білімді, жоғары саналы тұлға ретінде қалыптастыруда тәрбие жұмысының, оның ішінде адамгершілікке, еңбексүйгіштікке, елжандылыққа және тағы да басқа ізгі қасиеттерге баулудың маңызы зор. Бұлардың қай-қайсысы болсын әр мұғалімнің тәрбие жоспарының бұлжымас бағыттарына айналғалы қашан. Әйтсе де өмір бір қалыпта, бір орнында тұрмайды. Заман қажеттілігіне, қоғамда пайда болған қауіпті құбылыстарға орай тың қарекеттің жасалып, жаңа амалдардың пайда болуы заңды секілді. Олай болса, қазіргі қоғамда белең алып отырған суицидке қарсы амал тауып, бұл тұрғыда арнайы жұмыс жүргізген абзал. Осыған орай тәрбие жұмысының бір бағытын «Өмірсүйгіштікке тәрбиелеу» деп бөле-жара атап, нақты іс-шараларды қолға алар болсақ, кенеттен келетін кеселдің бетін қайтаруға септесін болар еді деп ойлаймын. Бұған алдымен Білім және ғылым министрлігі, оның жанындағы Қоғамдық кеңес мүшелері назар аударуы тиіс.
Табанды, қайсар, қажыр-қайраты, ерік-жігері мол, төзімді, қиыншылыққа мойымайтын тұлғаны қалыптастыру тұрғысындағы тәрбиенің астарында оның адам баласына бір-ақ рет берілетін өмірге деген көзқарасын жағымды жаққа бағыттау жатқанын аңғару қиын емес. Өмірді бағалауға бағдарланған тәрбиенің кемшіндігінен белең алған осы бір ауыр індеттің алдын алмасақ, бетін аулақ қылсын, әлі де сан мәрте сан соғып қала беретініміз кәдік.
«Өмірсүйгіштік» деген сөз сөздіктерде бар, оның мән-мағынасы барша қазаққа түсінікті және бұл тұрғыдағы нақты қарекет, тағы да қайталайық, қазіргі заман ағымында туындап отырған суицидті сейілтіп, өмірді сүюге құштарлықты арттырған болар еді. Елбасы Н.Назарбаевтың «Ұлы Дала ұлағаттары» кітабында: «Елімізге бойына ата-бабамыздың ел мен жерге деген сүйіспеншілік қасиеті дарыған, егемен елге аянбай қызмет ететін, ой-өрісі кең, алғыр да жүректі, сауатты да саламатты азаматтар қажет» деген сөздеріне зер салар болсақ, бұл жерде «саламатты» сөзінің астарында деннің саулығы ғана емес, адам жанының, рухани әлемінің де тазалығы, мықтылығы меңзелетінін аңғару қиын емес. Өмірге ғашық адамның жабығуға емес, қайта жандануға, жасампаз істерді тындыруға құлшынатыны хақ. Мәселен, өмірдің базарынан қайтар шағына жеткен танымал тұлғалардың ғұмыры жетсе, әлі де жоспарлап жүрген дүниелерін іске асыруға асығатыны тегін емес. Мұны мерзімді басылым беттерінен оқып, біліп жүрміз. Өзіміз де сондай жандардың қатарына таяу қалғандықтан, қолымыздан келгенінше, пайдалы әрекет жасауға, қиыншылық болса еңсеруге ұмтылумен, алға басумен келеміз. Иә, өмір болған соң реніш, қамығатын, күйінетін сәттер болмай тұрмайды. Солай болды екен деп морт сынып, өмірден баз кешуге болмас. Өкінішке қарай, тығырықтан шығудың, қиыншылықтан арылудың төте жолы осы ғана деп ұғатын жандарға ой салар, сана-сезіміне әсер етер тәрбиелік іс-шараларды қолға алуға асығар емеспіз.. Әдетте қай келеңсіздіктің болсын алдын кесу шаралары жүргізіледі емес пе. Айталық, ауырғанды емдеу, бұзылғанды жөндеу, жылағанды уатудың қажеттігі секілді, өмірден күдер үзген жандарға тоқтау салар кесімді амал – өмірді сүюге тәрбиелеу болса керек. Бұл тұрғыда ойласып, оңтайлы шешімдерге келетін, тиісті амалдарды тиімді ұйымдастырып, оларды жүйелі түрде жүргізетін кез келді.
Белгілі қаламгер Аян-Сейітхан Нысаналиннің: «Ұсақталып, майдаланып барамыз. Бүгінгі ұрпақта ата-бабаларымыздың мінезі, рухы жоқ» деген сөзінің жаны бар. Мінезді, рухы биік жастарды кім тәрбиелейді? Бұған жауап ретінде ғалым Тұрсын Жұртбайдың «Рухты дамытатын жол – мектеп» деген пайымы сұранып тұрғандай. Келісеміз. Өр мінезді, қайсар, намысқой жастардың қатары қалың емес. Тіпті, Отан алдындағы азаматтық борышын өтеуден қашқақтайтын бозбалалар ұшырасады арамызда. Ауырдың астымен, жеңілдің үстімен күн көруге еті үйренген жастарға тағы да арқалы Қасым ақынның:
Жастық дәурен – жігер оты
жанған жалын,
Көрмесем қызығыңды –
армандадым.
Өмірге екі келер уақытым жоқ,
Сондықтан үлесімді мол қармадым, – деген өлең жолдарын келтіргім келеді. Шынында да, өмірге құштар жандар өзі үшін де, өзгелер үшін де пайдалы істердің бірінен соң бірін атқарып, өмірдің қызығын, тәттілігін сезіне түседі. Тағы бір кезекті шаруаның басын қайыруға құмартып тұрады.
Ал жас ұрпақты мектеп ата-ана, қоғаммен бірлесе отырып тәрбиелейді. Бүгінгі мақсат – адами капитал әлеуетін әлдендіру. Адам әлеуеті оның білім, білік деңгейімен ғана емес, жоғары адамгершілік, жасампаздық қасиеттерімен де өлшенеді. Қазіргі заман қиялы терең, жасампаз істерге бейім, өзін-өзі жүзеге асыра алатын, бәсекеге қабілетті жастардың заманы. Алысқа бармай-ақ, күні кеше ғана «100 жаңа есім» жобасына енген өрімдей жастарды өнеге етіп, тәрбие сағаттарын өткізер болсақ, мұндай іс-шаралар кім-кімді болсын таңғалдырмай, еліктірмей қоймасы анық. Иә, алдымыздағы шәкірттеріміздің бойына өздеріне деген сенімді ұялату ұстазға байланысты. Ынта-ықылас, қызығушылық, талпыныс, ілгері басуға ұмтылыс сынды оң нышанның оянуы адамның күш-қуатын үстейді, жігерін жаниды, қызығушылығын өсіреді.
Өкінішке қарай, бұл тақырыпқа арнайы бармайтынымыз да жасырын емес. Оқиғаны онша жария етпей, жылы жауып қоюға тырысамыз да, ол турасында жолдас-жора, ата-аналары арасында ашық әңгіме, ой-пікір өрбітуге құлықсыздық танытамыз. Әйтпесе қоршаған ортада, елімізде болып жатқан өмірлік маңызды оқиға, жаңалықтарға, жасампаз істерге қызықтырып, рухы мықты, қайратты, намысты жастар тәрбиелеу амалдары жетерлік. Соның бірі елге тұтқа болған танымал тұлғалар тағылымын насихаттау. Бір ғана мысал. Осыдан біраз жыл бұрын Н.Келімбетовтің «Үміт үзгім келмейді» кітабын сатып алып, бас алмастан оқып шыққан едім. Менен әріптестерім алып оқыды. Туындының бас кейіпкерінің (автордың өзінің) өмір үшін адам сенгісіз арпалысын шәкірттеріме әңгімелеп, айтып жүрдім.
Тәрбиелік мәні аса жоғары бұл еңбекке белгілі зиялы қауым өкілдері әділ бағасын берді. Айталық, Әбдіжәміл Нұрпейісов: «Нематтың «Үміт үзгім келмейді» кітабы адамның, нағыз адамның өмірге деген ғашықтығының, өмірге деген құштарлығының, қайтпас-қажымас қайсарлығы мен кіршіксіз адамгершілігінің, жан жары мен бала-шағасына деген өлшеусіз мөлдір махаббатының ең биік үлгісі» десе, Смағұл Елубай бұл кітаптың шыққан күннен бастап қолдан-қолға тимей оқылатын, оқырманның қайратын қайрап, жігерін жанитын рухани тәрбие құралына айналғанын жазды. Серік Негимовтің: «Даналық ілім тарихындағы «Кабуснама», «Рабғұзи қиссалары», Әлішер Науаидың «Ғашық жүрегі» дүниетанымыңды, әлеуметтік-этикалық көзқарасыңды, тәжірибеңді, білім-білігіңді қалай тереңдетсе, Н.Келімбетов шығармалары Тәуелсіз Қазақ елінің рухани көркеюіне, түлеуіне соншалықты әсер етеді» деуінен көп нәрсені аңғаруға болады. Аталмыш кітапқа үнқосу ретінде пьеса жазылып, ол спектакль М.Әуезов атындағы академиялық театр сахнасында табыспен жүргенінен де хабардармыз. Өз еліміз ғана емес, өмір үшін осынау жанкешті күрес үлгісіне өзге елдер де тәнті болыпты. Айталық, «Үміт үзгім келмейді» ЮНЕСКО аясындағы ең мерейлі марапаттардың бірі – Еуропаның Франц Кафка қоғамының наградасын иеленді. Сондай-ақ Ыстамбұлдың бір мектебінде Н.Келімбетовтің «Үміт» деген кітабы («Үміт үзгім келмейді» түрік тіліне солай аударылған) қосымша сабақ түрінде өткізіледі екен. Өнегені пір тұтудың айқын бір үлгісі деп осындайды айтар болар. Біздің білім ордаларымызда да «Өмір, саған ғашықпын!» немесе осы мазмұндағы өзге тақырыпта факультатив жүргізіліп, оқырмандар конференциясы өткізілер болса, кәнеки. Өмірді сүюге тәрбиелеудің өзге де тетіктері баршылық, тек ниет болсын деңіз. Мәселен, Шоқан Уәлиханов, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Ғани Мұратбаев, Саттар Ерубаев сынды тым қысқа ғұмыр кешсе де, мәңгілік мәнді із қалдырған аяулы тұлғаларға немесе қазіргі күннің батырларына арнап, мазмұнды әдеби-танымдық кештер иә болмаса өмірдің сан түрлі иіріміне бойлаған өлеңдерді мәнерлеп оқудан байқаулар өткізу дәстүрге айналса, осылардың бәрі жеткіншектерге серпін беріп, ойына қозғау салары, зердесіне ұялап, тіршіліктің қадірін түйсініп, түсінуге ықпал етері сөзсіз.
Осы мәселе төңірегінде 2016 жылы қарапайым халық өкілінің сөзін жерде қалдырмайтын ардақты азамат, Мәжіліс депутаты Н.Сәбильяновқа хат жолдадым. Өзіндік ұсыныс-пікірлерім ішінде «Үміт үзгім келмейді» хикаят-монологының желісімен фильм түсірілсе қалай болар еді дегенді де жазған едім. Нұртай бауырымыздың өтінішімен көп кешікпей Мәдениет және спорт министрлігінен жауап келді. Онда министрлік тарапынан Ш.Айманов атындағы «Қазақфильмге» Н.Келімбетовтің «Үміт үзгім келмейді» кітабының негізінде фильмнің сценарийін дайындау және фильм түсіру мәселесін пысықтау жөнінде тиісті тапсырма берілгені жазылыпты. Тәрбие құралының пәрмендісі саналатын кино туындысын тамашалап, кейін әр мектепте оны ұжым болып талқылайтын болсақ, бұл өскелең ұрпақтың ой-өресін өсіріп, көзқарасын жаңғыртып, өмірдің мәнін тани түсуіне септесін болар еді. Өмірді қызықтап қана қоймай, оны қызықты, мазмұнды ету әркімнің өз қолында екенін ұғынар еді. Әрине, өміртану сабақтары фильммен ғана шектелмей, тәрбие жұмысын түрлендіруді, ізденісті, еңбекті қажет ететінін естен шығармаған жөн.
Пиалаш СҮЙІНКИНА,
«Қазына» сыйлығының иегері,
Қостанай педагогикалық колледжінің оқытушысы
ҚОСТАНАЙ