Аймақтар • 19 Қаңтар, 2018

Дамудың іргетасы адами капиталдан басталады

322 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қостанайда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына жол­даған «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері»  атты Жолдауын талқылаған актив жиыны болып өтті. 

 

Дамудың іргетасы адами капиталдан басталады

Оған облыстағы басқармалар, ведомстволар, жоғары оқу орын­­­дары­­ның және бұқаралық ақпа­рат құралдарының басшылары қа­тысты. Сонымен қатар облыс­тағы аудан­­дар мен қалалар әкім­дері, сол жерлер­дегі ауылдық әкім­­дер мен білім ошақтарының, шаруашы­лық­тардың басшылары селекторлық режім­ге қосылып, тікелей байланыста тал­қылауға қатысып отырды. Жол­дауды осы жолғы талқылауға бар­лығы екі мыңға жуық адамды қамтыды.

Жолдауда жаһандық бәсекеге қабілетті болу үшін дамудың индус­трияландыру, ауыл шаруашылығы, көлік инфрақұрылымы, қаржы секторы, IT-технологиялар салаларын қамтыған он басым бағыты көрсетілген еді. Жолдауда сонымен қатар адами капиталға назар аударылған болатын. Елбасы мақсат етіп қойған бәсекеге қабілетті, үш тілді меңгерген, озық ойлы жас ұрпақ қалыптастыру үшін ден­саулық сақтау және білім беру сапа­сын арттыру биік міндет болып табылады. Осыған орай облыс әкімінің орынбасары Марат Жүн­дібаев облыста атқарылып отырған шаралардан ақпарат берді.

Елбасы осыған дейінгі Жол­дау­ларында да халықтың әлеуметтік жағдайына, оның ішінде білім беру ісін стратегиялық міндеттердің бірі деп қарастырады. Қостанай облысында да жыл сайын бюджеттің басым бөлігі осы мақсатқа жұмсалады. Былтыр оған жұмсалған қаржы бұр­нағы жылға қарағанда 3,1 миллиард теңгеге көбейіп, 62 миллиард теңгені құрады. Елбасы тапсырмасына сәйкес балаларды ерте жастан оқыту ісі жүзеге асырылып келеді. Облыста бүгінде мектепке дейінгі 619 мекеме жұмыс істейді, оның ішінде 183 бала-бақша, 436 шағын орталық бар. 

Облыста денсаулық сақтау саласы да уақыттан қалмай дамып келеді. Өткен жылы бұл салаға 2,2 млрд теңгеге озық үлгідегі құрал-жабдықтар алынды. Облыс­тағы медицина мекемелері компьютермен 90 па­йыз­­дан астамға жаб­дық­талды. Алайда медицина меке­мелерінің кең жолақты интернет желісіне қосылуы 28 пайызды құрап отыр. Ол ауылдық жерлердегі тех­никалық мүмкіндіктердің аз­ды­ғы­нан болып отыр. Ол үшін қосымша құралдар сатып алуға 484 миллион теңге қажет. Биыл облыста тағы да 216 ден­саулық сақтау нысанын кең жолақ­ты интернет желісіне қосу үшін жұмыстар жүргізілетін болады. 

Облыстың әлеуметтік саласында жүзеге асқан жұмыстардың барлығы да өңірде дамудың іргетасы, түп негізі болатын адами капиталды дамытуға ықпал етері сөзсіз. Активте Қостанай қаласының әкімі Базыл Жақыпов облыс орталығын дамыту мәселесі жөнінде, «ССКӨБ» АҚ президенті Береке Мұхаметқалиев кен алыбындағы үздік технологиялық жаңалықтарды, «БКстрой» құрылыс компаниясының жетекшісі Игорь Ким облыста жүргізіліп жатқан «Нұрлы жер» бағдарламасының шеңберіндегі жұмыстардың барысы, «Жас қанат-2006» құс фаб­ри­касының директоры Қай­рат Майышев өндірістегі жаң­ғыр­ту жұмыстары және Челябі универ­ситетінің Қостанай филиалының оқытушысы Әлімжан Бекмағанбетов қоғамдық қатынастар жөнінде айтып, Жолдаудағы он басымдықтың ел экономикасы мен әлеуметтік салаларды, рухани саланы дамытудағы темірқазық секілді басты бағыт бола беретініне жұрт назарын аударды. 

Талқылауды қорытындылаған облыс әкімі Архимед Мұхамбетов об­лыста атқарылатын басты жұмыс­тарға тоқталды. Өткен жылы облыс­та Индустриялық аймақтың ірге­сі қаланып, оған орналасқан инвес­торлық кәсіпорын биыл жазда ал­ғашқы өнімін де береді. Жолдауда айтыл­ған он басымдық бойынша да об­лыста жұмыс жүретін болады. Соған орай әкім тиісті басшыларға жұ­мыс­тарды жоспарлап, тиянақтауды тапсырды.

Нәзира ЖӘРІМБЕТ,
«Егемен Қазақстан»

ҚОСТАНАЙ