Елбасы Жолдаулары елдің жүрегінен – Астанадан жолданады. Сондықтан осыған дейінгі және осы жолғы Жолдауда да елорда құндылығы сөз етілді. Біз, жоғары мектептің өкілі және елорданың халық қалаулысы ретінде Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктеріне байланысты Елбасы Жолдауын зор шынайы сезіммен қабылдадық. Бағдарламалық маңызы терең, тұжырымдамасы анық бұл Жолдау нәтижелі жұмыстарға бастайтынына сенімдіміз.
Президент әлемдік сын-қатерлерге төтеп беретін даму мен жаңаруды күн тәртібіне қоюы – бәрімізге елеулі міндет жүктейді.
Мемлекет басшысы жолдауларының бәрінде дерлік білім-ғылым жүйесі әрдайым ескеріледі. Бүгінде ғылым мен білім – дамудың алғышарты ғана емес, қозғаушы күші де. Таяуда ғана мемлекетіміздің абыройын асқақтатқан ЭКСПО-2017 Астанадағы Назарбаев университетінің, Еуразия ұлттық университетінің, Өнер университетінің, Агротехикалық университеттің, Медицина академиясының, басқа да жоғары оқу орындарының ғылымға, мәдениетке деген талпынысын еселей түсті.
Білім мен рухани жаңғыруға байланысты осыған дейінгі ізденістерімізді Елбасы нұсқаған дамудың жаңа мүмкіндіктері сапаландыра түседі деп санаймыз.
Жолдауда адам капиталына байланысты жаңа ұсыныстар айтылып, тың бағыттар көрсетілді. Соның ішінде педагогика саласы мен мамандықтарын сапаландыруға байланысты тұжырымдар, білім мазмұнын замана талабына сай құруға қатысты ойлар, жаратылыстану ғылымдары мен ақпараттық технологияларды озық жүйе аясында дамытуға қатысты байыптамалар сала мамандарының көкейінен шығып отыр.
Елбасының «білім беру саласын экономиканың жеке саласы ретінде дамыту керек» деген ойы да жаңашыл әрі өзекті. Сондай-ақ университет ғылымына, жас ғалымдарды қолдауға қатысты маңызды тұжырымдар зор мүмкіндік туғызады деп сенеміз.
Жолдауда «жастарды жаңа технологиялық қалыпқа дайындау» тезисі ерекше айтылды. Сондай-ақ балалар технопаркі мен бизнес-инкубаторын қалыптастыруға байланысты Елбасы бастамасы елордадан өңірлерге дейінгі білім жүйесіне жақсы ықпал етеді деген пікірдеміз.
Барлық салада, әсіресе білім саласында отаншылдық, бәсекеге қабілетті білім, тәжірибе қай қиындықтан болсын алып шығады. Жолдаудағы мемлекет тілі бастаған үш тілді терең меңгеру жайы, орта мектептің білім мазмұны, кәсіптік білімнің әлеуеті, цифрлы білік, оқу жүйесін сапаландыруға жеке капиталды тарту және басқа да елеулі тұжырымдар саланың жаңа жағдайдағы дамуына кең жол ашады деп ойлаймыз.
Елбасы елге сенеді, ел біртұтас халқымыз мемлекет басшының батыл да салиқалы бастамаларын қолдайды. Жолдаудың маңызы да осында.
Ерлан СЫДЫҚОВ,
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры,
ҚР ҰҒА академигі