Сол жазбадан үзінді келтіруді жөн көрдік. «Сенбі күні шай үстінде анам «жаңалық» айтады. «Балам, кезекті сұрап алдым, ертең қой бағасың», дейді. «Мама-ау, келесі апта жұмыс көбейіп тұр. Бір жексенбі демалайын. Осы жолы ақша төлеп, біреуге бақтырайықшы», деймін ғой. Анам көнбейді. «Мен баланы қойымды біреуге бақтыру үшін тапқан жоқпын». Айтты – кесті, шаруа бітті. Таңертемен мал өріске шығады. Сол жерде ауылдың үлкендері жиналады. Олар үшін мен прокурор емеспін, баяғы Құсайынмын. «Әй, Құскен, қойды ана төбеден құлатқанда құдыққа түсіріп алма, арғы ойпаңда сымдар жатыр. Мал оралып қалмасын», деп ақыл-кеңестерін айтады. Сол кеткеннен шаң-шаң болып, шаршап-шалдығып күн бата бір-ақ келесің. Әйеліңнің жани ашиды, бірақ қолынан келетін дәрмені жоқ. Анам болса «шаршадың ба?» демейді, «елдің малы түгел ме?» деп сұрайды. Мен түсінбеймін және ішімнен ренжимін. Көп жылдар өтті. Түсінік енді келді. «Қызметте жүр ғой. Кеудесін көтермесін, тәкаппар болмасын, халықпен жүрсін» деп әдейі істеген екен ғой. Қайран, анашым! Осының бәрін қайдан білдің екен?!», деп тебіреніпті прокурор.
Әншейінде салмақты, салиқалы дүниелерді сырт айналып өтіп, атыс-шабыс, ұрыс-керіс, өсек-аяң төңірегіндегі тақырыптарға құмырсқадай үймелеп лайк басатын жұрттың бұл жазбаға ерекше назар аударып, тұшына оқып, пікір білдіріп, бөлісіп жатқанын аңғардық. Аңғардық та бүгінгі ұрпаққа Баяндай ұлағатты аналарымыздың тәрбиесі жетпей жатқанын жан жүрегімізбен сезінгендей болдық.
Азамат ҚАСЫМ,
«Егемен Қазақстан»
Шығыс Қазақстан облысы