Қазақстан • 24 Қаңтар, 2018

Әбілахат Еспаевтың балалар музыкасына қосқан үлесі зор

1991 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

«Ахат бізге жиен болып келеді. Олар Шуға келсе, біздің үйге түседі, біз Алматыға бара қалсақ, олардікіне соқпай кетпейтінбіз. Жаратылысынан кеңпейіл, қонақжай жанның үйінен кісі аяғы арылмайтын. Ақкөңіл азаматтың жары да адалынан жолықты. Осы жолы да Ахат пен Назым есіктен күліп қарсы алып, төрде отырған қадірлі қонақтармен таныстырды. Олар тың туындыларымен тыңдарман жүрегінен орын алған аты дардай талантты тұлғалар Шәмші Қалдаяқов пен Нұрғиса Тілендиев болатын. «Сен маған досыңды көрсет, мен сенің кім екеніңді айтамын» демекші, қазақ сазының сайыпқыранына айналған азаматтар – Ахаттың жақын достары. Нұрғиса түйдей құрдасы болса, Шәмшінің бес жас кішілігі бар. Ұлы адамдар қарапайым келеді дегенге сол күні көзім анық жетті. Қазақ өнерінің майталмандарымен бір дастарқан басында әдемі әңгіменің, жарасымды қалжыңның куәсі болдым», деп марқұм әжем жиі айтып отыратын.

Әбілахат Еспаевтың балалар музыкасына қосқан үлесі зор

Анықтап сұрағанымда, Әбі­­­лахат Еспаев Сәдуақас атамыздың Зы­лиха атты туған қарындасының ұлы болып шықты. Үлкен атамыз Үмбетұлы Сәдуақас Қостанай облысы, Аманқарағай ауданында дүниеге келген. Жастайынан зерек өскен ол арабша сауат ашып, кейіннен Құран Кәрімді жат­­қа оқитын қариға айналады. Бала кезден домбыраның құ­лағында ойнаған Сәдуақас дастан-қиссаларды таңды таңға ұрып жатқа айтатын болған. Оның бұл қасиетін сол уақытта мұғалімдік қызмет атқарып жүр­ген қазақтың көрнекті жазушы­сы, қазақ әдебиетін қалып­тас­тырушылардың бірі Бейімбет Май­лин байқап, оны қасына алып, толғау-дастандарын тамсана тыңдаған.

Арқаның ақы­лына көркі сай аруы Зылиха да ағасынан қалмай домбыра тартып, ән салған екен. «Жігіттің жақсы болуы – нағашыдан» де­мек­ші, Әбілахат Еспаевтың өнері ана сүтімен нағашы жұр­тынан дарыса керек.

Қазақтың көрнекті компо­зи­торының туған қызы Гүлсім Әбіл­ахатқызының қолындағы деректерге сүйенсек, Әбілахаттың шежіредегі шын аты – Гәбділахат деп жазылған. Ол 1925 жылы 25 қарашада бұрынғы Торғай, қазіргі Қостанай облысына қа­расты Тобыл өзенінің жағасын­да орналасқан №2 ауылда Ыбы­рай Ал­тынсаринмен аталас Сма­ғұл отбасында дүниеге келген. Кө­зі ашық, көкірегі ояу Смағұл мұға­лімдіктен мектеп директорына дейін көтеріледі. 1932 жы­лы «Алаш» партиясының мүшесі ре­тінде қудалауға ұшырап, Қос­танайдан Жамбыл облысы, Меркі ауданына отбасымен қоныс ауда­рады.

Аумалы-төкпелі аласапыран заманда бүкіл ауыл сүзекпен ауырып, жұқпалы дерттен Зылиха төрт баласымен бір күнде қайтыс болады. Содан Смағұл қасында жүріп аман қалған ұлы Әбілахатты арқалап, Шу ауданының Алға ауылына көшіп келеді. Мұнда Смағұл Мәриям атты жергілікті арумен бас қосады. Араларында ба­ла болмағандықтан кеңпейіл Мәриям бар аналық мейірімін төгіп, Әбілахаттың бетін қақпай өсіреді. Жылжып жылдар, ағып айлар өтеді. Мектепті аяқтаған жалындаған бозбала өз еркімен соғысқа аттанады. Қан майданда ауыр жараланған солдаттардың қатарында Әбілахат та болған. Қиындыққа бой бермейтін балаң жігітті КСРО қорғаныс министрлігі Ресейдің Могилев қа­ла­сындағы әскери училищеге оқуға жібереді.

Оны үздік тә­мамдаған Әбілахат Кавказ аймақтық әскери академиясында ұстаздық етеді. Ол жердің кемінде 25 жыл әскерде жұмыс істеу керек деген шартын естіп шам­данған әкесі Смағұл атадан қалған жалғыз тұяғын Сталинге хат жазып жатып, оның «Қарттың баласын қайтарыңдар!» деген бұйрығымен баласын әскери қызметтен қайтарып алады.1948 жы­лы елге оралған Әбілахат Еспаев Шу ауданының Төле би ауы­лын­дағы мектепте әскери да­йын­дық пәнінен сабақ береді. Сол мектепте ҚазПИ-ді бітіріп, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұ­ғалімі болып жүрген болашақ жары Назым Сарымолдаевамен танысып, шаңырақ көтереді. Қазақтың ән өнеріне өзіндік үлес қосқан Әбілахат Еспаевтың артында Сейітжан, Болат, Гүлмира, Гүлсім және Кәукен атты ұрпа­ғынан тараған жеті немере, екі шөбересі бар. Ұл-қыздары мен немерелерінің ешқайсысы өнер жолын таңдамады.

Тұла бойдағы шалқып-тасы­ған әуез сазы тума талантқа ты­ныштық бермей, өнер мен мәде­ниеттің ордасына айналған ару қала Алматыға әкеледі. 1951 жылы отбасымен осы қа­ла­ға кө­шіп келіп, ҚазМУ-дің тарих факультетіне оқуға тү­седі. Ала­таудың баурайында шабыт­танған композитор біраз әндерді жарыққа шығарады. Жазған әндерін тыңдаған Латиф Хамиди «Молодой человек, вы очень талантливый, вам надо все бросать и музыку писать», дегеннен ке­йін оқуын тастап, Құрманғазы атын­дағы консерваторияның композиторлық бөліміне, Васи­лий Великановтың сыныбына тапсырады. Бірақ балалы-шағалы Әбілахат Смағұлұлы тіршілік түйткілдеріне байланысты бұл оқуын да жалғастыра алмай, Қазақ радиосына жұмысқа орналасады.

Қасиетті Шу жерінің топыра­ғы тағдырлы тұлғаның шабытын шарықтатып, талантын шың­­дайды. Осы тұста Әбілахат Сма­ғұлұлының алғашқы музыкалық ұстазын да айта кеткен орынды. Ол Варшава консерватория­сын бітірген кәсіби композитор­ Август Шницер болатын. Шу ауданындағы орта мектепте­ оқып жүрген Әбілахат сол Шни­­церден музыкалық сауат ашып, 17 жасында қазақ тілі мен әде­биеті пәнінің мұғалімі А.Са­па­қовтың өлеңіне жазылған «Ту­ған ел» атты тұңғыш туындысын шығарады. 

Композитордың шығармасы қа­шанда жан-жақты болды. Ес­паевтың әуендері ойға оралымды, жүрекке жылы, үйренуге же­ңіл, ұлттық нақышқа бай. Мұ­ның сыры Әбілахат әндерінің байыр­ғы халық әндерімен сабақ­тас, үндес, рухтас келуінде. «Ақ­қуым», «Ақ сәуле», «Шофер кел­ді қырманға», «Қыз қуу», «Бейбітшілік сақталады», «Рес­пуб­лика туралы жыр», «Өзің де, жі­гіт, қызықсың», «Қыз әзілі», «Жігіт жауабы», «Әлі есімде», «Мар­жан қыз», «Қайдасыңдар, дос­тарым», «Ұстазым менің, ұс­тазым» сынды Еспаевтың есті әндері әлі де ел есінде. Мұ­ны­мен шектеліп қалмай, ол Абайдың «Өзгеге көңілім тояр­сың», «Мен сәлем жазамын» өлең­деріне ән-романстар жазған. Ком­позитордың «Ойлан, тап», «Құлыншақ», «Ортеке» әндері арқылы балалар музыкасына да қосқан үлесі зор.

«...Ол балаларға арнап көптеген әндерді дүниеге әкел­ді, келер ұрпақ Әбілахаттай атасына мүмкін миллиондаған рахметін айтар» деген пікірін Нұрғиса Тілендиев бекер айтпаса керек. Сонымен қатар компо­зитор С.Адамбековтің «Күн мен көлеңке», И.Байзақовтың «Ақ­бөпе», Ә.Тәжібаевтың «Той болады», Б.Майлиннің «Шұға», Қ.Аман­жоловтың «Досымның үй­ленуі» спектакльдерін әнмен әр­леді. Жамбыл Жабаевтың өле­ңіне жазылған «Одағым – бақыт ордасы» атты әнімен 1973 жылы КСРО-ның әйгілі композиторлары қатысқан Бүкілодақтық ән байқауында жүлделі екінші орынды жеңіп алады.

Оның әндері сол кездің өзінде Қазақстанда ғана емес, шетелдерде шырқалған. «Маржан қыз» әнінің Үндістан мен Жапонияда әуелеуі соның дәлелі. Әбілахат Еспаевтың сәтті шыққан шығармаларының бірі – «Ұстазым менің, ұстазым» әні. Ел арасында кең тараған бұл ән ұстаздар қауымының ән­ұранына айналды. 1960 жылы Ал­матыда өткен мұғалімдердің құрылтайында ұстаздар туралы жаңа ән керек болып, Жамал Омарова «Бұл әнді тек Әбілахат қана жаза алады» деп үлкен сенім артады. Осылайша бір күннің ішінде жазылған ән көптің көңілінен шығады. Жалпы Әбілахат Еспаев 250-ге тарта ән жазған.

«Ақын мен композитордың өмі­рі қысқа, ән ғұмыры ұзақ» де­ген Әбілахат қамшының са­бындай-ақ қысқа өмірінде ұзақ ғұмырлы ән қалдырып кете барды...

Жансая ШЫҢҒЫСХАНҚЫЗЫ,
журналист