Оңтүстік Кореяның Пенчанг қаласында 9-25 ақпан аралығында XXIII қысқы Олимпиада ойындарының жалауы желбірейтіні аян. Дүбірлі сайысқа орай, сейсенбі күні оңтүстік шаһарда Бүкіәлемдік бокс академиясында ҚР ҰОК, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі мен құзырлы мекемелердің қатысуымен спортшыларымызды ресми түрде шығарып салу рәсімі өтті.
Қазіргі таңда Қазақстан спортшылары қыстық спорттың бірнеше түрінен 49 лицензия ұтып алды. Олардың қатарында медалға деген үміткерлер де аз емес. Елсияр Қанағатовтың айтуынша олар фристайлшылар Дмитрий Рейxард, Юлия Галышева, Жанбота Алдабергенова, мәнерлеп сырғанаушы Денис Тен, шаңғышы Алексей Полторанин сынды саңлақтар.
– Спортшылардың дайындығы ойдағыдай. ҚР ҰОК, федерациялардың және ҚР МСМ тарапынан қолдау көрсетілуде. Бірнеше күнде лицензияларымыздың саны анық белгілі болады. Спортшыларымызға жеңіс тілейміз! – деді ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Елсияр Қанағатов.
Ал Пенчанг қаласындағы қысқы Олимпиада ойындары екі кластерде орналасқан 12 спорттық нысанында өткізіледі. Пенчанг таулы кластерінде шаңғы спортынан жарыстар өтсе, жағажайдағы Канның кластерінде коньки спортының шеберлері өзара мықтыны анықтайтын болады. Қазақстан спортшылары Оңтүстік Кореяға бірінші ақпаннан бастап аттана бастайды.
– Осы тартысты додаға дайындық қарқынды түрде өтуде. Өзімді жақсы жағымнан көрсетіп, бір нәтижеге қол жеткізсем деймін. Біздің спорт түрінен қазір 3 лицензия бар. Менен бөлек алғашқы рет Олимпиадада Ақмаржан Калмұрзаева мен Маржан Ақжігіт өнер көрсетеді. Төртінші лицензияны Жібек Арапбаева жеңіп алады деп ойлаймыз. Бұл мен үшін екінші Олимпиада. Қобалжып жүрмін, өйткені маған сенім артушылар көп, 2014 жылы алғаш барғанымда қазіргідей жауапкершілік болмаған еді, – деді БАҚ өкілдерімен берген сұхбатында фристайл-акробатшы Жанбота Алдабергенова.
Салтанатты шара барысында ҚР ҰОК президенті Тимур Құлыбаев пен ҚР мәдениет және спорт вице-министрі Сәкен Мұсайбеков спортшыларымызға жеңіс тілеп, аттандырды. Ел намысын қорғайтын спортшылар өз алғыстарын білдіріп, ел үмітін ақтауға тырысамыз десті.
Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ