Бүгін Өскемендегі аймақтық коммуникациялар қызметінде Үржар ауданының Шолпан ауылында орын алған жағдайға байланысты брифинг өтті. Брифингке облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Шоранов, облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің басшысы Ғазиз Сүлейменов пен оның орынбасары Нұрланғазы Ибраев қатысып, аталған ауылда тексеру жүргізіп, мән-жайды анықтаған республикалық комиссияның атқарған жұмыстары, елді мекендегі қазіргі ахуал жайында түсініктеме берді.
Брифингте ең алдымен сөз алған Әсем Нүсіпова аталған комиссия құрамында Денсаулық сақтау министрлігінің білікті сарапшылары, нақтылап айтқанда, Қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің басқарма басшысы Роза Қожапова, Инфекциялық және паразиттік ауруларды эпидемиологиялық мониторингілеу департаментінің директоры Манар Смағұл, Алматыдағы С.Асфендияров атындағы Ұлттық Медицина университетінің балалар жұқпалы аурулары кафедрасының доценті Марина Головенко жұмыс істегенін, сонымен қатар облыстық денсаулық сақтау басқармасы тарапынан да арнайы комиссия құрылғанын, оған басқарма басшысының орынбасары Райфа Сафиоллинова жетекшілік еткенін атап өтті. Бұдан кейін сөз сөйлеген облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Шоранов республикалық комиссияның жұмысына жан-жақты тоқталып, Үржар аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері Ж.Тілеуберлиннің БАҚ өкілдеріне балалардың А гепатиті жұқпасын жұқтыруына қатысты қате ақпарат бергенін, аталған комиссия сары ауру диагнозы қойылған 12 баладан бөлек тағы да 19 адамның медициналық көмекке жүгінгенін анықтағанын айтты. «Алайда аудандық аурухана басшылығының эпидемиологиялық жағдайға немқұрайлы қарауынан ауданның қоғамдық денсаулық сақтау басқармасына амбулатория басшылығы мәліметті уақытында бермеген. Соның салдарынан А гепатитінің жеңіл түрімен ауырған 19 науқас ресми статистикаға еңгізілмей қалған. Олардың барлығы дер кезінде амбулаториялық деңгейде емдеуден өткен. Қазіргі уақытта олардың денсаулығы қалыпты және жанындағы адамдарға қауіп төндірмейді. Жалпы, тексеру нәтижесінде аудандық орталық аурухана басшылығының өрескел заң бұзушылықтарға жол бергені, тұрғындарға медициналық көмек көрсету мен оның сапасын қадағалау жұмыстары, тіркеуге алу-есеп беру құжаттары дұрыс жүргізілмегені, санитарлық талап ережелерінің орындалмағаны, диагностика жасау мен емдеу протоколы сақталмағаны анықталды. Анықталған заң бұзушылықтар бойынша алдағы уақытта Үржар аудандық орталық ауруханасындағы жауапты тұлғаларға қызметтік тексеру жүргізіліп, тиісті шара қолданылатын болады», - деді басқарма басшысы. Сонымен қатар М.Шоранов комиссияға Шолпан ауылының тұрғындары тарапынан кәмелеттік жасқа толмаған баланы Үржар аудандық орталық ауруханасына жеткізу үшін және дәрі-дәрмек алу үшін ата-анасының ақша төлегені жайында шағым түскенін тілге тиек етті.
Республикалық комиссияға жетекшілік еткен облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаменті басшысының орынбасары Нұрланғазы Ибраев мамандар Шолпан ауылында қайтыс болған бала гепатиттің А түрінен емес, фульминантты, яғни басқа ауыр түрі мен өткір бауыр некрозынан көз жұмуы мүмкін деп болжам жасап отырғанын, алайда кесімді байлам тергеу амалдарының қорытындысынан кейін жарияланатынын жеткізді. Шолпан ауылының тұрғындары республикалық комиссияға А гепатитімен сырқаттанған адамдардың медициналық және амбулаторлық құжаттарындағы жазбалардың өзгертілгені туралы да шағым жасаған болатын. Нұрланғазы Ибраев бұл мәселенің және аудандық ауруханадағы орын алған олқылықтардың анық-қанығына көз жеткізу үшін қосымша комиссия құрылатынын мәлімдеді.
Брифингтен кейін Шолпан ауылында қайтыс болған қыз баланың анасы Индира Жәнібековамен телефон арқылы сөйлестік. «Істің анық-қанығына көз жеткізу үшін арнайы республикалық комиссия құрылғаны дұрыс болды деп ойлаймын. Бастамасы жаман емес секілді. Біраз олқылықтарды анықтады. Бұл кісілер сонау Астанадан біреуді қорғайын деп емес, істің ақ-қарасын ажыратып, барды бар, жоқты жоқ деп айтуға келді деп есептеймін. Мұндай комиссия құрылмаса кейбір олқылықтар жабулы қазан жабулы күйі қалар ма еді, кім білсін?! Қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің төрағасы Жандарбек Бекшіннің өзі іске араласып, БАҚ өкілдеріне сұхбат беріп, мән-жайды түсіндіріп жатыр. Менің балам гепатиттің басқа түрінен қайтыс болды деген болжамдарын да айтып жатыр. Алайда менің қолыма әзірге ешқандай құжат тиген жоқ. Сондықтан қозғалған қылмыстық істің қорытындысын күтеміз», - дейді ол.
Азамат ҚАСЫМ,
«Егемен Қазақстан»
Шығыс Қазақстан облысы.