Медицина • 25 Қаңтар, 2018

Қала экологиясына «қара бұлт» төніп тұр

1472 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Соңғы уақытта Ақтөбе қаласы­ның экологиялық ахуалы төмен­деп кеткенін ешкім жоққа шыға­ра алмайды. Оған әсер еткен бас­ты фактордың бірі облыс ор­та­лығының солтүстік-батыс бөлі­гін­де орналасқан ірі өнеркәсіп орын­дарынан шығарылатын өнді­рістік қалдықтар мен зиян­ды заттар болып отыр. 

Қала экологиясына «қара бұлт» төніп тұр

Атап айт­қан­да, атмосфералық ауаның бас­ты ластаушылары қатарында аталғ­ан өнеркәсіп аумағындағы «Интергаз Орталық Азия», «Ақтөбе хром қосындылары зауы­ты» АҚ мен «Казхром транс­ұлт­тық компаниясы» АҚ-қа қа­рас­ты Ақтөбе ферроқорытпа зау­ыты филиалы және «Ақтөбе жы­лу электр орталығы» АҚ, сон­дай-ақ қаладағы бірқатар комму­нал­дық кәсіпорындар тұр деп тұ­жы­рымдайды эколог-маман­дар. 

Әрине солай екен деп өңір экономи­ка­сының дамуына үлкен ықпалы бар бұл ірі өндіріс орын­да­рының қызметін тоқтатуға болмай­ды. Тоқтатпақ түгілі алдағы жылдары мұн­дағы өнім өндіру көлемін одан әрі ұлғайту жөнін­де іс-шаралар кешені белгіленгенін қай­да қоярсыз?! Мұның өзі «мұртқа өкпе­леп жүргенде, сақал шықты» деген­дей, қоршаған ортаның одан әрі бү­лі­нуі­не әсер етіп жүрмей ме? Әрине мұн­дай қауіптің бар екені рас. Сонда не іс­теу керек? Оның алдын алудың басты жолы өндірістік кәсіпорындарда ауа мен қоршаған ортаның ластану мөлшері азаю­ына септігін тигізе алатын тазалау құ­рыл­ғыларын орнату болмақ. 

Өкінішке қарай, бұған дейінгі жүргі­зілген экологиялық тексерулер барысы өңірде оның деңгейі әлі де төмен екенін көр­сетеді. 45 шаруашылық субъ­ек­ті­сінің 34-інде тиісті тазарту құры­л­ғы­лары болмай шыққаны осының басты дә­лелі. 11 кәсіпорында мұндай тетік ор­натылғанымен тиісті нормативтік та­лапқа сай қолданылмаған. Сондықтан да Энергетика министрлігі Экологиялық рет­теу және бақылау комитетінің Ақтөбе облысы бойынша экология департаменті тарапынан оны реттеу жөнінде нұсқаулар берілген. 

Сонымен бірге Әкімшілік құқық бұ­з­ушылық туралы кодекстің 331-бабына сәйкес, әртүрлі мөлшерде әкімшілік айып­пұлдар салынған. Солай дей тұрсақ та мұның өзі тығырықтан шығудың басты жо­лы дей алмасақ керек-ті. Өйткені ауаны ластап жүрген бірқатар ірі кәсіпорындар үшін тазарту тетігін орнатқаннан гөрі, бол­машы мөлшердегі айыппұлды төлеп құ­тылу әлдеқайда тиімді екенін де сарапшылар тобы жоққа шығармайды. Мұндай жағдайда мәселені реттеудің өзге де тәсілдерін қарастыру, айыппұл мөлшерін өсіру керек шығар. Қайткенде де қала экологиясын сауықтырудың бас­ты жолы тұрақты әрі жүйелі түрдегі ба­қы­лаулар мен қадағалаулар болып қала бе­ретіні анық. 

Ақтөбе қаласында қалыпты эколо­гия­лық нормалардың бұзылуы және жа­ғым­сыз иістердің пайда болуы бі­р­қатар жағдайда кәріздік-тазалау құрылғыларының ескіргенінен орын алып келгені де белгілі. Сондай-ақ ағынды-сор­ғы стансаларының тиімді түрде пай­даланылмағаны да қоршаған ортаның лас­тану деңгейі өсе түсуіне септігін тигізген. Айталық өткен жылдың жазында облыс орталығында күкіртті сутегінің шамадан тыс мөлшерде өсіп кеткені анықталды. Сонымен бірге азот пен аммонидің құ­ра­мы жөнінде де дәл осындай деректер тір­келген. Сол тұста мамандар жағдайды ауа температурасының күрт көтеріліп ке­т­уіне байланысты деп түсіндіргенімен, мә­селенің мәнісі өзгеше сипат алғаны ай­қындалды. Яғни департамент зертхана­сында жүргізілген талдау нәтижелері бұл жайттың спирт өндірісі қалдықтары сал­дарынан орын алғанын көрсетіп берді. Әрі жағымсыз иістің пайда болуының екі көзі бар екені белгілі болды. Мұның алғашқысы жергілікті ластану көздері десек, бұған «Ақбұлақ» АҚ №6 және №11 кәріз сорғы стансалары, №41 разъезд, Қызылжар ауылы және Рысқұлов кө­шесінде орналасқан ескірген май құю стан­салары мен қаланың солтүстік-батыс ауданындағы кәріз құдықтары кіреді, дейді экология департаментінің басшысы Жақсығали Иманқұлов.

Ал тұрақты ластану көздері дегеніміз не? Өңірдің бас экологының айтуынша, бұл өнеркәсіп аймағына тазартылу үшін жеткізілетін кәріз тазарту құрылғылары, қаланың іргесіндегі тұнба алаңдары, спирт өндірісінің «барда» деп аталған қал­дықтары, бұрынғы ет комбинаты ау­ма­ғындағы сүзгі алаңдары. Бір сөзбен айт­қанда, спирт өндірісінің кеуіп кеткен қал­дықтары жаз кезінде әлі күнге дейін жа­ғымсыз иістің пайда болуына әсерін тигізіп келеді. Бұл ісіну үдерісі салдарынан пайда болады екен. 

Қалай дегенде де қазіргі күні Ақтөбе қаласының экологиясына төнген қара бұлт ыдырамай тұр. Оның шешімі бірін­ші кезекте облыс орталығындағы «Ақбұлақ» АҚ-ның қалыпты қызметіне бай­ланысты екеніне де осы материалд­ы га­зет өндірісіне әзірлеу кезінде көз жет­кізе түстік. Егер олардың ісі кәріз тазарту құрылғыларын ретке кел­тіруден бастау алса, бірқатар түйт­кіл шешілетін түрі бар. Бұл үшін реагенттерді пайдалану мен «ылғалды барьер» қондырғысын ор­натудың пайда­сы мол. Кәріз-сорғы стан­­саларын ауаны та­зар­татын сүз­гі­лермен және тазарту құрыл­ғы­ларымен жаб­дықтау ісінің де пайдасы көп дейді са­рап­шы мамандар. 

Осы мақсатта өткен жылдың басында «Ақбұлақ» АҚ құбыр алаңдарына мониторингтік зерттеулер жүргізіліп, ти­істі сынамалар алынған. Оның кейбір нә­тижелері жоғарыда жазылды да. Ақтөбе қаласындағы кәріздік-тазалау құ­рыл­ғыларын жаңғырту мен қайта құру ісіне байланысты қазіргі кезде облыс әкімдігі мен экология департаменті жаңа жобалар жасай білді. Осыған орай техникалық-экономикалық негіздеме әзірленген. Аталған кешен тәулігіне 100 текше метр өнімділікпен жұмыс істеуге бағытталған. Биыл жобалау-сметалық құжатты жүзеге асыру ісі басталып та кетті. Осы арада Ақтөбе қаласы маңындағы Кірпішті ауылында және №45 разъезде аяқталған екі кәріз құю стансасы құрылысы эколо­гия­лық ахуалдың жақсаруына оң әсерін ти­гізеді деп күтілуде. Сонымен бірге облыс орталығындағы өнеркәсіп аймағында тағы бір үлкен стансаның құрылысы аяқ­талу сатысында екенін де айта кеткен жөн. Бұған қоса тұрғындар қалашығы ау­­да­нына кәріз жүйесін қайта құру мәсе­ле­лері бойынша жаңа жұмыстар қолға алын­ған. 

Қоршаған ортаның жай-күйін жақ­сарту ісінде тұрмыстық қалдықтарды орна­ластыру мен өңдеудің атқаратын рөлі жо­ғары. Бұл ретте Ақтөбе ферроқорытпа зау­ыты АҚ шлак қалдықтарын қайта өң­деп, оны өндіріске қайтадан жөнелту тех­нологиясын енгізді. Қазір мұнда құры­лыс­қа арналған қиыршық тас шығарыла бас­тады. Екіншіден, өңірде қатты тұр­мыстық қалдықтарды өңдеумен айналысатын «Кенуса», «Импорт Мастер», «Поливест» және «Көктас Ақтөбе» ЖШС секілді құрылымдар өз қызметтеріне кірісіп кетті. Бүгінгі кезде олардың қайта өңдеген өнімдерінің көлемі тұтастай қалдықтардың 2,5 пайызын құрайды. Әрине мұны жоғары көрсеткіш деуге болмайды. Дегенмен қазіргі істің барысы алдағы кезде оның көлемі одан әрі өсе түсетініне негіз қалай алады. Тағы бір айта кетерлік мәселе, тұрмыстық қал­дықтарды тиісті орындар мен поли­гондарға апарып төгудің тиімділігі жоға­ры. Әйтсе де оны рұқсат етілмеген немесе санкцияланбаған жерлерге тастау дерек­тері де кездесіп қалып жүр. Оған жол бермеу, пластик қалдықтарды бөлек жинау тәртібі түбегейлі орнықса, бұл қала тұрғындарының экологиялық ахуал­ды жақсартуға және қала тазалығын сақтауға қосқан үлесі болып табылар еді. Экологиялық мәдениеттің қалып­та­суының басты арқауы да осында дейді, департамент басшысы Ж.Иманқұлов. 

Ақтөбе қаласының қазіргі экологиялық жағдайы жөнінде әңгіме қозғаған кезде аттап кетуге болмайтын тағы бір ма­ңыз­ды мәселе бар. Бұл соңғы кездері қа­ла ішіндегі автокөліктер санының күрт өсуі. Мұның өзі ауаның ластануы­на үлкен әсерін тигізетін фактордың бірі­не айналып келеді. Қолда бар дерек­тер облыс орталығы аумағындағы та­биғи ортаға шығарылатын зиянды заттар жи­ын­тығының 83 мың тоннасын авто­көл­ік­тен шығарылған улы түтіндер құ­рап отырғанын көрсетеді. Кереғар көрі­ніс­т­ердің орын алуының басты себептері – жа­нар-жағармай сапасының төмендігі, ес­кірген автокөліктер және қаладағы автокөлік жолдарының тарлығы болып отыр.

Автокөліктерден ауаға шығарылатын зиянды заттардың нормадан тыс деректері Ақтөбе қаласы аумағында экология мен ішкі істер департаменттері бірлесіп жүр­гіз­ген рейдттік тексерулер барысында бел­гілі болды. Мұның өзі қала эко­ло­гия­­сына төнген қара бұлтты бұдан әрі қою­ландыра түскені кәміл. 

Биыл жергілікті атқарушы органдар тарапынан Ақтөбе қаласының эколо­гия­лық жай-күйін жақсарту жөнін­де тиісті іс-шаралар белгіленді. Облыстық және қа­лалық әкімдіктерде өткізілген жиындар мен кеңестер кезінде де бұл мәселенің өзек­ті әрі өткір күйінде тұрғаны жан-жақ­ты әңгіме болды. Бұдан тиісті нәтиже шы­ғарыла ма, әлде айтылған сөздер мен ой-пікірлер сол айтылған күйінде қалып қоя ма? 

Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан»

АҚТӨБЕ