Маң далада мыңғырған мал да көрінбейді. Бұл ауылдың табыс көзі қайда дейміз ғой? Сөйтсек, Айыртаста отырған азғантай тұрғындардың тұрақты жұмысы мектептің айналасында ғана екен. Мектеп директоры Қанат Бәкіровтің айтуына қарағанда, биыл тоғыз жылдық мектепте 35 оқушы білім алып жатыр. Ал мұғалімдер мен басқа да қызметкерлердің саны баладан көп. Айыртастың қырықтан астам тұрғыны осы мектептен нәпақа тауып отыр. «Сонда отыз оқушыға қырық мұғалім болып тұр ғой!» дейміз. Сөйтсек, әкім былтыр сол отыз бес оқушының өзін ойдан-қырдан жинағанын мектеп директоры Қайыр Шайкеновпен бірге қынжыла жеткізді. Қазір ауылда небары 208 адам қалған. Кезінде 1200-дей адам тұрған дегенге көңіл сенеді, көз сенуі қиын...
Түйткілдің бірнеше түйінін осы жерде таратқан жөн. Ең бірінші, Айыртас ауылының шалғайда жатқандығы бірден-бір әсер етіп, тұрғылықты халық тоқсаныншы жылдары үдере көшіп кеткен. Сорақысы тәуелсіздік алғанымызға ширек ғасырдан астам уақыт өтсе де Айыртастың жолы жөнделмеген. Жолақысын төлесең де Айыртасқа ешкім апарғысы келмейді. Жеңіл көлік жете алмайтын қайран атамекенді көктемде су, қыста қар, жазда шаң басып қалады. Үкімет тым құрығанда ауылға бұрылатын көтерме жолдың 65 шақырымының сын көтермейтіндігін қаперлеріне алса деген айыртастықтардың тілегі бар.
Алайда көнбіс халық көп болмаса да біршамасы әлі тұрақтап отыр. Шүкіршілік ететіні «Ақбұлақ» бағдарламасымен ағып тұрған суы мен жанып тұрған жарығы көңілге медеу. Мәселенің барлығы ауылдағы адам тапшылығынан шығатыны айқын. Бала саны жетпесе мектеп жабылмақ. Мектеп жабылса, ауыл тарамақ. Ауыл тараса, ертең қазақтың тамырына қара балта шабылатыны ащы да болса шындық.
Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей бастамасымен тәуелсіз Қазақстанда индустриялық-инновациялық бағытта үлкен бағдарламалар қолға алынып, көптеген игі жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Оның ішінде ауылды дамытуға қатысты тың бастамалар да бар. Елбасы қамқорлығымен қолға алынған ауылдық квота мен ауылға қажет түрлі мамандықтарға оқу гранттары және «Дипломмен – ауылға!» жобалары бар. Алайда осы бағдарламаны бағамдап жатқан жас байқалмайды...
Және осы бір жерде ескере кететін тағы бір жайт шығады. Біз шын мәнінде «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасын тек жастар қолдап, жастар қолдануы керек деп ойлайды екенбіз. Алайда оны зейнет жасынан аспаған кез-келген қазақстандық қолдана алатынын біле бермейміз. Мысалы, Қарағанды облысының Абай ауданы, Топар кентіне мұғалім болып барған біздің бұрынғы әріптес Ержан Имаш осы сөздерімізге айқын дәлел бола алады. Бағдарлама негізінде жұмысқа орналасып, тіпті баспаналы да болған. Бұдан шығатын қорытынды, Айыртас сияқты ауылдарға тек қана жастарды көгендеуді көздемей, көп балалы үлкен отбасыларын да тартуды ойластырған дұрыс болар еді.
Әйтпесе екі жыл бұрын Ақтоғай ауданындағы оқу жылының қорытындысына қарасақ, ауданға қарайтын Қарасу орта мектебі мен Сона бастауыш мектебі жабылған. Калинин орталау мектебі мен Қарақой бастауыш мектебі жабылу қауіпінің алдында тұр. Айыртас ауылындағы орталау мектептің жағдайын көзіміз көрді. Қайталап айтсақ, егер мектеп жабылса, ауылдық округ те жабылып қалуы әбден мүмкін. Осындай оқушы санының азаюы Нарманбет, Кежек ауылдарында да орын алып отыр. Бұл мектептер жоғары жақтағы білім саласы басшылары мен жергілікті әкімдердің ерекше назарында болуы тиіс.
Осы жерде сол ауылдан шыққан ақын әріптесіміз Ілияс Мұқайдың «Сыныптасы жоқ бала» деген өлеңі ойға оралады:
«Болмаған соң болаттай ірге мықты,
Орман жұртым селдіреп үлгеріпті.
Сырласы жоқ кәріні көріп едік,
Құрдасы жоқ баланы кім көріпті?
Жасы кетіп жұртынан жырақ, дара,
Жат өңірден тауыпты тұрақ, пана.
Үркердей-ақ үй қапты үрпиісіп,
Бір сыныпта бар екен бір-ақ бала…»
Бізді бір ғана жайт қуантты, ол – қазақы мейірім. Жоғарыда айтқан Калинин ауылы былтыр бала санына байланысты, оның арғы жағы қазақы қамқорлыққа барып тірелетін патронаттық тәрбие бойынша 1 баланы бауырларына басып, мектептің жабылуынан жол тауыпты. Ал сол Ақтоғайға қарайтын Қоңырат ауылындағы Жәлел Бәкіров есімді азамат патронаттық тәрбиеге баланы алып, мектептегі оқушы санын қажетті межеге жеткізген. Осы мақсатта Қусақ ауылы 2 баланы, аудан орталығы тағы бір баланы тәрбиелеп отыр.
Айыртастағы оқушылармен кездесіп, оларды әңгімеге тартқанда көздеріндегі оттан кеңсірік удай ашығанын қалай жасырасыз? Аулада жиырма бірінші ғасыр, ауылда жиырмасыншы ғасыр секілді. Бір баланың есімі Орал екен. Бұл нені меңзейді деп ойлар болсақ, ол ауылдың дені көбін қазір бірді-екілі тарихи отанына қайтып оралған қаракөз қандастарымыз екенін ұғасыз. Шіркін-ай, ағайын-туыстың бәрі осы лекпен, осы ретпен ауылға қайтып келсе Айыртас аршындап, Шұбартау шарықтап кетер еді-ау... Мұндай мәселелер тек Ақтоғай төңірегінде емес, Қазақстанның түкпір-түкпірінде бар екенін айта кеткен жөн.
Мирас АСАН,
«Егемен Қазақстан»