«Біз Шығыс Қазақстан облысының, Үржар ауданындағы аруханада болып, Шолпан ауылындағы жағдаймен таныстық. Оқиғаға қатысты толық тексеру жүргізіп, барлық құжаттарды қарадық. Осы орайда 19 оқиғаны жасыру жағдайы анықталды, яғни дерттің жеңіл формалары белгілі болды.
Санитарлық ережелер бойынша науқасты амбулаторлық жағдайда, яғни үйде емдеуге жол беріледі. Бірақ міндетті түрде Қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің аумақтық органдарына хабар берілуі тиіс. Сол кезде тиісті шаралар қолданылады. Бұл ретте қыркүйек айында бірінші оқиға тіркелген кезде дәрігерлік амбулаторияда дәрігер болмаған. Көмек көрсету тек орта медициналық қызметкерлер тарапынан ғана жасалған. Қазан айының басында бұл нысанға дәрігер келген. Ол – жас маман, яғни 2017 жылдың түлегі», деді Ж.Бекшин.
Сонымен қатар ол тексеру барысында науқастар дәрі-дәрмекті өздері сатып алғаны белгілі болғанын жеткізді.
«12 оқиға бойынша науқастар ауруханаға көлікпен өздерінің есебінен жеткізілген. Әрқайсысы тасымалдау шараларына 5 мың теңге төлеген. Бұл өз кезегінде талаптарды өрескел бұзу фактілеріне кіреді. Анықталған осы кемшіліктердің барлығы облыс әкімдігіне хабарланып, кінәлілер әкімшілік ықпал ету тұрғысында жазаға тартылады», деді Жандарбек Бекшин.
Денсаулық сақтау министрлігінің Қоғамдық денсаулық сақтау комитеті төрағасының сөзінше, Шығыс Қазақстан облысы мен Қарағанды қаласында орын алған оқиғалардың бір-бірімен ешқандай байланысы жоқ. Сондай-ақ ол Қазақстанда бұл аурудың бұрынғыға қарағанда анағұрлым азайғанын алға тартты.
«Мен 1999 жылы елімізде 34 мыңнан астам сары ауру оқиғасы тіркелгенін білемін. 2000 жылы 23,5 мың, өткен жылы 783 жағдай тіркелді. Балаларға 2 жасынан бастап жасаған екпенің арқасында 17 жыл бойы гепатиттің жиілігі 39 есеге төмендеді», деді Жандарбек Бекшин.
Бас санитарлық дәрігердің айтуынша, өткен жылы ШҚО-да сары аурудың 75 оқиғасы тіркелген.
«Осы көрсеткіштен төмендеу айқын аңғарылады. Әсіресе 2009-2010 жылдары төмендей бастады, себебі екпе нəтиже бере бастады. Және В гепатитінің вакцинациядан кейінгі жиілігі 69 есеге азайды», деп атап өтті ол.
Рауан ҚАЙДАР,
«Егемен Қазақстан»