Орталық музей 2013 жылдан бері «Біз біргеміз!» студиясымен бірлесе отырып «Музей түні», «Наурыз бояулары», «Отбасымен музейге!» және басқа да тартымды жобаларды іске асырды.
Жоба жетекшісі Дина Мертенова Шет тілдері институтын тәмамдағаннан кейін бірден кәсіпкерлікпен айналысты. Дегенмен ол өзінің суретші екенін жан-тәнімен әрдайым сезінетін және сурет училищесінде оқыған жылдарын ыстық сезіммен жиі еске алатын. Біршама жыл өткенде кенеттен отбасы оған мольберт, қылқалам мен бояулар ұсынып тосын сый жасады. Содан бері кескіндеме өнері оның өмірлік ісіне айналған, сөйтіп «Біз біргеміз!» атты көркемсурет студиясын ашты.
Украиналық суретші М.Скоблинскиймен кездескеннен кейін Дина кескіндемеде тың әрі бірегей, адамға шабыт беретін, бастысы, кенепке бояуды саусақпен жағу, масхитинмен және қылқаламдарды араластыра отырып сурет салу сияқты нәтижелі тәсіл арқылы адам сезімінің сан-алуандығын көрсетуге болатынын байқады.
«Алла прима» әдісі 1-3 сағат арасында толыққанды сурет салуға мүмкіндік беретін импрессионист суретшілердің шығармашылығында тұрақты орнын тапты. Бұл майлы бояумен әп-сәтте сурет салып шығуға мүмкіндік беретін танымал тәсіл. Мұндай әдісті қолданатын суретші бояу толық кеуіп болғанша суретін салып бітіреді.
Қазіргі кезде «Біз біргеміз!» студиясы өнерге немқұрайлы қарамайтын, өз дарындарының түрлі қырларын шыңдағысы келетін түрлі жастағы адамдарды біріктіре алды. Себебі шығармашылық ұшқынын әрбір адам бойынан табуға болады. Кенеп бетінде сенімді сырғыған қылқалам қимылынан түрлі жолақтар, бояулар мен бейнелер пайда болып, соңында тамаша бір картинаның дүниеге келуін бақылау да бір ғанибет. Күні кеше өнерден алшақ жүргеніңмен бүгін өзіңді кескіндеме өнерінде байқап көрген тіпті де ғанибет.
Жобаның мақсаты – майлы бояумен сурет салудың қыр-сырын үйрете отырып, адамның өзіне деген сенімін ояту.
Көрмеге түрлі жанрдағы — пейзаж, натюрморт, портрет және батик әдісінде салынған 50 шығарма қойылды.
Сурет салуда академиялық білімдері болмағанымен, суретті жүрегімен және көңілінің сиқырлы сәулесі – дарын, шабыт және зор сүйіспеншілікпен салатын жандар. Өнерге деген сүйіспеншілік бұл өнер иелерін «Әлем жауынгерлеріндей» сезіндіреді.
Сапарбай ПАРМАНҚҰЛ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ