Джонатан Гранофф,
Жаһандық қауіпсіздік институтының президенті (АҚШ):
Қауіпсіздік үшін ядролық қаруға ие мемлекеттердің басқаларды одан бас тартуға шақыруы әділдік емес. Сондықтан Нұрсұлтан Назарбаевтың шартарапты атом бомбасынан азат ету туралы бастамасы өте маңызды. Әлем елдерінің көшбасшылары Қазақстан Президентінің бұл бастамасына бірауыздан қолдау білдіруі керек. Мәселен, АҚШ өзінің ядролық қаруды таратпау келісіміне сай өз міндетін орындап, оқтұмсықтарынан бас тартуы тиіс. Мұндай әрекетті Ресей, Қытай, Ұлыбритания және Франция елдері де орындауы қажет. Былтыр шілдеде 122 мемлекет ядролық қаруға тыйым салу келісіміне қол қойды. Егер оқтұмсықтары бар мемлекеттер бұған келіспесе, өзара әріптестік орнатып, ядролық қарудан бірлесе бас тартуы тиіс.
Осы орайда, Қазақстанның БҰҰ-дағы қызметі талайларға үлгі бола алады. Әсіресе, Қауіпсіздік Кеңесіне төрағалық етуінің маңызы зор. Өйткені бұл мемлекеттің екі тарапқа көпір болуға қабілеті бар. Сонымен қатар Қазақстан Қытай, Ресей, АҚШ, Үндістан сынды әлемнің көптеген елдерімен жақсы қарым-қатынас орнатқан. Ауғанстандағы мәселені бейбіт жолмен шешуге батыл қадамдар жасап жатыр. Қазақстанда көптеген этностар тату-тәтті өмір сүріп жатқаны белгілі. Осы тұрғыдан көпұлтты, бейбіт және дамыған қоғам құрудың озық үлгісін де көрсетіп келеді.