Аймақтар • 26 Қаңтар, 2018

Атақты «Ақ үй» мен сырға толы «Сары үй»

658 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Тастан шекпен киген әр шаһардың ахуал-аурасы, кеңістігі, тұтас тағдыры, тіпті көңіл күйі оның әлеуметтік әлеуетіне, архитектурасына ғана емес, ең алдымен оны мекендейтін адамдардың, әсіресе зиялы адамдарының көптігіне, солар қалыптастырған мәдениеттің мығымдығына, сол жайсаңдардың соңында жаңғырып тұрар жақсы атына қарайлас. 

Атақты «Ақ үй» мен сырға толы «Сары үй»

Суретті түсірген Нұрманбет ҚИЗАТҰЛЫ

Алматыда  дәл осындай атақты ғалымдар мен ірі мәдениет пен өнердің өкілдері және белгілі партия, қоғам қайраткерлері үшін арнайы салынған үйлер, олар қоныстанған көшелерден тұратын «алтын аудандар» аз емес. Бір шеті Сейфуллин көшесінен бас­талып Достық даңғылына дейін созылып жатқан, Абай мен Төле би көшелерінің ортасындағы төртбұрыш аумақ үй сататын риэлторлар үшін бағасының биіктігімен қымбат болса, қарапайым адамдар үшін қастерлі тұлғалардың өмір сүріп кетуімен қымбат. Жақсының табанының ізі қалған үй екенін ілулі тұрған ескерткіш-тақта айтады. 

Ал  Мұқан Төлебаев көшесімен төмен қарай құлдиласаңыз, қа­дам басқан сайын екі қапталда ор­наласқан үйлердің төменгі қабатындағы қабырғаға тұтаса ілінген ескерткіш-тақталардағы жазуды оқимын деп оңды-сол­ды қараумен-ақ мойныңа сал­мақ түсіп, басыңның айнала бастағанын байқайсың. Қан­ша қызықтағың келсе де, сағы­нышыңды оятатын самсаған ес­керткіштердегі жазудың бәрін оқып тұрудың мүмкін еместігі есіңе түсіп, бойыңды жеңіл мұң билеп, діттеген жағыңа жөней бере­сің. Көше емес, құдды бір ескерткіш-тақталардың – қадір-қасиеті бірінен-бірі асатын о дүниелік болған жақсылардың өзінен кейінгілер үшін қалдырған құрмет галереясы ма дерсің. Дақ­пырты мен даңқы дәл осы үй­лерден артық болмаса кем емес, ел аузындағы фольклор іспетті ауыз­ша да, жазбаша да әдебиетке арқау болған, иелерінің көзі тірі­сінде-ақ көпшіліктің көңілінде сүй­кімді бейнесін «сомдап» ал­ған Алматыда тағы да аяулы екі үй бар. Күн сайын таңертең және кешкілік жүретін жолымыз болғандықтан, тым-тырыс тұратын терезелеріне қарап өту әдетімізге айналған. Моп-момақан болып тұрғаны қазір ғой, әйтпесе Жазушылар одағын Әнуар Әлімжанов басқарып тұр­ған кезде қаламгерлерге бе­ріл­ген атақты «Ақ үй» мен сырын ішіне бүккен «Сары үйде» небір тентек мінездер тұрды ғой. Бұл «бүлікшілердің» әрқай­сысы әдебиетке қаншама баға жет­пес байлық сыйлап кетті. Сақұр-сұқыр қайнап жатқан әде­биетке қатар жүріп қызмет етіп қана қоймай, өмірде «сіз-бізі» жарасқан Құдай қосқан көршілердің бір үйді бөліскендері бақыт болды ма, әлде оның да өзіндік қолайсыздығы бар ма еді, оны иелерінің өздері білер. Бірақ жанынан өткенде жайсаңдарды еске алып, көңіл иитіні рас.

1977 жылы «Алматы­қа­ла­қ­ұ­рылыс» ескі гараждарды күреп тастап, орнына салып берген қос үй бас шайқатып, айта жүретіндей небір қызықты хикаяттарға толы болғанын әдебиетсүйер қауым жақсы біледі. Тіпті салынбай жатып, «осы жерден үй беріледі екен» дегенді естіген бойда кі­лең пәтер жалдап, баспананың қорлығы өткен ағаларымыз күн сайын құрылыстың басына барып, темекісін бұрқыратып, шаң-топыраққа көміліп тұрып әңгіме-дүкен құруды әдетке айналдырыпты. М.Әуезов театрының дәл артында жатқан Жамбыл кө­шесінің осы бөлігі ел аузында «қайынененің тілі» деп аталып кеткен. Себебі ... себебі жіңішке әрі ұзын болып, салақұлаш созылып жатқандықтан солай аталған болар деп шамалаймыз. Соның да жанама әсері болды ма, оған енді қалжыңы адам өлтіретін қу тілді қаламгерлер ке­ліп қоныстанғаннан кейін бұл үйлерден қалжың да, сырға толы қырлы кітаптар да қазақ ішіне қалықтап тарап жатты. Қалжыңдасатын қатарласы емес­­­піз, сатираға бергісіз талай сылтың сөздің тууына себепкер болған «Ақ үй» мен «Сары үйді» жалпақ жұртқа жайылған тіркеме-тіркесімен айтуға тілімізге теріс­кен шығатындай тартынып, сы­пайылық сақтаймыз, алайда сол бейкүнә атауының өзі-ақ осы үйдің құрметін асырмаса, кемітіп тұрған жоқ. 

Заманында Жазушылар ода­ғының өзіне «альтернатива» бола жаздаған бұл екі үй де Одақ­тың кішігірім бір бөлімшесі сияқ­ты өлең оқылып, повесть талданып, қызылкеңірдек айтыс жү­ріп жататын дүрмегі мол ор­та болған. Себебі ақыны бар, жазу­шысы бар, оның ішінде Одақ­та қызмет істейтін бірді-екілі хатшы, терімші, есепшісі бар, қырық адам «Ақ үйден» үй алса, жиырма қаламгер «Сары үйден» пәтерлі болып, бас-аяғы әдебиеттің айналасындағы 60 адам улап-шулап қатар тұр­ған қос үйге бір мезгілде ке­ліп қоныстанады. Мысалы, «Ақ үйде» Сәду Машақов, Оспан­хан Әубәкіров, Оралхан Бө­кеев, Тәкен Әлімқұлов, Қуан­дық Шаңғытбаев, Шәміл Мұха­метжанов, Өтебай Қанахин, Хиз­мет Абдуллин, Амантай Сатаев, Ізтай Мәмбетов, Рамазан Тоқтаров, Марат Қабанбаев, Сайымжан Еркебаев, Ибрагим Исаев, Есенжол Домбаев, Бе­кен Әбдіразақов, Қабдеш Жұ­ма­ділов (кейінгі жылдары бас­қа үйге қоныс аударған), Ғаббас Қабышев, Советхан Ғаб­басов тұрса, «Сары үйде» Жай­саңбек Молдағалиев, Қадыр Мыр­залиев, Мұхтар Мағауин, Асқар Сүлейменов, Әбдірашит Ахметов, Сәтімжан Санбаев, Ісләм Жарылғапов, Әбіраш Жәмішев, Мұрат Әуезов, Үміт Жансүгірова, тағы басқалары тұрған. Миллионнан артық тұр­ғыны бар мегаполисте осыншама марғасқаны бауырына басқан бұдан өзге босағасы алтын «зия­лы» үйді табу қиын шығар. Осы авторлардың әрқайсысы әдебиетке екі жылда бір жинақ беріп тұрыпты. Жазудан басқа уайымы болмай, жарыса жұмыс істеген проза мен поэзияның ірі өкілдері қалай еркелесе де жарасады емес пе? Араның ұясындай гуілдесіп жататын «Қаламгердің» рөлін мұнда алқақотан отыра қалып әңгімелесуге ыңғайлы атшаптырым аула атқара беретін. Ғажап емес пе: есігінің алдына шықса болды – Қадыр Мыр­залиевті көреді, алдынан Асқар Сүлейменов келе жатады, мына подъездің тұсында Оралхан Бө­кеев көлігінен түсіп жатады. Есік­ті кілтпен жауып, құлып салу дегенді бұл үйдің тұрғындары білмейді. Әкелері сияқты балалары да тонның ішкі бауындай араласып кеткен, сәт сайын добын құшақтап, бірін-бірі іздеп келіп тұрады. Мұндайда қайсыбірі қоңырауға жүгіре берсін, одан да есіктің ашық тұрғаны дұрыс, келсе, «өз адамы». Амал не, бүгінде жайсаңдардың дерлігі о дүниелік болды, бірқатар қара­шаңырақта жақсының көзіндей болып қара орманын күзеткен жесір­лері мен балалары отырса, көпшілігі пәтерін сатып не ауыс­тырып, басқа жаққа көшіп кеткен. Бірақ әдебиетті сүй­ген, аталған қаламгерлердің шы­ғар­маларын жастанып жатып оқы­ған әр оқырманға отты да нәзік өлеңнің, яки ойлы да терең әңгіме мен романдардың дәл осы үйдің төрінен тарту етілгені үшін әлі де ыстық тартатын шығар деп ойлаймыз.

 Бұл үйдегі қызықтардың бір парасы жазушы Әлібек Ас­қа­ров құрастырған «... Деген екен­де» былайша баяндалады. Жазушылар одағының үйінде Хизмет Абдуллин, Қуан­дық Шаңғытбаев, Шәміл Мұ­хаметжанов, Ізтай Мәмбетов сияқ­ты ақын-жазушылар көрші тұрады екен. Бірде бас қосып, әзіл-қалжың жарастырып отыр­ғанда Қуандық: – Ау, Хиз­мет, мына қазақтардың біріне Алтай­дан, біріне Ақжайықтан, енді біріне Арқадан ағылып қой келіп жатады. Сен болсаң ғой, ауылың Алматының іргесінде, өмірі бір қой алдыруды білмейсің, әлде ауыл-аймағың малдың не екенін білмей ме? – деп әзілдейді ғой. Хизмет шыққан ортаның, шындығында, малдан гөрі жерді көбірек күйттегені рас. Алайда ет жөнінде қазақтардан кем түскісі келмеген Хизмет: – Ә-ә, біздің ауылдың да әр көдесінің түбі мал, қой дегеніңнің күнде біреуін келтіруге болар еді. Бірақ менде сендердікі сияқты балкон жоқ, бірінші қабатта тұрамын ғой, – деп жалтарады. Мұнысына тоқтайтын жігіттер ме, «ойбай-ау, өзің алдымен қой алдыршы, сонсоң ет сақтауға келгенде біз­де балкон дегенің жетеді ғой» деп тақымдап қоймайды. Сонда шегінерге жері қалмаған Хизмет: – Жоқ, қазақ пен қасқырға етті сеніп қоюға болмайды, – деген екен. Арада бірер күн өткенде телефон шыр етеді. Хизмет телефон құлағын көтерсе, Сәбит Мұқанов екен. – Уай, Хизмет, мен Сәбит қой, – деп өзінің қырылдай шығатын даусымен біртүрлі сер­гек тіл қатады, – қазақ пен қасқырға етті сеніп қоюға болмайды деген сөзің жақсы екен. Сәбең қырылдай күліп, телефон құлағын қоя салады.

Міне, көршілер арасындағы мұндай қызық бұл үйде күнде болып жататын. Үйіндегі үш бала, ауылдан қыдырыстап келіп қонақ болып жататын ағайын-туыстың үстіне пойызда жолшыбай та­ныс­қан адамдарды «Алматыда жұ­мысы бар екен, бітіргенше біз­дің үйде тұра тұрсын» деп ертіп келетін Оспанхан аға­мыздың жомарттығы мен әзіл­кештігінен туған әңгіменің өзі бір төбе. Оспанхан, Хизмет, Шә­міл қайтыс болып, қос үй қатар күңіреніп жатқанда, көр­шілерін қара жерге қимаған ақын Бекен Әбдіразақов арнау өлең­­дер жазып, ел-жұртын тегіс еңіреткенін ақынның ошағының отын өшірмей отырған жары Қазына апай көзіне жас алып отырып еске алды. «Біз мұнда өзіміз бір ауыл сияқты едік қой. Бірі аға, бірі іні секілді, бәрі бір анадан туған бауырдай болып кеткен қимастары кеткенде, Бекен аласұрып оларды қатты іздеді. Әсіресе Осекеңді жанынан да жақсы көретін. Ерлеріміз тату болғаннан кейін шығар, біз әйелдер де өзара сыйлас, сырлас өмір сүрдік. Бұлар бірінің үйіне бірі кіріп, жазғандарын оқып, жақсы сыйласты. Араларында қызғаныш, көре алмастық деген пендешілікке жол бермеді. Олар өмірден баяғыда өтіп кетсе де, біз бір-бірімізбен хабарласып, араласып тұрамыз», дейді жасы 81-ге келген Қазына апа.

«Ақ үй» мен «Сары үйді» ерін­бей айналып шықтық. «Ақ үй» әлі де әрін бермепті, тек «сары» ғана заманына қарай сәнденіп, қызыл түске боялып, құлпырып алған. Алпыс қаламгердің арасынан «Ай үйде» тек Оралхан Бөкей, Оспанхан Әубәкіров, Тәкен Әлімқұловқа, «Сары үйде» Жайсаңбек Молдағалиев пен Қадыр Мырзалиевке ғана тақта орнатылған. Әрине көп­шілігі көзі тірісінде көшіп кетті, бірақ қадірлі есімді ғана емес, қазақ үшін атқарып кеткен қыз­метін де еске салып тұратын ескерт­кіш тақта ілу мәселесі бұл бесеуімен шектелмеуі тиіс. Алматы қаласының әкімдігі алпыстың бәріне болмаса да, еңбегі елеуге тұрарлық ең болмаса жиырма-отызының есімін жиып-теріп жазып, бір тақта орнатса, олардың ұрпағы үшін ғана емес, әдебиет үшін әділетті іс болар еді. Қаперге алса, қанекей?..

Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ