Медицина • 29 Қаңтар, 2018

Энергетикалық сусындар зиян

1302 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Саламатты өмір салтын насихаттау әрқашан да мемлекеттің негізгі міндеттерінің бірі болып қала береді. Мемлекет басшысы Н.Назарбаев өзінің «Қазақстан – 2050» Стратегиясында «ұлттың денінің саулығы – біздің табысты болашағымыздың негізі» деп атап көрсетті.  

Энергетикалық сусындар зиян

Еліміздің медициналық қауым­­дастығы дабыл көтеріп, көп­ші­лік орындарда сатуға шектеу қой­ылғанына қарамастан жас бала­лар мен жасөспірімдердің энер­ге­тикалық сусындарды тұ­ты­нуының артып келе жатқанын айтуда.

Қазақстандық дәрігер маман­дардың айтуына қарағанда, энерге­ти­калық сусындардың құра­мында есірткі заттары бар, олар орталық нерв жүйесінің бұзылуына әсер етеді. Бала оны біршама уақыт үзбей ішсе әбден дағдыланып, байланып қалуы да ғажап емес. Сусындардың осындай жаман белгілері туралы ақпарат сыртына өте ұсақ әріп­термен ажыратуға қиын еті­ліп жазылған. Ал пайдалы жақ­тары керісінше, үлкен әріп­тер­мен, көзге бірден түсетін етіп, жақ­сы жарнама түрінде берілген. Құ­қық қорғау органдарының қыз­­мет­керлері осындай энер­ге­­ти­ка­лық сусындарды көп ішетін балалардың бұзақы, тентек мінездерімен жиі көзге түсіп, темекіге де басқа бала­лармен салыстырғанда үш есе үйір болатынын, есірткіге де құмар болып, түрлі қылмыстарға да жиі баратынын айтады.

Шетелдік мамандардың айтуына қарағанда, энергетикалық сусындар қорқыныш, ұйқысыздық, үрейлену, ашуланшақтық, жү­рек­тің қатты соғысы сияқты ке­сел­дердің тууына себепкер бо­латын көрінеді. Дүниежүзілік ден­саулық сақтау ұйымы балалар арасындағы жүрек-қан тамырлары сырқаттары мен жүйке жүйесінің бұзылуын, асқазан-ішек ауруларын болдырмаудың бір жолы – энергетикалық сусын­дарды шектеу екенін айтқан. Сон­дықтан дамыған елдердің кө­бін­де бұл сусындарды сатуға тұтас­тай немесе жартылай шектеу қойылған.

Біздің елімізде Қазақстанның мемлекеттік бас санитарлық дәрі­герінің 2013 жылдың 19 та­мыз­дағы «Сергітетін компоненттері бар сусындарды сатуға тыйым салу туралы» атты қаулысымен орта және арнаулы орта білім беретін мекемелерде, жоғары оқу орындарында, денсаулық сақтау мекемелерінде, жасөспірімдер мен жастар көп жиналатын орын­­дардағы мәдени-көпшілік шара­­ларда мұндай сусындарды сатуға тыйым салынған.

Алайда бұл тыйым өзінің нәти­же­сін көрсете алмай отыр, аталған жердің бәрінде энер­ге­тикалық сусындар кедер­гі­сіз сатылып жататынын көре­міз. Тіпті, мұндай жерлер­де са­т­ыл­мағанның өзінде жасөс­пі­рім­дер көшенің кез келген бұ­рышынан оны оп-оңай сатып алып жатады. Сондықтан Үкі­мет басшысы өзінің арнайы қау­лы­сымен еліміздің бар­лық түк­пір­лерінде жастары кәмел­етке толмағандарға осындай су­сын­дарды мүлде сатпау туралы өкім бергені жөн. Спирттік ішім­діктерді сатуға осындай т­ыйым берілген соң оны сату шек­телді ғой, энергетикалық сусын­дар­ға да сондай шара керек. Со­ны­мен қатар осы қаулыны бұз­ған сатушыларға қандай әкім­шілік жаза қолданылатыны да осы қау­лыда қарастырылғаны дұрыс. Сонда біз жасөспірімдер мен бала­лардың денсаулығын сақ­тай­тын боламыз. Мәжіліс­тегі «Нұр Отан» партиясы фрак­­цияс­ының бір топ мүше­лері осы ұсынысымызды Премьер-Ми­нистр Бақытжан Сағын­таев­тың атына депутаттық сауал ретінде жолдадық

Сәкен ҚАНЫБЕКОВ,

Мәжіліс депутаты.