«Астана» Жолшиевтің осыған дейін командаға сіңірген еңбегін елеп, ескеріп, тағы бір мүмкіндік берген сияқты. Клубтың басшысы Саян Хамитжанов мұны ашық айтып отыр. Расында, еңбегі орасан зор. Даусыз. Команданың тарихында тұңғыш рет чемпиондар лигасының топтық кезеңінде ойнауға тап осы Жолшиевтің нәтижелі ойындары көмектескен. «АПОЭЛ»-ге баспен соққан голын қалай ұмытасың? Ол кезде Бауыржан елордалық команданың серкесі болатын. Ол кезде Бауыржан мыңдаған жанкүйерлердің еркесі болатын. Ол кезде Жолшиев қазақ футболының жұлдызы болатын.
2015 жылы «Астана» кезекті чемпиондығын тойлады. Команданы чемпиондыққа сүйреген сұрмергендерінің бірі Бауыржан Жолшиевтің «жұлдызды» ауруы асқынып кетті. Айлығым аз деді. Еуропада ойнағысы келді. Анау деді. Мынау деді. Қысқасы, клубта қалуға құлық танытпады. Ақыры «Астана» мен Жолшиевтің жолдары екіге айырылды.
Жұлдызды ойыншысынан айырылған «Астана» абдырап қалған жоқ. Оның орнын одан да мықты ойыншылар басты. Жанкүйерлер оның жасыл алаңда жоқтығын байқамай да қалды. Бауыржансыз да чемпион болды. Еуропа алаңдарындағы жеңісті жолын онсыз да күні бүгінге дейін жалғастырып келеді.
Ал енді, екі жыл жоғары деңгейде футбол ойнамаған адамның ел чемпиондары сапында басқалармен тең дәрежеде ойнап кете алады дегенге сіз сене аласыз ба? Мәселен, Твумасимен? Маевскиймен? Мұжықовпен?
Бір кездері жасындай жарқылдаған ойыншыны «Астана-Аренадан» қайта көргіміз келетіні белгілі. Мəселе, «Астананың» құрамына іліге ала ма деген сұрақта емес. Мəселе, бұрынғы бабына қайта келе ала ма деген сұрақта. Бәсекеге қабілеттігін дәлелдесе – мықтылығы. Шын талантқа тұсау жоқ. Күш-қуаты жетеді. Футболға деген немқұрайдылығы неге алып келгенін түсінген болар. Әйтпесе болашағы бар футболшы. Жақсылық көрсе де, жамандық көрсе де өзінен. Өткеннен сабақ алып, келешегі үшін еңбектенсін. Қайта бабына келіп футбол жанкүйерлерін қуанта беруіне, тілектеспіз!
Еркебұлан ЖОМАРТ,
«Егемен Қазақстан»