Роман Креч жастайынан жарқ етіп көрінген спортшылардың қатарынан. 2008 жылы жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатына барған жас жігіттің қимылы, көрсеткен нәтижесі көптеген бапкерлердің қойын дәптеріне түртілген-ді. Иә, білікті бапкерлер қателеспепті. 2009 жылы жасөспірімдер арасындағы Әлем біріншілігінде Семей қаласының тумасы Роман 1000 метр қашықтықта үшінші орын алды. Араға екі күн салып ол 1500 метр қашықтықта күміс жүлдегер атанды. Осыдан кейін бапкерлер оны жастар құрамасына ауыстырып, жасы үлкендермен бәсекелесуге салды. Дегенмен жас жігіт ересектер арасында да адасып қалмай, нәтижесін күн санап арттыра берді. Оның дәлелі 2009 жылғы Әлем кубогы болатын. Алғаш Әлем кубогына қатысқан Креч тәп-тәуір нәтиже көрсетіп, әлемдік шоқ жұлдыздармен сынға түсті.
Халықаралық жарыстардың дәмін сезіп қалған Роман 2010 жылы Олимпия ойындарына лицензия жеңіп алды. Ванкувердегі ақ ойындарда Креч сенсация жасап кетуі мүмкін делінді. Құрама командамыздың бапкерлері сенім артты. Алайда жас жігітке алдыңғы лектегі желаяқтармен айқасуға әлі ерте екен. Ол 500 метр қашықтықта 34-ші, ал 1000 метр қашықтықтағы сында 28-ші келді. Әрине Ванкувер Олимпиадасы Роман үшін алғашқы ірі сынақ болатын. Түбі болашағы бар спортшы келесі Олимпиадада атой салар деп күттік.
2014 жылғы қысқы ойындар көршілес Ресей жерінде өтті. Сочидің мұз айдынында медальдың сыңғырын естіп қалармыз деп үміттендік. Конькимен жүгірушілердің көрінетін кезі келгендей еді. Басты үмітіміз – сол баяғы Роман Креч. Себебі Әлем кубогының кезеңдері мен әлем біріншіліктерінде жерлесіміз желпініп жүрді. Жүлде алмаса да, мықтылармен терезесі тең тайталасты. Одан бөлек Азия ойындарында ол алдына жан салмай, нағыз бабына келгенін көрсетті. 2014 жылдың басты жарысына Креч ешқандай жарақатсыз, жақсы көңіл күймен аттанды. Алайда ол өзі ұнататын 500 метр қашықтықта 7-орын алып қалды. Жүлдегерлер қатарына кіру үшін оған 1 секунд жетіспеді. Конькимен жүгіру спортында әрбір секунд үлкен маңызға ие. Ал 1000 метр қашықтықта ол 13-сатыға табан тіреді.
Енді араға тағы төрт жыл салып Роман Креч өзінің үшінші Олимпиялық ойынына қатыспақшы. Бұл жолы қалай болар екен? 28 жастағы спортшыны жасы келді деп тізімнен сызып тастағысы келгендер де жоқ емес. Себебі спортшы осыдан екі жыл бұрын жарақат алып, жаттығу жасай алмай қалған кездер де болды. Енді ол барлығын ұмытып, осы Олимпиадада соңғы мүмкіндігін пайдаланып көреді. Бар күшін салып, өмірінің басты жарысына тыңғылықты дайындалуда. Оның дайындығы тіпті өткен жылдың басынан бері басталып кеткен. Креч Канаданың Калгари қаласында өзінің жеке рекордын тіркеді. 500 метр қашықтықты Роман 34,21 секундта жүгіріп өтті.
Қазір, Қазақстанның конькимен жүгірушілер құрамасы Германияның Эрфурт қаласында оқу-жаттығу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Осыған дейін олар Кипр аралында болып, дайындықтарын пысықтады. Пхенчхандағы ойындарда Роман 500 және 1000 метр қашықтықтарда бақ сынайды. Бәлкім, осы жолы Романның жолы болар?
Ермұхамед МӘУЛЕН,
«Егемен Қазақстан»