Қазақстан • 29 Қаңтар, 2018

Аяздың да пайдасы бар...

1084 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Әсілі, жаратылыстың әр құбылысы қайырлы. Аязға домбыққан беті-қолымызды аһылап-ұһлеп уқалап жатқанда әрине Құдайдың бұл күніне кейбіріміздің тіліміз де тиіп кетіп жатады. Өйткені қалада көлік қыздырған, далада мал ықтатқан ел көп. 

Аяздың да пайдасы бар...

Бірақ байқайсыз ба, ауа райы 40 градусқа дейін тө­мен­­­деген осы күндері далада тұрсаңыз тынысыңыз ашы­лып, жан дүниеңізде бір сергектік пайда болады. Тіпті әлдебір шаруамен көбірек жүріп қалып тоң­ғанның өзінде жылы жерге кірсеңіз, қатты суықтан қып-қызыл болып кеткен сау­сақтарыңыз сәлден соң ыси, дуылдай жөнеледі. Ба­ла кезімізде осы бір ыссы ағын­ды қызық көруші едік. Себебі қызылшұнақ аяз­дарға қарамастан, сырға­нақ тебетін едік. Кейде қат­ты аяз­ға қатып қалған қол­дары­мыз икемге келмей, жы­ламсыраған сәттерде әже­лері­міз тыйып тастайтын, аяздың ден­саулыққа пайдалы ек­енін айтатын. Үлкендердің ақылымен шашымызды ысқылап, домбыққан сау­сақ­тарды икемге келтіріп алатынбыз. Сол сақылдаған суықтарда елсіз түзде адасып қалғандар болмаса, ешкім үсімейтін де, үскірікке де ұрынбайтын.

Расында, аяз  –  өте пайдалы құбылыс. Құрғақ, қатты аяздарда адам баласы ауырмайды. Қайта имму­нитеті беки түседі. Яғни әже­­­­ле­ріміз балала­ры­ның шы­нық­қанын қош көрген екен. Қазір ше? Әр үйде әлпеш­теген бала бар. Әрине қатты аязға байланыс­ты са­бақтар тоқтады. Соған орай қолы босап, аулаларда асыр салған тентектерді тағы көріп жүргеніміз жоқ. Бұл әлпештің әлдиге ұласып кет­­кенінің көрінісі ме? Жы­лы пештің жанында жата берген жан марғау болмай ма? Бір уақ балалардың әр құбылысқа бейім болғанын да ойлау керек болар, бәл­кім...

Дәрігерлердің айтуын­ша, мұн­дай аяздарда ауа­дағы ви­рус­тар мен бакте­риялар тір­­шілік етуін тоқ­татады. Сон­дықтан тұ­мау, түш­кіру сияқты жұқ­­палы инфек­ция­ларға алаңдаудың қажеті жоқ. Мамандар аязды ауа­ның­ оттегіге бай болаты­нын ай­тады. Сол себепті қат­­ты суық­та ауа тазарып, таза ауада қы­дырыстаған жан жадырап қалады екен. Өйткені аяз ең алдымен қан айна­лымын жақсартады. Аязда бет-әлпетіміздің не­лік­тен қып-қызыл болатыны енді түсінікті шығар.

Астана қаласы денсаулық сақтау басқармасының бас неонатологы, медицина ғы­лым­да­рының докторы Қар­лығаш Жұбанышева ая­зда ағзаны қорғайтын, яғни инфекциямен күресетін лейкоцит, нейтрофил, вирус­қа қар­сы иммунитетті көте­ре­тін интерферон іспетті жа­су­шалардың жұмысы бел­сен­дірек болатынын жет­кізді. Тәжірибе бойынша қыс­­­тыгүні дүниеге келген адам­дар тіпті сирек ауыратын көрінеді. Сондықтан аяз жүрек-қантамыр жүйесінің қызметін күшейтеді, гемоглабин деңгейінің көтерілуін қам­тамасыз етеді, дейді дәрі­гер­­лер.

«Қазгидрометтің» хабар­лауынша, қысқы шіл­де­дегі қатты аяз тағы бір апта­ға созылмақ. Яғни осы ара­лықта аязды ауамен тыныс алып, қыс мау­сы­мы­ның қы­зық­тарын се­зін­ген­­нің өзі бір ғанибет. Ба­лалар да бұл құбылысқа бейім­­деле түседі. Әлбетте құндақ­таулы нәрестелерді аязға шы­ға­рудың қажеті жоқ еке­нін әркім білер. Біз ойын жа­сын­дағы балалар туралы ай­тып тұрмыз.

Кеңестік әйгілі фильмдегі әне­бір ән құлаққа келеді: «У природы нет плохой погоды...».

Думан АНАШ,

«Егемен Қазақстан»