Ал енді, оның осы шаңыраққа қалай тап болғанын бір-ақ ауыз сөзбен қайырсақ, менің әжем – Үсіпбай болыстың немересі екенін естеріңізге сала кетуге тура келеді. Демек, баяғыда-а-а... тіпті, атам заманда десек те жарасады, болысекең немересін ұзатқанда, қыз жасауына қосыла жөнелген парсы кілемі ғой. Біз көргелі, үнемі ораулы тұратын.
Кейін әкем ауылдың шетінен жаңа үй салып, қоныс тойын жасауға әзірленіп жатқанымызда шешем әлгі кілемді төргі бөлмеге ілдірмек болды. Сол кезде қолына құманын ұстап, сыртқы есіктен ішке қарай кіріп келе жатқан әжемнің:
– Әй, – деген даусы бәрімізді селк еткізгені. – Тұтпаңдар о кілемді! Жерге төсеңдер!..
Үй ішіндегілер үн-түнсіз мелшидік те қалдық. Апыр-ай, үлкен кісінің мұнысы несі? Мынандай қымбат дүниені аяқ асты етіп, жерге қалай төсемекпіз? Оның үстіне бұл біздің үйдегі көзге көрінетін жалғыз мүлік емес пе?!
Бірақ әжем айтты, бітті. Заң. Отбасының билігі әзірге сол кісінің қолында. Сондықтан көз қимайтын қымбат кілемді жарқыратып жерге төседік те тастадық.
Есесіне әжем жарықтық кешкі шайдың үстінде өмір бақи есімізден кетпейтіндей бір әңгіме айтып, бәріміздің көңілімізді босатты.
– Е-ей, шырақтарым-ай, – деді қолындағы кесесін шайқап-шайқап қойып, терең ойға батып. – Бұл кілемді кезінде керегеге тұтып, арқасын сүйеп отырып әңгіме-дүкен құрған ер-азаматтар қайда қазір? Сендер соны білесіңдер ме?..
Әжемнің көзінен қос тамшы жас ыршып түсті.
– Қараңқалғыр қу дүниені қабырғаға іліп, әспеттеудің керегі жоқ енді!.. Жерге төсеңдер дегенім, ең болмаса, аяқтарың жылы жүрсін!
Нұрғали ОРАЗ,
«Егемен Қазақстан»