«Холокост» термині – 1933-1945 жылдары Германия билігіне А.Гитлердің келуімен Еуропада өмір сүріп жатқан еврейлерді қырып-жойып қуғындауына байланысты пайда болған. Яғни осы жылдары фашистердің қолынан 6 миллион еврей қаза тапқан деп есептеледі.
Осыған байланысты БҰҰ-ның Бас Ассамблеясы 2005 жылы 1 қарашада шешім қабылдап, жыл сайын «Халықаралық холокост құрбандарын еске алу күнін» атап өтуді рәсімдеген-тін. Жоғарыдағы көрме осы негізде өткізіліп отыр.
Шараның ашылуында сөз алған Израиль мемлекетінің Қазақстан Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Михаэль Бродский, бұл күн фашистер зұлымдығының құрбаны болған 6 миллион еврейді еске алумен қатар, сол зұлмат кезінде еврейлерге аяушылық танытып, ажалдан арашалаған адамдарды еске алу арқылы рухтарына ризашылық білдіреміз, сол үшін көрме өткізіп отырмыз, деді.
Жоғарыдағы көрмеге еврей жұртын ажалдан құтқарған тұлғалар жайлы толық мәлімет топтастырылыпты. Атап айтқанда, 1939 жылы Литвада қызмет атқарған жапон дипломаты Чиуне Семпо Сугихара еврейлерге өзі елінің визасын тегін таратып, олардың холокост шегінен шығып кетуіне жағдай жасаса, 1936 жылы Түркияның сыртқы істер министрі болған Селахаттин Улькумен Родос аралына қашып келіп паналаған 2000 еврейге виза жасап беріп, шетелге өткізіп жіберген. Сол сияқты Францияның Борда қаласында отырған Португалияның бас консулы Аристидес де Соза Мендес 10 мың адамның өмірін құтқарып қалса, ұлыбританиялық дипломат Фринце Фоли, Данияның неміс еліндегі атташесі Георг Фердинанд Дуквиц, шведтік Рауль Валленбергтер 437 мың еврейді ажалдан арашалаған. Бұлардан басқа Женева қаласындағы перулік консул Хосе Марий Баретто мен Чехияның Германиядағы елшісі Владимир Вокхос еврейлерге өз елдерінің паспортын тегін жасап берген. Афина қаласындағы Испания дипломаты Ромеро Радижасес де 48 мың еврейдің аман қалуына себепші болған. Бұл адамдарды қазіргі Израиль мемлекеті құтқарушылар ретінде ерекше қадірлейді.
Жоғарыдағы құтқарушылар есімін ұлықтауға арналған халықаралық Яд Вашем (Yad Vashem) атты ұйым да құрылған. Өткен жылдың аяғындағы есеп бойынша ұйымға әлемнің 50-ден астам елінен 27 мың адам мүше ретінде тіркелген.
Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»
Суретті түсірген
Орынбай БАЛМҰРАТ,
«Егемен Қазақстан»