Кітапта ғасырлар бойы әр қазақтың төрінен орын алған ұлттық аспап, оның шығу тарихы, әнші-күйшілердің жан серіктеріне айналған домбыралар жайлы жазылған. Домбыра жасаушы қолөнер шеберлерінің еңбектері де жинақтан тыс қалмады. Ұлттық мұраны жырға қосқан ақындардың өлеңдері де кітапқа енгізілді.
Шараға қатысқан Қазақстанның және Қырғызстанның еңбек сіңірген қайраткері, композитор Илья Жақанов, Қазақстан Журналистер және Жазушылар Одақтарының мүшесі, өлкетанушы Өтепберген Әлімгереев пен аймақтағы зиялы қауым өкілдері жаңа кітаптың маңызы жайлы баяндады. «Дина Нұрпейісова атындағы халықтық музыка Академиясы» Атырау музыка колледжінің студенттері музейде тұрған Қаршыға Ахмедияров, Хамит Ерғалиев, Рысбай Ғабдиев, Мекес Төрешев, Шәміл Әбілтаев, Нариман Үлкенбайұлы, Ғатау Ибішев сынды өнер тарландарының домбыраларымен күй тартты.
-Күллі қазаққа есімдері белгілі өнер иелерінің домбыраларының біздің музейде сақталуы – мақтаныш. Жас домбырашылар да өздері үлгі ететін аға-апалары ойнаған аспаптарда күй тарту мәртебесіне ие болды. «Домбыра-дастан» кітабы бес бөлімнен тұрады, онда қазақтың дәстүрлі өнері жайлы көп мағлұмат бар, - дейді музейдің этнография және өлке табиғаты ғылыми-зерттеу бөлімінің сектор жетекшісі С.Нұрпейісова.
Бақытгүл БАБАШ,
«Егемен Қазақстан».
АТЫРАУ.