Аграрлық өңір үшін бұл нағыз керекті құрал екені айтпаса да түсінікті. Сондықтан да оны ақмолалық кәсіпорынның өндірістік қуатымен құрастырып-жинау жолға қойылмақ. Жергілікті жердің климаттық жағдайына бейімделіп жасалатын «Amity» кешенінің алғашқы партиясын құрастыру биыл наурыз айына жоспарланған. Бүгінгі таңда аталған құрылғының 12 данасын құрастыруға арналған құны 1,5 миллион АҚШ доллары тұратын керек-жарақтарын сатып алу келісімшарты жасалған. Кәсіпорынның бас директоры Олег Балыбиннің пайымдауынша, осы тектес инновациялық жобаларды жүзеге асыру нәтижесінде нарықты жоғары технологиялы құрал-жабдықтармен қамтуға ықпал етіп, өңірдегі агроиндустрия әлеуетін арттыруға және ауылшаруашылық техникаларын жаңғыртуға жол ашылады. Жалпы, «Қазақстан Агро Инновациялық Корпорациясы» ЖШС заманауи көпсалалы ауылшаруашылық, арнайы және коммуналды техникаларды шығарушы кәсіпорын саналады.
Бүгінгі таңда зауытта 78 адам жұмыс істеуде. Аталған кәсіпорын жылына «PVP-351», «SHABYN» жинау-престеу техникасының 200 данасын, «ПР-Ф-145» «SHABYN» техникасының 600 данасын, бұдан басқа аспалы жер жырту құралының 150 данасын және өзге де құрал-жабдықтарды шығара бастағанын айта кету керек. Арзан да сапалы тіркемелі және аспалы ауылшаруашылық техникаларын шығаруға бел буған зауыт еліміздің өзге де өңірлеріндегі кәсіпорындарымен байланыс орнатуға мүдделі. Өз өнімдерін еліміздің кез келген өңіріне жеткізіп беруге де әзір екендіктерін білдіріп отыр. Оның үстіне қазіргі таңда ауыл шаруашылығын дамыту мақсатында заманауи жаңа техникалар мен құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуге және машина жасау саласын дамытуға арналған мемлекеттік бағдарлама жүзеге асырылуда. Бұл ретте құрамына мемлекет пен квазимемлекеттік сектор және ауылшаруашылық техникалары мен құрал-жабдықтарын өндіруші кәсіпорын өкілдері кірген жұмыс тобы жұмыс істеуде.
Сонымен бірге еліміздің машина-трактор паркін жаңарту бағытында бірқатар қадамдар жасалып жатыр. Ауылшаруашылық машиналарын жасау жол картасы да әзірленген. Аталған жол картасы қолда бар өндіріс қуатын арттырумен қатар, жаңа өнім түрлерін шығаруға да мүмкіндік береді деп күтілуде. Және де шаруаларды шетелдік нұсқалардан бірде-бір кем емес отандық сапалы да арзан техникалармен қамтамасыз етуі тиіс.
Осы жұмыстардың барлығы Елбасының биылғы Жолдауында айтылған «Ақылды технологиялар» – агроөнеркәсіп кешенін қарқынды дамыту мүмкіндігі» атты үшінші міндетпен ұштасып жатыр. Шикізатты қайта өңдеп, әлемдік нарықтарға жоғары сапалы дайын өніммен шығу – уақыт талабы. Оның үстіне биылдан бастап ауылшаруашылық техникаларын сатып алуды субсидиялауда басымдық ең алдымен отандық өнім өнімдірушілерге берілетін болады.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»
Ақмола облысы