Өрт қауіпсіздігі – өзекті мәселе
Жамбыл облысының 30,8 пайызын, яғни 4,4 миллион гектар жерін орман қоры алып жатыр. Оның ішінде 2,2 миллион гектар орманды жерлер болып саналады. Алайда осыншама ен байлықты ерекше қастерлеу, қауіп-қатерден қорғау жағы кемшін болып тұр. Олай дейтініміз, былтырғы жылдың өзінде өрт қаупі өршіген маусымдарда облыстың орман қоры жерлерінде 7 бірдей оқиға тіркелген. Жалпы аумағы 11283,4 гектар жерді өрт шарпып, бұдан келген шығын көлемі 10 миллион теңгеге жуықтаған. Мамандар ауқымды аумақтардың отқа орану себебін күннің ыстықтығы мен техникалардың жетіспеушілігінен деп түсіндіргенімен, бұл өрт оқиғасына жауапты мекемелер мен аудан әкімдерінің немқұрайды әрекетінен туындаған жайлар болатын. Биыл маусым айында Шу және Мойынқұм аудандарының аумағындағы орманда өрт шығып, оны ауыздықтауды қос аудан бір-біріне сілтеуден әрі аспаған еді. Өрт шыққан Қосқұдық аймағының өздеріне тиесілі жер емес екенін алға тартқан.
Қосқұдықтағы қатерлі оқиға облыстың орман қорғау саласында өзекті мәселеге айналды. Мұнда Мойынқұм ауданының әкімдігі техникалармен және адам күшімен былтыр 23 маусым күні күндізгі сағат он шамасында басталған өртті таңғы төртте бір-ақ сөндірген. Ал Шу ауданының әкімдігі тек адам күшін ғана тартқан. Осы орайда бұл болымсыз әрекет талай басшыға сабақ та болған еді. Облыс бойынша орман шаруашылығы мекемелерінің 4 директоры тәртіптік жазаға тартылып, бұл мәселеге тікелей жауапты 2 маман жұмыстан босатылған болатын. Сол сияқты директордың орынбасары да қызметінен төмендетілген. Бірақ бұдан ешқандай мәселе шешілмеуі мүмкін. Айналып келгенде жауапкершілік пен тынымсыз еңбек ұштасса ғана, нәтиже болмақ.
Келеңсіз жайт кедергі тудырады
Облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Мейірхан Сатыбалдин аталған мекеме тарапынан орман шаруашылығы мемлекеттік мекемелері мен кәсіпкерлік нысандарына былтыр 87 тексеру жүргізілгенін айтып отыр. Нәтижесінде 25 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылса, рейдтік тексерулер барысында 268 дерек анықталған. Бұл орайда тиісті жауапты тұлғаларға 3 миллион 205 мың теңге көлемінде айыппұл салынған.
Жалпы, табиғат қорғауға байланысты заң талаптарын орындау мен орман шаруашылығы заңнамаларын сақтау – басты мәселе. Бірақ кейде заң талаптары ескерілмей, заңнамаларды бұзу әрекеттері жиі орын алып кетеді. Өңірде осындай бірқатар келеңсіз әрекеттер анықталып, орман шаруашылығы заңнамаларын бұзушылар 3 миллион 336 мың теңге көлемінде айыппұл арқалаған.
Еліміздің «Қызыл кітабына» енген сирек жануарларды ату да табиғатқа және қоршаған ортаға едәуір залалын тигізеді. Бұл қазақтың қанында ежелден қалыптасқан аңшылық дәстүрдің жалғасы емес, әрі асқанда пайдакүнемдік болуы мүмкін. Бірақ табиғаттың тіршілік иелерін есепсіз атқандарға тосқауыл қою қажеттігі, оларды құрықсыз қалдырмау мәселесі күн тәртібінде. Мысалы, өңірде «Қызыл кітапқа» енген жануарларды ату бойынша 3 қылмыстық іс тіркелген. Оның бірін жасаған шетел азаматына 500 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынып, автокөлігі тәркіленіп, өзінің еліне қайтарылғаны белгілі болды.
Келеңсіз жайт кедергі тудырады. Талап болмаса тірліктің өнбейтіні де содан. Орман қорғаудағы тағы бір келеңсіздік ретінде орман шаруашылығы мекемелерінің орман қоры жерлерін жайылымдық пен шабындыққа ретсіз бөлуде екені айтылып келеді. Осының салдарынан даланы мекен еткен сирек кездесетін жануарлардың көбі көрші Қырғыз еліне ауып кетіп жатыр. Жамбыл ауданының орман қоры аумағында орналасқан «Ботамойнақ» аңшылық шаруашылығы бар. Алайда аталған мекеме тиісті органдармен жануарлар өсімін молайтуды және тыныштық аймағын орнатуды келіскенмен, аумақтағы жерлерді мал жайылымы үшін бергені анықталып отыр. Сөйтіп мұндай келеңсіздік жабайы жануарлардың көбеюіне кедергі болуда.
Соңғы жылдары өңірдегі өзендер мен көлдердің арнасынан асып-тасуы қалыпты жағдайға айналып кеткендей. Мәселен, Талас, Аса өзендерінде көктем мезгілінде су көбейіп кеткен кезде балықтардың сумен ағып кетіп, қырылу қаупі туындайды. Бұл келеңсіздіктің бәрі де облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы аудандық бөлімшелерінің балықтарды құтқару жұмыстарын талапқа сай ұйымдастыра алмағанынан болуда.
Сексеуілдер сүргіні азаюда
Бұл күнде көптеген елді мекендерге көгілдір отын жеткізіліп, сондағы халық пеш тазалап, от жағудан құтылса да кейбір ел әлі де от жағуға мәжбүр. Ол үшін отын мәселесі басты назарда. Сонымен қатар күндіз-түні дамыл көрмей жұмыс істейтін мейрамханалар да отынды қажет етеді. Сондықтан көп жағдайда сексеуіл саудасы қыза түседі.
Жамбыл өңірінің Мойынқұм, Талас, Сарысу аудандарының алқаптарын сексеуіл ағашы жайлаған. Алайда табиғаттың ен байлығына баланған ерекше отынды кесуді, ұрлауды болдырмау да орман қорғаудағы оң істерге жатады. Бірақ өткен жылы 140 текше метр сексеуіл заңсыз кесіліп, тіркелген. Ал биыл сексеуілге байланысты қуанышты жағдайды облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Мақсат Зәуірбеков айтып отыр. Оның айтуынша, сексеуілді кесуге, сатуға қатысты заңнама талаптары күшейтіліп, орман шаруашылығы тарапынан қатаң бақылауға алынуының нәтижесінде биыл бұл көрсеткіш 70 текше метрге азайған. Бірақ әлі де сексеуілді сындырып, кесіп, ұрлап, әйтеуір қулығын асырып жүргендер баршылық.
Мойынқұм ауданы – өңірдегі шалғай ауылдардың бірі. Құмды, сексеуілді даланың қысы да қатты. Бұл орайда жергілікті халыққа көмір жеткізу де аса күрделі мәселе. Оның үстіне мұнда көгілдір отын желісі тартылмаған. Енді тұрғындарға көпжылдық сексеуілдерді кесуге, шіріктерін пайдалануға рұқсат берген дұрыс. Әрі сексеуіл саудасын болдырмау мәселесінде орманшылармен қатар, әрбір қарапайым азамат табиғат тазалығына, оның көркіне, жалпы тағдырына жауапты екенін сезінсе, ен даланың ерен байлығы сақталады.
Түйін
Облыс бойынша орман қоры жерінде 51 өрт сөндіретін топ құрылған. Оның құрамында 404 жасақ бар. Сонымен қатар елді мекендерде 2180 адамнан құралған 171 ерікті өрт сөндіруші құрылым ұйымдастырылған. Бұдан бөлек, өртке қарсы автомашиналар, соқалы тракторлар, тіркемелі әмбебап цистерналар да қарастырылған. Бірақ облыс аумағында орманды қорғау ойдағыдай болмай келеді. Ағымдағы жылғы бір ғана өрт оқиғасы мемлекетке миллиондаған шығын келтірумен қатар, табиғаттың да тынышын алған жай болды. Енді мұндай келеңсіздіктерді болдырмау үшін орман ойдағыдай қорғалса екен дейміз...
Хамит ЕСАМАН,
«Егемен Қазақстан»
Жамбыл облыс