
2-4 ақпан күндері еліміздің теннисші жігіттері азуын айға білеген Швейцария құрамасын жеңіп, Отан абыройын тағы бір мәрте асқақтатты.
Швейцария құрамасы Астанаға өз елінің һәм әлемнің үздік теннисшілерінің бірі және бірегейі Роджер Федерер мен Стэн Вавринканы әкелмесе де халықаралық турнирлерде әбден ысылған, тәжірибелі ойыншыларымен келген-ді. Спортшыларымыз өзге елдің құрамалары секілді Қазақстанның да әлемдік деңгейде ойнай алатынын дәлелдеп берді.
Дәл осы турнирдің 2010 жылғы бәсекесінің плэй-офф кезеңінде Швейцарияны Вавринка секілді үздік теннисшісі ойнаған кезде де 5:0 есебімен тас-талқан етіп ұтқанымызды жанкүйерлер әлі ұмыта қоймаған шығар. Сол жылы Роджер Федерердің отандастарын жеңіп қана қоймай, Дэвис кубогының әлемдік тобына шыққан едік. Міне, арада сегіз жыл өткенде азулы қарсыласымызды тағы да жеңіп, әлемдік сынның ширек финалына жолдама алып отырмыз.
Қазақстан спортшыларына бұл жеңіс оңай келген жоқ. Тәуелсіздік алғаннан бері Елбасының әрдайым спортқа көңіл бөлуінің, ұдайы қолдау көрсетіп келе жатқанының арқасында оғландарымыз осындай айтулы жеңіске жетіп отыр.
Сондай-ақ Словенияда футзалдан Еуропа чемпионатының «В» тобында сынға түсіп жатқан Қазақстан құрамасының футзалшылары өз тобында бірінші орынмен ширек финалға шықты. Бұл 2016 жылғы біріншіліктегі нәтижемізді жақсартуға тағы бір тамаша мүмкіндік. Екі жыл бұрын отандастарымыз үшінші орын иеленген болатын.
Сөйтіп бұл саңлақтарымыз төрге озған күн болды.
Әли БИТӨРЕ,
«Егемен Қазақстан»