Қазақстан • 05 Ақпан, 2018

Тауға айналған алыптар (мифологиялық толғау)

3100 рет
көрсетілді
19 мин
оқу үшін

Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Бола­шаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында: «Қазақстанның қасиетті жер­лерінің мәдени-географиялық белдеуі – неше ғасыр өтсе де бізді кез келген рухани жұтаңдықтан сақтап, аман алып шығатын символдық қалқанымыз әрі ұлттық мақтанышымыздың қай­нар бұлағы» деп жазғанындай, бұ­рынғы өткен абыз бабаларымыз ұлы даламыздың ажарын асқақтатып тұрған әрбір тау-тас, өзен-көл, арасан-бұлақ, құдық-қайнар туралы тылсым шежіре айтып, күй тартып, жыр жырлайтын. Қазақ даласы қандай сұлу әсем болса, ол туралы айтылатын аңыз-жырлардың, шежіре, мифтердің сыры мен сымбаты да тұңғиық.  

Тауға айналған алыптар (мифологиялық толғау)

Жер-судың шежіресін шертетін желілі аңыз-әпсаналар таңғажайып бітімді тау-тас, өзен-су, көл-бұлақ­тардың пайда болу себеп-салдарын халыққа түсіндіреді. Қазақ мифтерінің бір тобында қасиетті тау-тас, өзен-көл жауға қарсы соғысып, көз жұмған рухы биік жандардан қалған тарихи ескерткіш, куә ретінде сомдалады да, мұндай мәнге ие болған жағырапиялық өлке қазіргі ұрпақты бабалар дәуірімен жалғастырып, зердесіне әманда отан­шылдық сананың дәнін себетін киелі мекенге айналады. Демек, ұлттық эпос пен мифология табиғатпен үндесе келе кез келген уақытта халықтың тарихи жадын оятып, басқыншы жауға қарсы қаһармандық рухты сілкіндіретін код-құралға айналады деген сөз. Сол себептен де кең-байтақ даламызда дара болмыс-бітімі, керемет келбетімен көзге ыстық көрінетін бабалардың рухы сіңген қасиетті тау-тас, көл-бұлақ қалың жауды жамсатқан қаһармандарымызға арнап ел ана мен жер ана бірігіп тұрғызған салтанатты монумент кешендей бүгінгі ұрпаққа әсер етіп отырған деуге негіз бар.

Қазақтың көптеген әпсана-мифте­рінде алыптар мен батырлар, сонымен бірге әулие жандар тірі күндерінде қисапсыз жауларға қарсы қасық қаны қалғанша соғысып, көз жұмған соң, олардың қасиетті дене-мүшелері қазіргі шақта даламызда тұрған белгілі бір тау-тасқа, яғни, жағырапиялық оқшау нысанға айналып кеткені туралы баян­далады. Осылайша ұлан-ғайыр даламыздағы жер-судың жаратылу тарихы жауға қарсы соғысқан қаһар­мандардың өмірбаянымен ұштас­тырылып, өлкедегі табиғаттың ғажайып нысандарына киелі мағына беріледі.

Мәселен, Абылайдың хан ордасы орналасқан Көкшетау өңіріндегі сұлу да сымбатты тау-тастар тізбегі туралы желілі мифтердің арқауы ел қорғаны батырлардың қаһармандық өмірімен қабат өрілген.

«Оқжетпес» туралы мына мәтінге на­зар аударайықшы:

«Ертеде Оқжетпес деген алып батыр болған екен-мыс. Оның бойының биіктігі сондай, жаудың атқан жебесі батырдың басына дарымайтын болған. Оны ат та, атан түйе де көтере алмайды. Сауыт-сайманы да ауыр болса керек, сол себептен, жорықта пілге мініп жү­реді екен. Бірде қисапсыз қалың жаумен шайқасып, оларды қуып жіберген соң, қалжыраған батыр көлге шомылып, қалғып кетеді. Осы кезде аңдыған жау ұйқыда жатқан батырды байлап тастайды. Алып ояна келе дұшпанмен арпалыса кетеді. Құмырсқадай құжынаған жау­ларын ызалана тапаған батыр біруақта әлсіреп, сүрініп кетеді. Сол кезде ол құдайға: «Тәңірім, мені жауларға қор еткенше тасқа айналдыр!»,  деп жалбарынады. Бұл тілек сол мезетте орындалады, мініп жүрген пілі де мұны көрген соң шөгіп, тауға айналады».

Жер-судың пайда болуы туралы көптеген мифтерде батырлардың, алып­­тардың денесі осылайша өмірі аяқталысымен, жергілікті табиғат нысандарына айналғаны көрініс табады.

Біздің байқауымызша, алып ба­тыр­дың жаумен жалғыз жағаласып ер­лікпен тыным тауып, тау-тасқа құ­былуы – қазақ мифологиясында жиі кездесетін бедерлі сарындардың бірі. Мысалы, табиғат ана таңғажайып қолы­мен құйған мүсіндей етіп сомдаған Же­кебатыр тауының бітімі туралы мынадай миф ел арасына тараған:

«Кедей ауылда асқан күшті, арманшыл бір батыр тұрыпты...Туған жеріне шы­ғыс пен оңтүстіктен жоңғарлар шап­қыншылық жасап, батыстан Еділ қалмақтары шабуылдап тыным бер­мейді. Сүттей ұйыған ауылдардың шаңын аспанға шығарып, астан-кес­тең қиратып, жау қолы төрт түлік мал табындары мен қорғансыз адамдарды айдап әкетеді. Ал ел іші бір-бірімен қа­лыңдық пен жайылымдыққа таласып, күнде қырқысып, ауызбірлікке келе ал­майды. Жас батыр бәріне қолын бір сіл­теп, ауылдан кетуді ойлайды. Еркін жүріп, бақ пен байлық іздегісі келеді. Өзіне қылыш пен дулыға, үстіне сауыт соғып киіп, бақыт іздеп жолға шығады.

...Жаумен бірінші болып жас батыр кездесіп, жалғыз өзі қарсы шабады. Қаптаған қалың қол оның алдын бөгеп, қоршауға алады. Ол қанша күшті болса да, қисапсыз жауды құртып бітіре алмайды. Дұшпан қара масадай құжынап, шегірткедей үймелеп, батырдың үстіне шығып кетеді. Оның көзі көрмей, құла­ғы естімей қалады. Сонда ғана ол бақыт үшін жалғыз күресудің қате екендігін түсініп, аһ ұрып өкінеді. Алып тұлғалы батыр әл-дәрмені құрып, туған даласына шалқасынан құлап түсіп, тасқа айналады, мәңгілік ұйқыға беріледі. Жекебатыр тауы, міне, осылай пайда болған деседі...

Жазушы Жанайдар Мусин тарихи ма­ңызға ие мұндай жағырапиялық ны­санды көздің қарашығындай сақтау керек екендігі туралы былай деп пікір өрбітеді:

«Жұрт оны алыстан қызықтап тұ­рып, басындағы дулығасынан бастап анау – ай маңдайы, мынау – қалың қа­бағы, қыр мұрыны, әне, ерні, иегі мен сақалы,  деп, батыр бейнесіндегі тау мүшелерін санап тұрар еді әдетте. Соның барлығы табиғат ананың төл тумасы. Егер Батыр тұлғалы таудың сонау маңдайынан немесе сонау кең мұрынынан бір тас үзіліп түссе, немесе сонау кең омырауын жапқан сақал қарағайлардың бір бұтасына от тиіп, не құрт жесе, бүкіл таудың сәні де, мәні де кетті дей бер. Ол онда бүкіл батыр бейнесінен айырылып, ешкімді еліктірмейтін, қара жаяу халықтың табаны астында таптанды болып жатқан жай таулардың біріне айналып қала берер еді. Сондықтан оның төбесіне баратын туристер нөпірін азайтса, әрбір тасы мен әрбір тал, қарағайын көздің қарашығындай сақтай білсек дейміз».

Жергілікті жағырапиялық нысан­дардың пайда болуы туралы көптеген қазақ мифтерінде кейіпкерлердің тау-тасқа айналуының негізгі себебі – саны орасан көп дұшпанмен шайқасу. Демек, ежелгі заманнан аса зәру маңызға ие болған отанды жаудан қорғау тақырыбы мифтік ежелгі сюжеттерге тарихи сипат берген деуге болады. Мысалы, «Апалы-сіңлілі үш ару» деген үлгі былай:

«Ертеде Қарауыл ауылдарының бі­рін­де елдің көркі, бірақ дұшпандардың көз құрты болып апалы-сіңлілі үш қыз өмір сүреді. Үшеуі де бірінен бірі өт­кен хас сұлулардың өзі болады. Ор­таларындағы жалғыз бауырлары Оқ­жетпес беті қайтпас батыр болып өседі. Үш апасын қызғыштай қорғап, қам­қоршы бола біледі.

Әбден өшіккен жау қапылыста ба­са көктеп, елді шауып, үш ару мен бауыры Оқжетпесті анталап қоршауға алады. Төртеуі шегіне атысып, кейін жылжи береді. Бір кезде ту сырттарына қараса, сыңсып тұрған жасыл орман, бау-бақша, мөлдір көл, көгілдір тауларды көреді. Құс жыртылып айрылады. «Туған жердің мұндай балауса бағын арамниет дұшпандардың қара табанына қалай таптатамыз, қасиетті топырағымызды қалай ойрандатамыз, өзімізді қалай қорлатамыз?» деп қайраттанған Оқжетпес пен оның үш ару қарындасы қатарласып жауға қас­қая қарсы тұра қалады да, шапса алмас қылышы майырылатын, сүңгітсе қара най­засы қайырылатын, атса оғы асып түсе алмайтын қамал тасты тік қаптал құзар шыңдарға айналып кетеді. Бұны көріп, зәрелері кеткен жау тым-тырақай қаша жөнеледі».

Кейбір мифтерде тау-тас жаудың қу­ғын-сүргініне тап болған қыз-келін­шектердің немесе дұшпанға әулие адам­ның оқ даритын осал тұсын айтып, сатқындық жасаған әйелдердің әрекет-қи­мылынан пайда болады. Мұндай мағынадағы «тасқа айналу» мотивінен туған сюжеттер мол. Мысалы, Қырық қыз, Шілтер әулие, Азанұр, Масат ата т.с.с. Мәселен, Қазығұрт тауындағы Қырыққыз туралы миф былай:

«Баяғыда бір байдың қызының тойы болады. Той болып жатқанда қалыңдық қырық қызымен, күйеу серіктерімен серуендеп тауға шығады. Жаугершілік заман екен. «Жау келіп қалды» деген дауыс шығады. Сонда қыздар шулап: «Е, құдай! Бізді жау әкетпекші, тас қы­ла көр!», депті. Сонда бәрі тасқа айна­лыпты».

Бурабайдың пайда болуы туралы же­лілі мифтерде заһарын шашып келе жатқан орыс отаршылдығының ауыр зардабы да сездіріледі. Бұл туралы жазушы С.Мұқанов мынадай сюжетті жазып алған:

«Ертеде Көкшетаудың баурайында қасиетті бір ақ бура өмір сүрген екен. Ол ел басына қандай бір апат, нен­дей бір жаманшылық төніп келе жат­қанын сезсе боздап, даланы кезіп, елге ескертеді екен. Ақ патша қазақ да­ласын отарлағалы жорыққа аттанады. Оқиғаны алдын ала сезген ақ бас бура да күңірене боздап, елдің мазасын ала бастайды. Мұны жаманшылыққа жорыған Абылайдың отыз ұлының бірі Қасым сұлтан бураның азалы үнін өшіргісі келіп, көздеп саржасын тартып қалады. Жараланған бура шөге қалады да, сол бойында тауға айналып кетеді. Осылайша Бурабай пайда болады».

Отаршылдыққа қарсы сарынға құрылған келесі бір шоғыр миф елдің рухани тірегі әулие жандар төңірегінде айтылады. Бұл желілі мифтерде де сыртқы дұшпанға қарсы өрши түскен халықтың мұң-наласы, кек намысы қапысыз өрнектелгені байқалады.

Мәселен, қазақ мифтерінде төмен­дегідей сарындар тұрақты кездеседі. Елге белгілі әулиелер (Масат ата, Укаша ата, Түлкібас, Азанұр әулие, Шілтер әулие т.б.) намаз оқып тұрғанда аңдып жүрген аяр жаулары оған аяқ астынан қастандық жасайды да, олар қаза тапқаннан кейін марқұмның денесінен (қанынан, ізінен, түкірігінен) жергілікті жағырапиялық нысандардың түр-түсі, кес­кін-келбеті пайда боп, қалыптасады. Ал атса оқ өтпейтін қасиетті әулиенің осал тұсын дұшпанға айтып берген опасыз келіні (кейде тоқалы) қарғыстан меңіреу тасқа айналады.

Енді бұл жайттарға нақтылы мысал­дар келтірсек: «Баяғы өткен заманда Шіл­тер деген бір әулие кісі болыпты. Құдайға құлшылықтан жазбаған, істеген ісі ақ, көңілі сүттей пәк, ниеті адал, сөзі түзу адам екен. Бір күні жолау­шылап келе жатып, қасындағы қырық кісімен бірге Қазығұрт тауының етегіне келіп түседі. Дәм ішіп, дамылдағаннан кейін бесін намазын оқуға кіріседі. На­маз оқылып жатқан кезде таудан түс­кен қарақшы дұшпандар әулиені серіктерімен қоса өлтірмекке бекініп, тап береді. Шілтер мен қасындағы қырық жолдасы намаздарын бұзбай оқи береді. Намаз үстінде әулие Алладан былай деп тілепті:

– Иә, құдайым, бізді жау қолына түсіре көрме, жау қолына түскенше тас мүсінге айналдырып, қатыра көр, – деп тілейді.

Жарықтық қасиетті Шілтердің тіле­гі қабыл болып, серіктерімен бірге тас­қа айналып, қатып қалады. Сонан көп­шілік бұл жерді Қырық Шілтер әулиенің жері деп атап кетеді. Осы жерде біріне-бірі қарама-қарсы үш бұлақ ағып жатыр. Үшеуінің дәмі де үш түрлі, емі де үш түрлі. Біреуі іш ауруларына, екіншісі көз ауруларына, үшіншісі құлақ ауруларына дәру деседі».

Әдетте мұндай оқиғалардан кейін пайда болған делінетін әулиеге қатысты жағырапиялық нысандар елді емдеп-домдайтын, сауықтыратын, ақ тілегін қабыл ететін құтты да шипалы орынға айналады. Ондай өлкелер Оң­түстік Қазақстанда, Маңғыстауда, Сыр бо­йында көптеп кездеседі. Мы­салы, Укаша әулиенің қаза тапқанда до­ма­лаған басы еніп кеткен таудың қуысында киелі құдық пайда болса, Көзата қабірінің қасынан жанарды емдейтін бұлақ ағып шығады, Түлкібас әулие түкіріп қалғанда он екі қарсыласы езіліп кетеді, сол жерде он екі шипалы бұлақ пайда болған деген аңыздар бар.

Осылайша белгілі бір өңірдегі қасиет­ті тау-тастың немесе көл-бұлақ­тың пайда болу себебі әулие жандардың жауға қарсы күрес жүргізген заманымен тікелей байланыстырылып, осы нысандарға киелі мағына беріледі. Кең даламыздағы мұндай көрікті де қа­сиетті мекендер қазіргі ұрпақтың өл­кетану мақсатында саяхат жасап тәу ете­тін, рухын шыңдайтын, ата-баба тағы­лымымен сусындап, патриоттық тәр­бие алатын мәртебелі тұрағына айналып отыр.

Тұжырымдап айтқанда, қазақ миф­тері, әпсана-хикаяттары сыртқы жау­ларға қарсы отан қорғау соғысын жүр­гізген түрлі кезеңдерде, әсіресе жоң­ғарға қарсы шайқас заманында тарихи қуатты циклизациядан өтіп, алғашқы қауымдағы көне қабығынан ажырап, жаңа дәуір талабына сай бейімделіп, патриоттық тон кигені байқалып отыр.

 Бұған нақтылы дәлел ретінде тарихта болған шын қаһармандардың кейбір мифтік жиынтық әңгімелердің арқауына айналғандығынан да аңғаруға болады. Мысалы, Райымбек пен Жа­сыбай батырға қатысты мифтік сюжеттерде осы жайт аңғарылады. Айталық, «Райымбектің бұлағы» туралы мәтін бы­лай:

«Кезекті қалмақтармен болған шай­қаста қазақтың қолы жеңіліп, шегінуге мәжбүр болады. Олар Бұғыты тауы мен Торайғыр таулары арасындағы Көкпекті жазығын өтіп барып, Торайғыр тауының етегіне келіп тығылады. Қан­ша күнгі ұрыстан әбден қалжыраған әс­кер су іздеп, әлекке түседі. Сонда Ра­йымбек батыр бір тамшы суды аңсап, жер­ді қылышымен түртіп жібергенде, бұ­лақтың көзі ашылып, суы атқақтап шығады. Содан қазақтың қолы әлгі суды ішіп, бұлақтың жағасында екі күн жатып, тынығады да, бар күш жігерін бойына жинап, жауға қарсы шабады. Әскер жеңіске жетеді. Ал әлгі бұлақ Райымбектің бұлағы аталып кетеді».

1897 жылы жазда қазақ даласында болған француз саяхатшысы Лабэ ерекше алып батыр Жасыбай туралы аңызды елден естіген. Ол жазып алған мәтін былай:

«Баянауыл өңірінде Жасыбай деген әйгілі батыр болған. Ол бірде алыстан оралса, жаулар ауыл-аймағын шауып, ата-анасын өлтіріп, үйін өртеп, малын қуып кеткен екен. Жасыбай қалмақ пен қазақ екі жұрттың арасын бөліп тұрған тау асуына шығып, қарауыл қарайды. Арғы бетте елді талаған қалмақтар кең жазықта қуанышы қойнына сыймай сайран салып, орда тігіп, жеңіс тойын тойлап жатады. Қаһарланған Жасыбай таудың бір шоқысын жұлып ап, оларға лақтырып, қалың жауды бастыра салады. Содан кейін, сол жартасты қайтадан көтеріп, асуға келеді де, жауларды тағы аңдып отырады. Қалмақтар келсе, ауыр жартасты лақтырып қап, қыра береді. Ақыры қартайғанда таудың беліне батыр терең ор қазады да, өзі алып жартасты көтерген бойы шегініп, сол орға құлап кетеді. Ал салмақты алып шоқы алып батырды мәңгілік басып қалады. Қазіргі Жасыбай тауы – сол».

Келесі бір мифте Жасыбай батырдың мінген тұлпары иесі қаза болғанын білген соң, қайғыдан қапаланып, көл жағасындағы тауға өрмелеп бара жатып, тас боп қатып қалған деседі. Жасыбай көлінің жағасындағы Атбас шоқысы осылай пайда болған-мыс.

Расымен, көлге төніп тұрған қарағай жал­ды қия шоқы тауға өрмелеген жуан мойын аттың бас мүсініне ұқсас. Батырдың мініп жүрген тұлпары мұн­дай ірі болғанда өзінің де ерекше алып болғандығына шәк келтірмейсің. Ал Жасыбай көлі туралы мынадай миф бар:

«Батыр жеті басты жалмауызбен арпалысып, көзін жойып, туған жеріне жеңіспен оралады. Өзі де шөлдеп, шаршайды, аты да қаталап шөлдейді. Батыр тау қойнауындағы сайды шұң­қырайтып қазып, су шығармақ болады. Шыңыраудан шым-шым қайнап шық­қан бұлақ көзі дегенің алып батыр үшін оймақпен су ішкендей мардым­сыз болары сөзсіз, ал аты да шөлден әбден қаталап тұр. Сол себептен батыр тұманың көзін аршып, балуан сау­сақтарымен кесек тастарды әрі-бері лақ­тыра береді. Бір заманда аршылған бұлақ айдыны кеңіп, шалқар көлге айналады. Батыр атын суарғалы қараса, ол әлдеқашан тасқа айналып, қатып қалған екен. Көлге төніп тұрған Атбасы шоқысы осылайша пайда болады».

Қорыта айтқанда, жағырапиялық нысандардың пайда болуын баяндайтын қазақ мифтері кейінгі замандарда, нақтырақ айтқанда, жоңғар шапқыншылығы кезеңінде тарихи циклденуден өтіп, отаншылдық сарынмен әрлене түскен. Ғылымда қазақ эпосы жоңғарға қарсы жүргізілген шайқас кезеңінде тарихи жинақтаудан қайта өтіп, тұтастанып, патриоттық рухқа қызмет еткендігі жан-жақты дәлелденген болатын. Рухани бұл серпінді құбылыстан мифтердің де сыртқары қалмағаны байқалады.

Ақеділ Тойшанұлы,

фольклортанушы ғалым