1995 жылғы 28 сәуірде қабылданған «Ұлы Отан соғысына қатысушылар мен оның мүгедектеріне теңестірілгендерге арналған жеңілдіктер мен әлеуметтік кепілдіктер туралы» Заңымыздың 6-бабында жеңілдіктер мен кепілдіктер алатын теңестірілгендер қатарына бөтен елдің аумағындағы, соның ішінде Ауғанстандағы әскери қимылдарға қатысушылар мен 1986-1987 жылдардағы Чернобыль АЭС апатының зардаптарын жоюға, сондай-ақ ядролық сынақтар мен жаттығуларға тікелей қатысқандар енгізілген.
Осы категорияға жататын азаматтардың бәріне жеңілдіктер мен кепілдіктер осы заңда сақталған, бірақ басқа заңнамалық құжаттарда олар қарастырылмаған. Мәселен, «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңның 8-бөліміндегі 13-бапта мемлекеттік тұрғын үй қорынан өзінің меншігіне тегін үй алушылардың қатарына Ұлы Отан соғысына қатысушылар мен мүгедектер, Чернобыль АЭС апатының салдарларын жоюшылар және басқа да ядролық апаттардың зардаптарын жоюға қатысушылар енгізіліп, ал басқа елдердің аумақтарындағы соғыс қимылдарына бұйрықпен барып, қатысқандар түсіп қалған. Бұлар негізінен Ауған соғысына қатысқандар екені белгілі.
Сөйтіп қолына қару алып Отан бұйрығын орындаған офицерлер мен жауынгерлер белгісіз себептермен мемлекеттік қорға жатқызылған тұрғын үйлерін тегін жекешелендіріп алу құқынан айырылған. Ал 2012 жылға дейінгі қолданыста болған заңда бұл нормалар сақталған еді. Толықтырулар мен өзгерістер енгізілгенде Ауған соғысына қатысқандардың жеңілдіктері алынып тасталған.
Кеңес Одағы тарағаннан кейін біздің еліміз КСРО-ның басқа да республикаларымен қатар ТМД шеңберінде мұндай категорияларға жататын азаматтардың жеңілдіктері мен кепілдіктерінің сақталатыны туралы келісімдерге қол қойды. Біздің көршілеріміз Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан елдерінде ол сақталған, ал бізде сақталмай отыр.
Сондықтан біз, Мәжілістің бір топ депутаты еліміздің Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсеноваға депутаттық сауал жолдап, «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңның 8-бөліміндегі 13-бапқа өзгерістер әзірлеп, оны енгізу үшін Парламентке ұсынуды өтіндік. Ауған соғысына қатысқандар оқ пен оттың ортасына ерігіп барған жоқ, әскери бұйрықты орындау үшін барғанын ұмытпайық. Сондықтан да олар барлық құрметке лайық.
Жамбыл АХМЕТБЕКОВ,
Мәжіліс депутаты