Қазақстан • 05 Ақпан, 2018

Мүгедектер мәселесі ұмыт қалмасын

680 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Елбасы Н.Назарбаев өзінің «Бола­шаққа бағдар: рухани жаң­ғыру» бағдарламалық мақа­ласында елдегі өркенді өзгерістер қоғамдық сананың жаңғыруымен қатар жүретіндігін атап өткен. Осы орайда қоғамымыздағы мүмкіндігі шектеулі жандарға көзқарасты өзгер­туге де мән берілгені абзал. Оның үстіне Қазақстан Респуб­ли­касы мүг­едектердің құқын қор­ғау жө­ніндегі халықаралық кон­венц­ияға қол қойған, сондықтан оның талаптарын орындауға міндетті.

Мүгедектер мәселесі ұмыт қалмасын

Біздің қолданыстағы заңна­ма­ларымызда мүгедектердің құ­қын қорғау мәселесі қарас­ты­рылғанымен, осы нормалар­ды іске асыратын кешенді бағ­дар­ламалар жасалмаған. Мы­са­лы, елімізде барлығы 8 мың мә­де­ниет нысаны болса, соның 15 пайызы ғана мүгедектерге қолжетімді. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі тарапынан осы мәселе жақында тексеріліп, бүгінге дейін 2,2 мың нысанға паспорт берілген, соның 1,2 мыңында ғана мүгедектерге қолжетімділік қарастырылған. Ал министрлік өз тарапынан мүгедектерге қолжетімділік жасау қажеттігін заңды жол­мен талап ете алмайды. Ондай норма заңнамада қарас­ты­рыл­маған.

Әрине әлеуметтік қорғау ор­ган­­дары мүгедектерге арнал­ған түрлі шаралар, соның ішін­де шығармашылық конкурс­тар, көрмелер, экскурсиялар ұй­ым­дастырып жатады. Бірақ мұн­дай шаралар жүйелі емес, бір­ реттік сипатта ғана. Олар қар­жы­ның табылуына байланысты жә­не қандай да бір мерекелік да­талардың қарсаңында ғана жасалады. Оның үстіне мүге­дек жандармен жұмыс істеуге бейім­ мамандар да тапшы. Сон­дықтан да мүгедек жан­дар­дың мәдениет пен өнер саласындағы мүм­кін­ші­лік­тері ашыла бермей­ді.

Осыған орай біз Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлына депутаттық сауал жолдап, келесі шараларды жасауды өтіндік:

- мәдениет саласының меке­ме­леріне жаппай сарап жүргізіп, олардың мүгедек жандардың қолжетімділігіне қаншалықты бейім екендігін анықтау;

- мүгедектермен мәдениет және өнер саласында жұмыс істей­тін мамандардың бейім­ділігін арттыратын шаралар жос­парын жасау;

- Мәдениет және өнер саласы бойынша мүгедектермен жұмыс істейтін қоғамдық ұйымдар үшін гранттар қарастыру;

Осы өтініш аяқсыз қалмас деген үміттеміз.

Жанат ОМАРБЕКОВА,

Мәжіліс депутаты