Сауалда Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Б.Атамқұловтың жауабы тұрғындарды қанағаттандырмағандығы айтылған. Нақтырақ айтқанда, министрдің «жерді жалға бермейміз» дей тұра, «ауданға бөлінетін 152 млн теңге қазынадан емес, ғарышқа жауапты «Бәйтерек» компаниясының қаржысынан алынады» деп уәж айтуы күмән тудыратыны, жер жалға берілмесе, 152 млн теңгенің ауданға не үшін төленетіні түсініксіз екені алға тартылды. Егер жалға берілген болса, онда жалдау ақысын Ресей төлемей, неге қазақстандық «Бәйтерек» компаниясы төлейді? Сенатор осы және басқа мәселелердің жауабын айтуды Үкімет басшысы Б.Сағынтаевтан өтінген еді.
Осы сауалға жуырда Премьер-Министр Б.Сағынтаевтан толымды жауап келді. Онда «Құлау ауданын берудің тәртібі мен шарттары туралы «Байқоңыр» ғарыш айлағынан «Союз-2» зымыран тасымалдағыштарының ұшыруларын жүзеге асыру бойынша ынтымақтастық туралы үкіметаралық келісімнің жобасы шеңберінде Жангелдин ауданының аумағындағы жер учаскесі (ауданы – 76 000 га) Қазақстан Республикасы Жер кодексіне сәйкес сервитут – жерді уақытша (эпизодтық) пайдалану келісімшарты негізінде берілетін болады, бұл оны пайдалану кезеңін жылына бірнеше тәулікке шектеуге мүмкіндік береді (әр ұшырылымға 1-2 тәулік). Бұл ретте, зымыран тасымалдағыштарды ұшыру кезеңінде халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін адамдардың ол жерде жүруіне тыйым салынады, яғни құлау ауданы уақытша жабық болады. Басқа уақытта құлау ауданында болуға және оны пайдалануға шек қойылмайды. Ресей тарапымен келіссөздер барысында Жангелдин ауданының халқын әлеуметтік қолдау ретінде 460 мың АҚШ доллары (152 млн теңге) мөлшерінде қосымша ақшалай қаражат бөлу туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Сонымен бірге Қостанай облысы Жангелдин ауданының тұрғындарына су құбырын тарту, көлік инфрақұрылымын жақсарту және басқа да қажеттіліктері үшін қаражат бөлу керектігі сөз болды. Ресей тарапы бұл қаражатты жергілікті бюджетке қазақстандық пайдаланушы ұйым – «Бәйтерек» БК» АҚ арқылы жолдайтын болады, ол Жангелдин ауданының әкімдігімен шарт жасайды және одан әрі алынған қаражатқа әкімдік иелік етеді. Бұған қоса «Бәйтерек» БК» АҚ-ның құлау ауданында қауіпсіздікті қамтамасыз ету, ұшыруларды орындау кезінде зымырандар тасымалдағыштарының қалдықтарынан тазарту, экологиялық мониторингті жүргізу секілді қызметтері Ресей тарапының қаражаты есебінен төленетін болады. Бүгінгі күні өзге құлау аудандарында аталған қызметтерді Ресей тарапының ұйымдары көрсетеді.
Алайда «Бәйтерек» БК» АҚ-ның құлау ауданында қызмет көрсетуі, одан алған тәжірибесі болашақта өзге құлау аудандарында қызмет көрсетуге мүмкіндік береді. Құлау ауданын пайдалану кезінде ықтимал экологиялық тәуекелдер туралы екі мемлекеттің мүдделі мемлекеттік органдары мен ұйымдарының жоспарланып отырған құлау ауданының аумағында барлау, экспедициялық және басқа да жұмыстарды өткізуі нәтижесінде аталған өңірдегі шаруашылық қызметі объектілеріне зиян келтірмеу мақсатында және экологиялық қауіпсіздік талаптары есепке алына отырып, құлау ауданының шекаралары түзетілді. Жангелдин ауданының жоғарыда көрсетілген учаскесінде елді мекендер мен өндіріс объектілері жоқ. Жақын жердегі елді мекендерге дейінгі арақашықтық: Торғай ауылына (әкімшілік орталығы) дейін – 42 км, Ақкөл ауылына дейін – 6,5 км, Қарасу ауылына дейін – 14,5 км. Құлау аудандарында «Союз» зымыран тасымалдағышынан бөлінетін бөліктерді қолдану тәжірибесі, сондай-ақ Қазақстан тарапы өткізген сараптамалар аталған зымыранның қоршаған ортаға және халық денсаулығына зиян келтірмейтінін көрсетті. Аталған зымыранда аса улы гептил пайдаланылмайды. Зымыран отынының кұрамдастары оттегі мен керосин болып табылады, олар түрлі қызмет салаларында және адамның күнделікті өмірінде кеңінен қолданылады. Жабайы жануарлардың популяциясын сақтау мақсатында төлдеу және көшу (сәуір-маусым) кезеңінде зымыран тасымалдағыштарды ұшыруды шектеу көзделеді. Зымыран тасымалдағыштардан бөлінетін бөлшектердің құлауы кезінде дала өртінің алдын алу үшін уәкілетті органдар өрт сөндіру топтарын, күштерін және құралдарын күшейту, құлау ауданын ұшырудан кейін аралап ұшып өту үшін Қазақстан тарапының қосымша авиақұралдарын және ауданды жедел барлау үшін ұшқышсыз ұшу аппараттары мен кешендерді тарту шараларын қабылдайтын болады. «Байқоңыр» кешенін пайдаланғаны үшін жалгерлік төлем туралы Жалдау шартына сәйкес, «Байқоңыр» кешенін пайдаланғаны үшін жыл сайынғы жалдау төлемі 115 млн АҚШ долларын құрайды.
...Ақтөбе және Қостанай облыстарының аумағында орналасқан құлау ауданын пайдалану туралы 2014 жылғы 23 желтоқсандағы Үкіметаралық келісімге сәйкес қолданыстағы «Союз-2» зымыран тасымалдағышынан бөлінетін бөліктердің құлау ауданы 63 200 га алаңды құрайды. Ол: Қостанай облысының Жангелдин ауданы (40 680 га) мен Ақтөбе облысының Ырғыз ауданы (22 520 га). Уағдаластықтарға сәйкес «Союз-2» тасымалдағышының жаңа құлау ауданын пайдалану үшін төленетін 460 мың АҚШ доллары мөлшеріндегі жыл сайынғы жалдау ақысы облыстар арасында жер учаскелерінің көлеміне сәйкес пропорционалды бөлінеді. 2017 жылы Қостанай облысы әкімдігінің бюджетіне 357 мың АҚШ доллары (117 307 549 теңге) және Ақтөбе облысы әкімдігінің бюджетіне 103 мың АҚШ доллары (34 505 000 теңге) сомасында жалдау ақысы жіберілген болатын».
Дайындаған
Жақсыбай САМРАТ,
«Егемен Қазақстан»