Бүгінде елімізде тері өңдейтін бар-жоғы 12 зауыт бар. Солардың бірі – Семейдегі былғары-тері комбинаты. Осыдан екі жыл бұрын үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында іске қосылғанымен, әлі күнге толық қуатымен жұмыс істей алмай келеді. Қазір зауыттың өндірістік қуатының 30 пайызы ғана пайдаланылады. Мамандар мұның себебін тері шикізатының аздығымен түсіндіреді. Ал елімізде 6 миллион ірі қара, 16 миллион ұсақ мал бар. Жылына кем дегенде 5 миллион ұсақ мал, миллионға жуық ірі қара сойылады екен. Бірақ сойылған малдың терісі ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетеді. Содан да болар, елімізде жылына 13 пайыз ғана тері өнімі өндіріледі. Әлемдік нарықта сұранысқа ие бренд тауардың бірі саналатын былғары өндірісі біздің елде күннен-күнге жұтаң тартып, кері кетіп барады. Бұл туралы Экономикалық саясат институтының директоры Қайырбек Арыстанбек мырзамен пікірлескен едік.
– Үкімет интервенционистік экономикалық саясат жүргізіп отыр. Сондықтан мемлекет экономикаға түбегейлі араласып, ондағы шекарасын осы күнге дейін айқындаған жоқ. Сонымен қатар Салық кодексі мен үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы арасында жеңіл өнеркәсіп өнімдерін экспорттау тұрғысынан кейбір кедергілер бар. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары мұнайды экспорттау барысында «голланд ауруы» жаппай таралған болатын. Оның кейбір белгілері елде орташа бағалардың шарықтауынан және жиналып қалуынан көрінеді. Баға факторынан шикізаттық емес секторда бәсекеге қабілеттіліктің төмендеуі де бұған өз әсерін тигізеді, – дейді Қ.Арыстанбек.
Жеңіл өнеркәсіптің «күретамыры» саналатын тері өндірісінің тағдыры алаңдауға тұрарлық. Олай дейтініміз, жылына елімізден 7,5 миллион тонна тері шикізат қалпында, арзан бағамен шетел асады екен. Негізгі себеп – өнімді өңдейтін қазақстандық кәсіпорындар қауқарсыз. Сондықтан қолжетімді жердегі шикізат өнімін пайдаланудан аса алмайды. Ал еліміздегі малдың 80 пайызы жекеменшіктің қорасында. Сол қорада талай тері тулақ болып жатыр. Сатып алар ешкім жоқ. Қалаға өткізу еңбекті ақтамайды. Тым арзан. Өйткені отандық өнімге сұраныс болмай отыр. Бүгінде бір кездегі дүркіреген тері өңдеуші зауыттар қаңырап бос тұр деуге болады. Бұған еліміздегі импорттың ықпалының басым болуы да кері әсерін тигізіп отыр. Салдарынан отандық өнім сырттан келетін тауарға жұтылып кетіп жатыр. Ал шикізат жетіспейді деу көп сылтаудың бірі ғана. Өйткені өзге ел жоқтан бар жасап, малдың қиынан қылшығына дейін нарыққа салып жатқанда, біздің тұрғындар теріні аяққа таптап, қоқысқа тастаудан аса алмай отыр. Байлықтың үстінде отырып, өзгенің өніміне көз сатқанымыз қалай?
– Жоғарыда айтылғандай, шикізат экспортынан туындайтын «голланд ауруы» жеңіл өнеркәсіпті қоса алғанда, шикізаттық емес секторды баға теңсіздігі арқылы үнемі тұншықтырып отырады. Қазір біздің нарыққа жеңіл өнеркәсіп өнімдерін экспорттайтын кейбір мемлекеттер Дүниежүзілік сауда ұйымының нормаларына қайшы келетін әдістерді пайдаланады. Сондықтан отандық нарықты экспансиялау саясатын жүргізу керек. Қажет болса демпингті қолдану, кейбір кәсіпорындарға жасырын субсидия беру және басқа да жеңілдіктер жасалу керек, – дейді бұл ретте Экономикалық саясат институтының жетекшісі.
Қазіргі кезде әлемдік нарықтағы тері шикізаты импортының 25 пайызы Түркияға тиесілі. Бұл елде бір күнде 3 мыңға жуық тері өндіріледі. Ал жылына 2 млрд АҚШ долларының тері бұйымдарын сыртқа экспорттайды. Яғни миллиардтап табыс тауып отырған Түркия, Қытай, Қырғыз елдеріне болмашы тиын-тебенге тері сатып, шикізатпен қамтамасыз етіп, дайын өнімімен әлемдік нарыққа шығуына көмектесіп келеміз. Сонда еліміз шикізатпен ғана шектеліп қалмақ па, әлде әлемдік нарықта мұндай мүмкіндік бізге жоқ па? Әлбетте әлемдік нарықты бағындыру мүмкіндігі барлық елдерге бірдей беріледі. Ұтымды пайдалану елдің ерік-жігеріне тікелей байланысты екен. Сондықтан Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында ауыл шаруашылығы саласына айрықша тоқталып, «Шикізатты қайта өңдеуді қамтамасыз етіп, әлемдік нарықтарға жоғары сапалы дайын өніммен шығуымыз керек» деді. Осы орайда елімізде сапалы былғары өнімдеріне сұранысты арттыруда зор секіріс керек-ақ. Өйткені отандық өнімнің пайдасы шаш-етектен екені белгілі. Жолдауда «Ауыл шаруашылығы субъектілерінің кооператив түрінде жұмыс істеуіне жан-жақты қолдау көрсету керек», делінген. Өйткені Кеңес Одағы кезінде әр ауданда шикізат дайындау кеңсесі жұмыс істеді. Мекемеде 40-50 адам, 10 шақты техникасы болды. Олардың міндеті шаруашылықтардан жүн мен тері жинау еді. Қазір осы кеңсенің міндетіне халық зәру. Себебі жекелеген сатып алушылар ауылдан теріні тегін алуға құмар. Сондықтан қаншама тері отқа өртеліп, қоқысқа лақтырылады. Бұл ретте импортты азайтып, отандық өнімге ішкі сұранысты арттыру тәсілін ұтымды пайдалануға көшкен көршілес елдердің тәжірибесін де ескерген абзал.
Айжамал КӨПЕЕВА