Аймақтар • 05 Ақпан, 2018

Істің көзін тапқан Әлібек Тоғайбекұлы

254 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ерінбеген етікші де, егінші де, тіпті кім болам десе сол болады. Және еңбегіне қарай өнбегі болатыны белгілі. Көрші Қытай елінде «Халықаралық қатынастар және сау­да» мамандығы бойынша білім алған Әлібек Тоғайбекұлы тек оқумен шектелмей, елімізде өз бетінше кәсіпкерлікпен айналысу арманымен оралыпты.

Істің көзін тапқан Әлібек Тоғайбекұлы

– Қытайлардың еңбекқорлы­ғына таң­данбасыңызға қоймай­ды, – дейді Әлібек. – Бүкіл әуле­тімен көкөніс өсірумен шұғыл­данатын жандарды көрдім. Және олар көкө­ністі жылдың кез келген мез­гі­лінде, жер жағ­дайы мен кли­­маты қолайсыз өңірлерде де өсі­ре береді.

Елге оралғаннан кейін Әлі­бек осы кәсіпті өзінің туған же­рі Жаңаарқа ауда­нында қолға алу­ға бел буды. Аудан ор­та­лығы Ата­судан бірнеше шақырым жерден жы­лы­жайлар салуға жер телімін сайлап ал­ды. Жас кәсіпкерді бұрын-соңды мұндай кәсіп­пен айналысып көрмеген ата-анасы мен інісі де қуана қолдады. Ол кісілердің, құрылыс саласынан тәжірибесі баршылық екен, сол машықтары жерді игеру мен жылыжай салу барысында көп көмегін тигізді.

«Бизнестің жол карта­сы-­2020» бағдар­ламалары бо­йын­­ша отбасы өз бизнесін да­мы­туға несие алып, іске кі­рісіп кет­­ті. Алдымен жер телі­мін даяр­­лау қажет болды. Төртеуі жабы­лып жерді бір­неше сантиметр шөптесін қыртысынан тазартты. Сол аумаққа қара топы­рақ төгіп, бетон жолдар төседі. Жы­лыжайдың сүйегін металдан жасап, төбесін поликорбанатпен жап­ты.

Қазір Әлібектің жылы­жа­йы­ның едені жылы, жылу жүйесі мен ылғалды ұстап тұра­­­тын ауа­­баптағыштар тәу­лік бо­йы үз­діксіз істеп тұр. Бәрі қа­зан­дықтың көмегімен жылы­тыла­ды. От жағушы табу қиын бол­маға­ны­мен, өсімдіктерді күн­делікті қад­ағалап оты­ратын агро­ном әзірге жоқ. Сондықтан көк­­өністерді отбасы мүшелері өз­дері бағып-қа­ғуда.

– Бір аптаның ішінде топы­­рақ­­қа екі мыңдай тұқым сіңір­дік, – дейді кәсіпкер. – Негізінен қы­за­нақ отырғыздық. Біраз жер­­­­ге қияр мен аскөк, тамаққа пай­­­да­ланылатын шөп түрлерін ек­тік.

Жылыжайдың алғашқы өнім­­дері бұл күндері пісуге жа­қын. Оларды Әлібек Жезқазған, Қара­­жал қалалары мен сол маң­­дағы 12 елді ме­кен­нің тұр­ғындарына ұсын­бақ. Нақты қан­­дай бағамен өткізетінін әзір­­ге шешпесе де, сырттан әке­ліне­тін өнімдерден ар­зан, қол­жетімді болады деп отыр.

Көкөніс өсіру бизнесі қыс ай­­ла­рында біршама артық шы­ғынды қажет етеді. Әлібек ал­да­ғы уақытта жылыжайға газ қон­дырғыларын орнатуды жос­парлап жүр.

Аудандағы алғашқы жылы­жайдың аяғынан қаз тұруына жергілікті әкімдік те септігін тигізуде. Билік өкілдері ара-тұра келіп, істің барысымен танысып отырады.

Көкөністі кәсіп еткен отба­сы жылына 120 тоннаға дейін өнім өндіруді көздеп отыр. Олар­дың түр-түрін көбейту де ой­да бар. Әлібек жақын арада болгар бұрышы мен баялды өсіруге де кіріспек. Оның Қы­тайда қарапайым адам­дар өсірген өнімдерді біз­дің елде неге өсірмеске деген ойы дұрыс болып шық­ты. Көп­шіліктің игілігіне бағыт­талған жұмыс жемісті болары сөзсіз. Әлібектің бастамасы жер-жерде қолдау тауып жатса, нұр үстіне нұр!

Қайрат ӘБІЛДА,

«Егемен Қазақстан»

Қарағанды облысы,

Жаңаарқа ауданы

Суретті түсірген Линар ГАЛИМОВ