Бокс • 05 Ақпан, 2018

ХОК Олимпиададан боксты алып тастауы мүмкін

453 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Халықаралық Олимпиада комитеті (ХОК) 2020 жылы Токиода өтетін жазғы Ойындардың бағдарламасынан боксты алып тастауы мүмкін. Бұл туралы комитет басшысы Томас Бах мәлімдеді.

ХОК Олимпиададан боксты алып тастауы мүмкін

ХОК 2016 жылғы Рио Олимпиадасының екі кездесуінің күмәнді нәтижесінен кейін осындай ойға келген. Оның біріншісі қазақстандық Василий Левит пен ресейлік Евгений Тищенко жекпе-жегі болса, екіншісі ресейлік Владимир Никитин мен ирландиялық Майкл Конлан айқасы.   

«Біз AIBA-ның басқару ісіне алаңдап отырмыз. ХОК-тың атқарушы комитеті Халықаралық әуесқой бокс қауымдастығының (AIBA) басқарушылық, қаржылық, төрешілік және допинг мәселелері жайлы есеп бергеніне көңілі толмайды. Сондықтан ХОК Буэнос-Айресте өтетін жастар арасындағы Олимпиада мен 2020 жылы Токиода ұйымдастырылатын жазғы Ойындарға боксты енгізу туралы істі қарауға құқы бар.

Өз уақытында біз AIBA-дан күмән тудырған жекпе-жектердің есептемесін алдық. Ал төрешілік ісі желтоқсан айында қабылдаған шешімдеріміздің бір себебі болып отыр. Біз төрешілік туралы неғұрлым көбірек мәлімет сұратқан едік, әлі де сұратып отырмыз. Осыған қатысты көңіл толарлықтай ақпарат алғымыз келеді», деді Томас Бах.

Айта кетейік, 2016 жылғы Олимпиада ойындарында Левит-Тищенко айқасында төрешілер бірауыздан жеңісті ресейлікке берген. Бірақ мұндай шешім көпшілікті таң қалдырып, жұрт талқысына түскен болатын. Жеңімпаздарды марапаттау кезінде де көрермендер наразылықтарын білдіріп, ысқырып тұрды.

Өткен жылдың соңына таман AIBA президенті Чинг-Куо Вуға бірқатар айып тағылғаннан кейін қызметінен қуылған болатын. Оған сыбайлас жемқорлыққа жол берді, қаржыны орынсыз игерді деген айыптар тағылды. Чинг-Куо Ву AIBA-ны 11 жыл басқарды.

Ал 28 қаңтар күні AIBA-президент лауазымына өзбекстандық Ғафур Рахимов сайланды.