Қазақстан • 05 Ақпан, 2018

ПИК кетсе, МИБ келеді

418 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Былтырғы жылдың мамыр айында Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығына реформа жүргізу туралы тапсырма берген болатын. Тиісінше, ТКШ тура­лы заңға өзгерістер енгізу жайы қарастырылды. Осы реттегі жаңалықтардың бірі – пәтер иелері кооперативтерін (ПИК) таратып, олардың орнына мүлік иелері бірлестіктерін (МИБ) құру. Қарағанды қаласындағы пәтер иелері кооперативтерінің өкілдері мен мүдделі органдардың мамандары «Атамекен» ҰКП облыстық филиалында болған кездесуде мәселені жан-жақты талқылады.  

ПИК кетсе, МИБ келеді

Жаңадан енгізілетін өзге­рістерге сәйкес, пәтерлер мен басқа да ғимараттардың иеле­ріне басқарудың тек екі түрі ұсы­нылады: МИБ және кондоминиум.

– МИБ – кондоминиум нысан­дарындағы адамдар немесе қыз­мет көрсету субъектілерімен бір кіреберістің атынан келісім­шарт жасасатын жалғыз адам болуы мүмкін, – дейді қалалық тұр­ғын үй қатынастары бөлімінің маманы Еркебұлан Бесжігітов.

– Бұл құрылым да тұрғын үй кіреберісін жинау мен жөндеу бойынша қызмет көрсетеді. Пә­тер иелері кооперативтері бас­қару түрі ретінде жаңа талаптармен үндесе алмай отыр. Әр ПИК-тің өз сантехнигі, еден жуушысы мен аула сыпырушысы бар, бұл дұрыс емес. Қызмет түрлерін олар өздері көрсетіп, өздері қа­дағалайды. Яғни атқарған жұ­мыстары шала-шарпы болған күннің өзінде оларға сын айтып, ықпал ету қиын. Ал МИБ-тер сервистік компаниялармен шартқа отырып, оның орындалу барысын қадағалап отыратын болады.

Кездесуге қатысушылардың дені ПИК-тердің, онда жұмыс істейтін адамдардың ендігі күйі не болады деп алаңдаулы. Олар игере алмаған жұмыстар көлемін жаңа құрылым жүзеге асыра ала ма? Жұмыссыздықпен күрес онсыз да мандымай жатқанда бұл жаңалық коммуналдық қызмет мамандарын нәпақасынан қақпай ма? Басқа мәселелерді айтпағанда, МИБ-тер құжаттамаларды дұрыс жүргізе ала ма?

Үйлер мен инженерлік то­раптарға қызмет көрсетуді үйлес­тіруші Бақытжан Тәуе­шовтің айтуынша, көпшілік олар көрсетіп отырған қызметке разы.

– Біздің сервистік компания­да тариф мейлінше төмен, – дейді ол. – Халық көп қабатты үйдің шатырын жөндеу сияқты күрделі де қымбат жұмыстар үшін ақы төлеуге дайын емес. Сондықтан біз электрмен, сумен қамтамасыз ету, суағар же­лілерді қалыпта ұстау міндетін мойнымызға алдық. Қызметіміз бен жұмысымыздың барысы, олардың төлемақысы туралы тұр­­ғындармен кездесулерде ақыл­­дасып отырамыз.

Жасыратыны жоқ, ПИК өкіл­дері жаңа құрылымның енгі­зілуіне үзілді-кесілді қарсы. Мұ­ның бәрі бос әурешілік, оның үсті­не тұрғын үйлердің көпшілігі әб­ден ескірген деседі олар.

Кездесудің шешімді сөзін Қа­рағанды облыстық кәсіпкерлер құқын қорғау жөніндегі кеңесінің төрағасы Серік Төрегелдин айтты.

– Сервистік ұйымдардың қызметін салған беттен жоққа шығаруға болмайды, – деді ол. – Олардың да жұмыс істеуге құқы бар. Сервистік қызметтің дамуына тосқауыл бола алмаймыз. Сіздердің құрылымдарыңызды бірден жауып тастайын деп отыр­ған да ешкім оқ. Өзіне оңтайлы қызметті халық өзі таңдап алады.

Қайрат ӘБІЛДА,

«Егемен Қазақстан»