Шараға ардагерлер, әскери қызметшілер және майор Тимур Рахимовқа батылдығы мен ерлігі үшін алғысын білдіруге келген жапа шегушінің жақындары қатысты.
Еске түсіріп өтсек, оқиға 29 қаңтар күні түнгі 23.00 шамасында орын алған. Қызметтен кейін үйіне оралған Ұлттық ұланның 3660 әскери бөлімінің офицері майор Тимур Рахимов аулада жанжалдасқан екі адамды байқайды. Сол сәтте дереу оқиға орнына қарай жүгіреді.
– Алғашқыда жігіт пен қыз арасындағы жай ұрыс-керіс болар деп ойладым. Алайда артынан қол жұмсау басталды, шабуыл жасаушының ойы арам екенін түсіндім. Мен айқай салдым, жігіт қаша жөнелді, – дейді өз ойымен бөліскен майор Т.Рахимов.
Күдіктіні ұландық офицер қуып жеткен бойда қоян-қолтық ұрыс әдісімен қолға түсіреді. Іле оны ішкі істер органдары қызметкерлерінің қолына табыстайды.
Кейін белгілі болғандай, қаскөй әлгі жәбірленуші қыздың «iPhone-7» ұялы телефонын тартып алып, ізін жасырмақ болған. Қылмыс орнынан пышақ пен қыздың сөмкесі табылған. Қыз Астана қаласының тұрғыны болып шықты. Ал күдікті бұған дейін жасаған қылмысы үшін Ресейде 10 жыл жазасын өтеген көрінеді.
Көрсеткен ерлігі мен қырағылығы, қылмыскерді қолға түсірудегі батылдығы үшін Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының бұйрығымен майор Тимур Рахимов салтанатты шарада «Құқықтық тәртіп әскеріне – 25 жыл» медалімен марапатталды.
Жапа шегуші қыздың ағасы Мұрат Көшербай марапат иесіне алғысын білдірді. Оның айтуынша, суық ауа райы мен кеш мезгілге қарамастан офицер жанжалдың өршуіне жол бермей, айбыроймен міндетін атқарып, қаскөйге қашып кетуге мүмкіндік бермеген.
Ұландықтың өзі болса, мұны ер азаматтың міндеті санайды. Кез келген ер жігіт, жауынгер қызды өзі секілді қорғап қалар еді деп ойлайды. Өйткені қауіпсіздік пен тыныштықты қамтамасыз ету – әр офицердің міндеті.
– Біз халық үшін қызмет атқарамыз. Халықты қорғау – әскери қызметшінің міндеті. Бұл әрекетім басқа қаруластарыма үлгі болса екен, – дейді майор.
Астаналық әскери бөлім командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары лауазымында қызмет атқаратын Тимур Рахимов кешке жұбайы және екі баласымен бірге келді. Барша қауым жылы сөздерін кеш иесіне арнаса, ән-би ансамблінің өнерпаздары патриоттық әндер орындады.