Спорт • 05 Ақпан, 2018

Бізге қандай бапкер керек?

804 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Александр Бородюк ресми түрде қызметінен кетті. Енді футбол жанкүйерлері оның орнын кім басар екен деп тағатсыздана күтіп жүр. Ал біз осы ешкімге ұнамайтын қызметтің қыр-сырын әрі тарихын түгендеп өтсек. Сонда Қазақстан құра­масына қандай бапкер керек екеніне көзіміз жетер, бәлкім. 

Бізге қандай бапкер керек?

Тәуелсіздік алғалы бері Қа­зақ­стан ұлттық құрамасының бас бапкері қызметінде 15 маман болыпты. Оның алтауы шетел азаматы. Ең алғашқы бап­кер Бақтияр Байсейітовтен Александр Бородюкке дейін әртүрлі жастағы, пікірдегі адамдар қызмет етіпті. Тіпті олардың тізі­мінде бір ғана ойында бапкер болған Владимир Фомичев те бар.

Ал қай бапкердің кезінде ұлт­тық құрамамыз көп жеңіске жетті? Голландиялық маман Арно Пайперс баптаған шақ­та жерлестеріміз 7 рет же­ңіс­ке жетіпті. Бірақ Арно бап­кер 36 ойын бойы құрама тізгі­нін ұстаған. Бір қарағанда 36 ойынның 7-еуін жеңу сон­шалықты мықты көрсеткіш емес секілді көрінеді. Алайда күл­лі кәрі құрлықты шулатып, өз алаңымызда Сербияны ұтуымыз, Бельгиямен тең түсіп, Әзе­рбайжан мен Арменияны қар­сылас құрлы көрмейтін шақтарымыз көпшілік жан­күйер­дің тәтті естелігін туды­рады. Елімізде кәнігі бір еу­ро­палық футболдың ойын ырға­ғы қалыптасып, Қазақстан құра­масын сенсация жасайтын команда деп қабылдай бастауы дәл осы Пайперстің тұсында бол­ды.

Ал нәтиже жағынан қа­растырар болсақ Қазақстан Ұлт­­­тық құрамасы 1998 жылғы Әлем біріншілігіне кәдімгідей бір табан жақындаған кез болды. Азия құрлығында ойнап жүр­­ген шағымызда алғашқы ірік­теуден өтіп, финалдық сын­­ға жеттік. Онда тобымызда Оң­түстік Корея, Жапония се­кілді мықтылар қос жолдама­ны жеңді де, Қазақстанды арт­­та қалдырды. Бұл шақта ко­мандамыздың бас бапкері Серік Бердалин болды.

Осы­дан кейін Қазақстан әлем бірін­шілігіне шығуға мүмкіндік тү­гілі, маңына да жоламады. Бап­керлік жұмыстың ұзақтығы тұрғысында Бердалин үздік үш­тікті қорытындылайды, ол кісі 20 матчта қызмет етті. Екін­ші орында – Мирослав Беранек мырза. Чехиялық маман 24 ойын­ның 5-еуін жеңіп, 6-­да тең түскен. Ал бірінші орын­дағы Арно Пайперстің рекордын жаңар­татын әзірге бапкер пайда болған жоқ.

Ал енді бапкерлердің пай­далылық коэффициентіне тоқ­талайық. Өткізген ойын­дары мен көрсеткен нәтижелерін саралай сөйлесек, онда 57 пайыз үс­тем­дікпен Бақтияр Байсейітов бірінші орынға шығады. Был­тыр ғана «Ордабасыны» жат­тықтырған маман 9 ойынның 4-еуін жеңіп, 3-еуінде тең түскен. Бұл тұрғыда екінші орында Воит Талғаев (9 ойын: 5 жеңіс, 4 жеңіліс, 55 пайыз) болса, үздік үштікте Вахид Масудов (9 ойын: 4 жеңіс, 4 тең, 1 жеңіліс, 44 пайыз) тұр. Енді осыдан шығар қорытынды: отандық бапкерлердің де орны ерекше, оларды деңгейі төмен деп сызып тастау орынсыз деген сөз. Әрине шетелден келген алты бапкердің ішінде әрқайсысының өзіндік ерекшелігі болды, пай­дасы тиді. Бернд Шторк не­містің темір тәртібін әкеліп, фут­­болшылардың физикалық әл-қуатын арттырды. Таңат Нөсер­баев, Жамбыл Көкеев секілді жастарды да сол кісі бау­лыды. Жеребесі ауыр түскен шақта құрама тізгінін ұстаған Юрий Красножанның да еңбегі орасан. Чехия, Исландиялармен тең түсіп, Латвияны сыртта жең­дік. Тек Леонид Пахомов пен Александр Бородюк бапкер бол­ған шақтарда бізде айтарға еш­қандай аргумент табылмай тұрғаны.

Қазақстан құрамасының бас бапкері болғандардың көбісі «Б» деген әріпке қатысы бар адамдар. Мысалға, Бақтияр Бай­­сейітов, Бауыржан Бай­мұ­ха­медов, Бердалин, Бернд Шторк, Беранек, Байсуфинов, Бо­родюк. Кездейсоқтыққа сен­бейтін адамдар үшін, әрине бұл өте қызықты фактілер. Ал енді бос тұрған қызметке бапкер болып, Бердыев келсе ше? Әрине әзірге бұл мүмкін емес. Құрбан Бекейұлы Қазанның «Рубинінде» жүр. Ұлттық құ­рама­мызды баптауға аса қатты құлығы жоқ. Шаруасы онсызда жетіп-артылады.

Ал енді ұлттық құраманы баптауы мүмкін қандай бапкерлер бар, осыған тоқталып өтсек. Әрине қазір бос жүрген бапкерлер жетерлік. Дегенмен Дон Фабио Капеллоны шақыруға қар­жымыз жетпейді. Қаржымыз жет­кен күннің өзінде де Рональд Куман, Лоран Блан, Томас Тухель секілді тұлғалар Қа­зақстанды менсініп келе қояр ма? Демек, бізге деңгейімізге дәл келетін, тақиямызға тар болмайтын орташа деңгейлі бапкер ретінде өсіп-өніп, өз амбиция­сын да ойлайтын адам керек. Қазақстанды жаттықтырып, атымды шығарып, осы елдің футболын көтеріп, ел тарихын­да қаламын дейтін мамандар баршылық. Қаржысы мен жағ­дайын жасап, қолына футболшылар тізімін ұстатса, білекті сыбана тұрып жұмысқа кірісетін жаттықтырушылар да жоқ емес.

Әзербайжан құрамасының дең­гейін әжептәуір көтеріп тас­­таған хорватиялық маман Ро­берт Просинечки қазір де­м­а­лыста. Жақсы ұсыныс түс­се, қарастыруға дайын. Біздің командаға сай келеді деп ойлаймыз. Дегенмен көптеген шенеуніктер бапкердің орыс тілін біліп, жергілікті фут­бол­шылардың менталитетін ұғын­ғаны дұрыс деп санайды. Егер осы қағидамен қарас­тырылар болса, онда ең жақсы кандидат – Олег Блохин. Бұл бапкердің қандай жетістіктерге жеткенін көзіқарақты жан­күйердің бәрі біледі. Делдал агент­тер осы қазір­ден бастап Қа­зақстан фут­бол федерациясына өз үміт­керлерін ұсынып жат­қаны анық. Көршілес Ресей футболына көз тігетін бас­шыларымыз осы елдің бап­керлерін қалайтын болса, он­да бізге тек олардың біреуі ға­на жарайды деп ойлаймыз. Бап­керлік болашағы бар – Олег Кононов. Одан бөлек алып-қаш­па әңгімеге сенер болсақ, румыниялық бапкер Мирча Луческу де Қазақстанның бас бап­кері болудан бас тартып отырған жоқ. Санкт-Петер­бург­тің «Зенитінен» кеткелі бері, тә­жі­рибиелі маман жұмыс­қа кі­ріспепті.

Ал отандық мамандарға се­нім артатын болсақ, онда әрине, бізде кандидаттар баршылық. Сол Талғат Байсуфиновты немесе Станимир Стойловты қарас­тыруға болады. Алайда Талғат Маруанұлы қазір Қазақстан жастар құрамасының, ал Стойлов «Астананың» бапкері. Қалың жанкүйердің пікіріне құлақ түрсек көбісі болгар бапкерінің екі жұмысты қатар алып жүр­генін қалайды. Оның үстіне ұлт­тық құраманың негізгі ойыншылары осы «Ас­танада» ойнайды.

Қазақстан футбол феде­ра­циясының жаңа президенті 10 ақпан күні анықталады. Сай­лаудың қорытындысынан кейін, бапкердің есімін де естіп қалуға тиіспіз. Себебі 23 нау­рыз күні Қазақстан ұлттық құра­масы Будапештте Венгрия құра­ма­сы­мен жолдастық кездесу өткізеді.

Ермұхамед МӘУЛЕН,

«Егемен Қазақстан»