Күрес • 06 Ақпан, 2018

Қазақ күресін сергелдеңге салған біз емес!

1503 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Еліміздің бас газетінде жарық көрген Арман Шораевтың «Қазақ күресін сергелдеңге салған кім?» (16.11.2017) деген мақаласын оқып, оның кейбір ұшқары пікірлері мен негізсіз айыптауларына жауап жазғанды жөн санадым. 

Қазақ күресін сергелдеңге салған біз емес!

Бұл мақаланы оқыған адам Арман Шораев республикалық қазақ күресі федерациясының президенті қызметіне сайланғанға дейін Қазақ елінде ұлттық күрес болмағандай, болса да қиюы қашқан, берекесі жоқ тірлікті көзге елестетеді. Бұл жігіт қазақ күресіне бір бүйірден, төтеден қосылды. Біз Арманды жатырқаған жоқпыз, «ұлттық күрестен алыссың» деп шетке қақпадық. Республикалық федерацияның тізгінін оның қолына ұстатқан мен болатынмын.  

Шораев мақаласында Дүние­жүзілік қазақ күресі федерациясы (ДҚКФ) құрылтайшыларының «кейбірінің қазақ күресінің саласына үш қайнаса сорпасы қосылмайтын он адам екендігін» тілге тиек етіпті. Арманның бұл айыптауына жауап дайын: саналы ғұмырларын ұлттық күреске арнаған Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушылары Бауы­ржан Жаналин, Марат Жа­хит, Диқанбай Биткөзов, Бақыт Жаңбырбаев ұлттық күреске сорпасы қосылмаса, онда Шораев­тың сорпасы қалай қосыл­мақ? Мен осы күрестен екі мәрте Со­циа­листік Еңбек Ері Жазылбек Қуанышбаевтың және «Оңтүстік Қазақстан» газетінің жүлделері үшін жарыстарда түйе балуан атандым. Бұлардан басқа белгілі спорт тарихшысы Қыдырбек Рысбек, республикаға танымал спорт қай­раткері Садық Мұстафаев және Қазақстан Рес­публикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Ғалым Құле­кешов федерацияның алғашқы құрылтайшылары болып табылады. Шораев айтқан он ада­м­ның сегізі – осы азаматтар Осын­­дай мамандар құрылтайшы бол­ған ұлттық күрес бірлестігін «көл­денең көк аттылардан құрал­ды» деуге Арманды не итер­мелегені белгісіз. Осы жерде Шо­раевтар құрған «Халықаралық Қазақ күресі федерациясы» құрыл­тай­шыларының қатарында осындай майталман мамандар бар ма екен? деген заңды сауал туады.

Осы азаматтардың тікелей атса­лысуымен ұлттық күрестің жа­ңа ережесі жазылды; дербес күрес күртешесі тігілді; бұрын әдіс­тер самбодағыдай 1, 2, 3... деп сан­мен бағаланып келсе, ендігі жерде «таза жеңіс», «жартылай жеңіс», «жамбас», «бүк» деген қазақ­ша терминдерді пайдалана бас­тадық. Қай құрылықта жарыс өтсе де төрешілер балуандарға: «баста!», «тоқта!»... деп қазақша бұй­рық беретін жүйені ең алғаш біздер қолданысқа енгіздік. Өз басым жоғарыдағы азаматтарға басымды иіп, шынайы көңілден ризашылығымды білдіремін.

Арманның екінші айыптауы ДҚКФ он адамнан тұратын қоғамдық бірлестік ретінде құры­лып, Астана қаласының әділет департаментінде тіркелді, бұл заңға қайшы, дегенге саяды. Кез келген қоғамдық бірлестік жекелеген мүдделес тұлғалардан құрылады. Сонымен бірге бірлестіктің басшысы қай жерге тұрақты тіркелген болса, кең­сесі де сол жерде болатыны бел­гілі. Ал Шораевтың «...фе­де­рация тіркеуден өткен кезде Астана қаласының әділет депар­таментінде басшылық қызметте болған Серік Төкеевтің туған інісінің ықпалы болуы мүмкін», дегені ел ішінен өсек терген адам­ның сөзі тәрізді. Федерация тіркелген кезде інім Жақсыбек Төкеев Астанадағы әді­лет депар­таментінде емес, басқа меке­меде қызметте болатын..

Арманның үшінші айыптауын спортты білмейтін адамның сөзі дер едім. Оның айтуынша, 2017 жылы күзде Ашғабадта болған жабық кешендегі Азия ойындарында қазақ күресі белбеулі күрестің тасасында қалыпты. Бұл жерде Шораев қателесіп отыр. Біз ұлттық күресімізді ешкімнің аяғының астына салып бермейміз. Қазақ күресі, қырғыздың алашы және белбеулі спорттық күрес Біріккен Күрес одағындағы (қазіргі UWW, бұрынғы ФИЛА) Дәстүрлі белбеулі күрес түр­лері комитетінің құрамында болған­дықтан, жарыс бағдарламасына «белбеулі күрес» деген жалпы атаумен кірді. UWW-дегі грек-рим, еркін және әйелдер күресі «Олим­пиялық күрес түрлері комитетінің» құрамына енеді. Сондықтан жабық кешендегі Азиада бағдарламасында «белбеу­лі күрес» деп жазылғанымен, қазақ күресінен, қырғыздың алышынан және спорттық белбеулі күрестен Азия ойындарының жүлделері жеке-жеке сарапқа түс­ті. Жарыс кезінде «Kazakh kuresi» деген айшықты жазу сарай төрінде жарқырап тұрды.

Шораев аталмыш мақала­сында «Бұл ойынның бағдар­ламасында өзбектің курашы, түрікменнің көрөші, татардың белбеу күресі... бар. Бірақ қазақ­тың күресі жоқ», дегенді жазбас бұрын мәселенің мәніне тереңдеп барғаны дұрыс еді. Өзбектің курашы мен түрікменнің көрөші жабық Азия ойындарына жеке атаумен енгені болмаса, UWW-дің құрамында жоқ.

2010 жылы Астанада өткен үшін­ші әлем чемпионатына ФИЛА президенті Рафаэль Мар­тинеттиді арнайы шақырдық. Сол жолы Рафаэль Мартинетти Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясын ФИЛА мүшелігіне қабылдау туралы құжатқа қол қойды. Бұл – ұлттық күресіміздің тарихындағы ең бір жарқын әрі тарихи сәт болатын.

2005-2017 жылдары Дү­ние­жүзілік қазақ күресі феде­рация­сының ұйымдас­тыруы­мен 7 әлем чемпионаты, 11 Азия чемпионаты, 3 Әлем кубогы, 3 Еуропа бірін­шілігі, Иран мен Бразилияда кадеттер мен жастар арасында әлем чем­пио­наттары және Оңтүстік Африкада 2 Африка біріншілігі, Бразилияда Оңтүстік Америка чемпионаты ұйымдастырылды. Бүгінге дейін 30-ға жуық ірі халық­­ара­лық жарыстар өткіздік. Бұл бәсекелерге халықаралық құ­зыр­­лы орындардың (ФИЛА, кейін UWW ) бақылаушыларын әдейілеп шақырып отырдық. Біз­дің ендігі мақсатымыз: қазақ кү­ресін олимпиадалық емес спорт түрлерінен Дүниежүзілік және Панамерика, Еуропа ойындары бағдарламасына енгізу. Жер шарының 50-ден астам елімен қазақ күресін бірлесе дамыту жө­нін­дегі меморандумға қол қойдық.

Бірақ жоғарыдағы ресми жарыстар Туризм және спорт минис­трлігінің, одан кейін Спорт және дене шынықтыру агенттінің жарыс кестесіне сай бекітілгенін, бұл бәсекелерге мемлекет тарапынан қаржы бөлінгенін, қан­шама спортшының әлем және Азия, Еуропа чемпионы бол­ғанын Шораев мырза неге қаперге алмайды?! Осы жарыстар арқылы ұлттық күресіміздің өрісі ұзарумен қатар, насихаты қатар жүргенін Арман неге ескермеді екен? Егер Шораевтың уәжіне құлақ ассақ, онда 2005 жылдан бергі әлем және құрылық чемпионаттарын тарихтан сызып тастау керек, деген ой туады. Сонда қалай, әлемнің 4 дүркін чемпионы Айбек Нұғымаровты, 3 дүркін чемпион Ғани Сейділдаевты, дүние жүзінің 2 мәрте чемпиондары, Бақтыбай Қисықов, Бауыржан Тәліп, Ерлан Естек, Мұхит Тұр­сынбавты, әлем чемпионы Бей­біт Ыстыбаевты, басқа да жеңім­паз жігіттерімізді спорттық атақ­тарынан және министрлік та­ғайындаған дәрежелерінен айырып, ұлттық күрес тарихын «Ха­лықаралық Қазақ күресі федерациясы» 2017 жылы күзде Астанада ұйымдастырған «әлем біріншілігінен» бастауымыз керек пе? Онда спорт министрлігі мен спорт агенттігінің қазақ күре­сіне қатысты бірнеше жылғы құжат­тары мен тірлігі желге ұшпай ма?

Ал нақты заңдылық жағы­на келсек, бұрынғы ФИЛА, қазір­гі «Біріккен күрес әлемі» (UWW) ресми түрде таныма­ған, мойындамаған «Халы­қара­лық Қазақ күресі федера­циясының» әлем чемпионатын ұйымдастыруға құқы жоқ. Се­бебі қазақ күресінен ресми әлем чемпионатын өткізу құқы тек қана Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясының құзы­рына берілген. Бұған дәлел ретінде UWW бас хатшысы Мишель Дюс­сон мырзаның ДҚКФ-ның қазақ күресі бойынша бір ға­на ха­лықаралық орган екенін та­ны­ған ресми хаты қолымызда тұр. Сондықтан «Ха­лықаралық Қазақ күресі федерациясы» былтыр жалаулатып «әлем чемпионаты» деп атаған Астанадағы жарыс UWW үшін қатардағы «халықаралық турнир» болып қана есептеледі. UWW-дің құрамына енбеген федерацияның жарысы WADA (Бүкілдүниежүзілік допингке қарсы агенттік) тарапынан да мойындалмайды.

Шораев аталмыш мақала­сында Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясы заңсыз құрылды, мен республикалық федерацияға басшы болып келгенге дейін ДҚКФ-ның ауқымы тар болды, дегенді айтады. Осы жерде жо­ғарыдағы әлем және Азия, Еуропа чемпионаттары мен Әлем кубоктарын, басқа да ха­лықаралық жарыстарды кім­дер ұйымдастырды; кімдер сол бәсекелердің бел ортасында жүрді; кімдер шетелдерге ұлттық күрес ережелерін апарып, сол елдерде федерациялар ашты; кімдер сырт мемлекеттерде семинар-кеңестер мен жаттығу жиындарын ұйымдастырды деген заңды сауал туады. Бұл шаруалардың басы-қасында, керек десеңіз бел орта­сында Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясының азаматтары жүрді.

Мен 2000 жылдың күзінен 2006 жылдың маусым айына дейін респуб­ликалық штаттағы ұлттық командалар және спорт ізбасарлары дирекциясын бас­қардым. Шы­нымды айтайын, сол жылдары қолда күш тұрғанда облыстық спорт басқармалары басшыларына арнайы хабарласып, жоғары спорт шеберлігі мектептері мен басқа да спорт мекемелерінде қазақ күресінен бөлімдер ашылуына, жаттықтырушыларға штаттық бірлік бөлінуіне шама жеткенше атсалыстым. Ол кезде біраз облыста қазақ күресі жоққа тән еді. Солтүстік пен батыстағы кей облыстардың спорт басшылары Қазақстан чемпионаттарына команда жіберудің өзін мойындарына артық жүк санайтын. Оңтүстік Қазақстандағы Қажымұқан Мұңайтпасұлы және Бақыт Жаңбырбаев турнирінен басқа ауыз толтырып айтатын жарысымыз да болған жоқ. Біздің табанды әрекетіміздің арқасында ұлттық күреске шекеден қарап келген біраз облыста қазақ күресі үйірмелері жұмыс істей бастады. Қысқасы, бұл жылдары біраз аймақта қазақ күресінен бөлімдер ашылып, ондаған жат­тықтырушылар ұлттық күрес­тен шәкірт баптауға кірісті. Со­ның нәтижесінде кейінгі жиырма жылда ұлттық күрестің ауқымы кәдімгідей кеңейіп, елдің әр қиы­рында өтетін жарыстар саны көбейе түсті. Осы жерде баса мән беретін жағдай: 2005 жылғы Азия, 2006 жылғы әлем чемпионаттарынан кейін қазақ күресінде үлкен сілкініс пайда болды.

Иә, Арман Шораев 2011 жы­лы «Қазақстан барысы» ком­мерциялық жобасын қолға алғанда ұлттық күрестің өрісі мен насихаты біраз жерге барып қалған еді. Турасын айтсақ, «Қазақстан барысының» дуын қыздырып, беделін көтерген балуандар Дү­ниежүзілік қазақ күресі федерациясы талай жыл ұйымдастырған бәсекелерде шыңдалып шыққан жігіттер екенін жұрттың бәрі біледі. Біз бірнеше жылдан бері шамамыз келгенше, төрт құрылықты аралап, ұлттық күрестен семинарлар, шеберлік сабақтарын, жарыс­тар ұйымдастырып келеміз. Ал Шораевтың федерациясы осындай дүниелерді жасап көрді ме екен? Қай елге барып, қазақ күресінің тарихын айтып, әдіс-айласын таныстырып, күртешесін таратыпты? Қазақстанның қай облысына күрес кілемін әперді екен? Қандай маманы біздің Марат Жахитов, Бақыт Жаңбырбаев, Нұрлыбек Ермағанбетов, Қуаныш Наханов, Рафаэл Хабиров секілді халықаралық және респуб­лика­лық деңгейдегі жарыстарда ұлттық күресті насихаттап, семинарлар ұйымдастырып көріпті? Біздің мамандар шетелдердегі бәсекелер біткен бойда бірнеше күн сонда қалып шеберлік сабақтарын, жаттығу жиындарын өткізіп жүр. Бұл айтуға ғана оңай.

Иә, дайын балуандардың басын қосып, үкіметтің және демеушілердің мол ақшасына «Қазақстан барысын», «Еуразия барысын» және «Әлем барысын» өткізу аса қиын шаруа емес. Арман, әңгімені өзің бастадың, ендеше, Қазақстан, Моңғолия және Қытайдың бір ауданының басын қосып ашқан «Халықаралық Қазақ күресі федерациясын» «Бірік­кен күрес әлемінің» ресми танымағаны бәріңіз үшін үлкен минус. Ал Моңғолия мен Қытайдың құзырлы орындары өздерінде «Халықаралық Қазақ күресі федерациясының» филиалы бар екенін растағаны туралы құжаттарың бар ма? Меніңше, ондай құжат қолдарыңда жоқ. Тағы айтарым, былтыр шөгеннен (ат үстіндегі поло) халықаралық турнирге келген 30-дан аса елдің күрестен хабары жоқ адамдарын «Халықаралық Қазақ күресі федерациясына» тіркеп, «пәленбай елде филиалымыз бар» деп, жалаулатқан тірлігің көзі ашық, көкірегі ояу адамдарға қалай әсер ететінін терең ойлап көрдің бе?

Ал, сіздерге қосылуға қарсы болған себебім: екі федера­ция біріккен жағдайда ДҚК феде­­рациясының талай жыл­ғы тарихы, мамандар мен спорт­шылардың көп жылғы еңбегі жоққа шығатын еді. Бұған сіздер­мен келіссөздер барысында кө­зім анық жетті. Екіншіден, біз коммерциялық турнирмен шектелгіміз келмеді. Біздің федерацияның басты мақсаты – қазақ күресін дүние жүзіндегі ірі кешенді ойындарға енгізіп, сол арқылы бес құрылықта кең қанат жаюына күш салу. Ал ұлт­тық күреске кімнің қалай еңбек сіңір­генін халық өзі сараптап, әділ бағасын беретіні анық.

Серік ТӨКЕЕВ,
Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясының бірінші вице-президенті, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор