Қазақстан • 06 Ақпан, 2018

«Абу-Даби Плаза» жұмысшыларына өтемақы беріледі

235 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Кешелі бері Астанадағы «Абу-Даби Плаза» құрылысында еңбек дауы өршігені белгілі. Оған құрылыс алаңында жұмыс істеп жатқан «Қазинжиринг», «Мониторинг», «ЭКСПО», «Қазстрой» компаниялары жұмысшыларының жұмыстан қысқаруы себеп болып отыр.

«Абу-Даби Плаза» жұмысшыларына өтемақы беріледі

Осыған орай Астана қаласының прокуратурасы мен ішкі істер басқармасына және «Нұр Отан» партиясының филиалына шағымданған құрылысшылар компания жетекшілері өздерін алдап соққандарын, заңға шорқақтығын пайдаланып бір-бірден кеңсеге шақырып, жақында жұмысқа адам алғанда қайта шақырып алатындарын айтып, қағазға қол қоюларын сұрағанын айтады. Кейбір келіспеген құрылысшыларды қудалайтындарын айтып қорқытқан да көрінеді. Ал құрылысшылар өз кезегінде қыстыгүні далада қалғандарына және қаржылық өтемақы алмағандарына наразылық танытып, шағымдануға мәжбүр болған.

«Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев аталған мәселенің шешімін қарастыру партия назарында болатынын, қазіргі кезде Астана қаласы әкімдігі және прокуратурасымен осы тарапта бірігіп жұмыс істеп жатқанын жеткізді.

Ал Еңбек және халықты әлеуметік қорғау министрі Тамара Дүйсенова осы оқиғаға қатысты түсіндірмесінде жергілікті еңбек инспекциясының жұмыстан босату туралы хабарламаны 62 адамның алуы тиістігін анықтағанын айтады. Бұған дейін бірқатар баспасөз құралдарында аталған құрылыс алаңында 400-ге жуық адамның жұмыстан босағаны хабарланған болатын.

«Егер қосымша адамдар болса, біз айтамыз. Онда 11 компанния жұмыс істейді. Әр компанияның бас мердігермен жасасқан еңбек шарты бар. Онда жұмысты қашан аяқтайтыны, құрылыс алаңынан қашан кететіні нақты көрсетілген», деді Т.Дүйсенова.

Министрдің айтуынша, жұмыстан босағандарға орташа айлық жалақы көлемінде өтемақы төленеді. «Еңбек кодексінде нақты көрсетілген. Егер кәсіпорынның экономикалық жағдайының төмендеуіне байланысты азаматтар жаппай жұмыстан босаса, оларға екі айлық көлеміндегі еңбекақы беріледі. Егер бұл жағдай жұмыс көлемінің азаюына байланысты өрбісе, онда жұмыс көлемі орындалғаннан кейінгі жұмыстан босату есебінде қаралады және өтемақы ретінде айлық еңбекақы төленеді. Әр кәсіпорын жұмыс күшін тартқан кезде жұмыс көлемін анықтайды. «Абу-Даби Плазада» жұмыс істейтін төрт ұйымның да жұмыс ауқымы анықталған. Олар негізінен екінші деңгейлі жұмыстарды орындады. Келісімшарт бекіткенде жұмыстың қай уақыттан қай уақытқа дейін созылатыны да тікелей белгілі болады. Бұл да Еңбек кодексінде жазылған. Егер еңбек келісімшарты белгілі бір уақытқа белгіленсе, сол орындалғаннан кейін кейін жұмыс саны қысқарады», деді министр.

Думан АНАШ,
«Егемен Қазақстан»