Техникалық реттеу жүйесі жетіледі
Жиында техникалық реттеу жүйесін жетілдіру жайында Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек баяндады. Министрдің мәлімдеуінше, техникалық реттеудің қолданыстағы инфрақұрылым жүйесі төрт негізгі бағытты қамтиды. Олар – техникалық реттеу мен стандарттау, метрология, аккредиттеу және сәйкестікті бағалау, сондай-ақ мемлекеттік бақылау. Жалпы, жүйені жетілдіру екі кезеңде жүзеге асырылмақ. Біріншісі, биыл «Стандарттау туралы» жаңа заңды және метрология мен аккредиттеу саласындағы жұмыстарды жандандыру және жетілдіру туралы заңнамаға енгізілетін басқа да өзгерістерді қабылдау және іске асыру бойынша шаралар қабылданады. Екіншісі, 2018-2020 жылдары сәйкестікті бағалау және мемлекеттік бақылау жүйесін жетілдіру жүргізіледі.
Бүгінде «Стандарттау туралы» заң жобасы әзірленген, оның аясында автоматтандырылған жүйелер – стандарттау процестерінің Стандарттау жөніндегі ұлттық орган арқылы жұмыс істейтін бірыңғай операторы анықталмақ.
Министр метрология саласында да жұмыстар жүріп жатқанын атап өтті. «Сәйкестікті бағалау саласындағы аккредиттеу туралы» заңға өзгерістер енгізу аккредиттеу жүйесін жетілдіруге және аталған сала субъектілерінің жауапкершілігін арттыруға бағытталған.
Техникалық реттеу жүйесін жетілдірудің екінші кезеңі сертификаттау сынақтарының нәтижелеріне өзара сенімді төмендету және импорттаушылардың «тауарларды шартты түрде шығару» кедендік рəсімі арқылы сертификаттаудан өтуін болдырмау сияқты түйткілді мəселелерді шешуге бағытталған. Министр бұл бағыттағы жұмыстар бүгінде басталғанын жеткізді.
Министрлік мемлекеттiк бақылау саласында қабылданған шаралардың тиiмдiлiгiн арттыру мақсатында мемлекеттiк органдардың өкiлеттiктерiн саралауды ұсынбақ.
Бұдан әрі Ж.Қасымбек техникалық реттеу жүйесін автоматтандыру және цифрландыру туралы айта отырып, қазіргі таңда Еуразиялық экономикалық комиссияға сәйкестік туралы декларациялар мен сертификаттар жөнінде мәлімет беру жұмыстары жүргізіліп жатқанына тоқталды. Сондай-ақ «E-КТРМ» бірыңғай ақпараттық жүйесін құру бойынша жұмыс жүргізілетінін атап өтті. Ол Қазақстандағы және ЕАЭО аясындағы барлық үдерістерді автоматтандырады және біріктіреді.
ШОБ өнімі өсті
Шағын және орта бизнесті дамыту бойынша қолға алынған шаралар туралы Үкімет отырысында Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов баяндады. Министрдің айтуынша, жұмыспен қамтудың, инвестициялар тартудың негізгі көзі, экономиканың бәсекеге қабілеттілігін қалыптастырудың іргетасы болып табылатын экономиканың аталған секторын дамыту – Ұлттық экономика министрлігі жұмысының негізгі басымдығы. Аталған бағыттағы жұмыс мемлекеттік реттеуді жетілдіру және бизнес ахуалды жақсарту; қаржыландыруға қолжетімділікті арттыру және қолдау шараларын жетілдіру; салалық кедергілерді жою сияқты үш жүйелік блок бойынша жүзеге асырылады.
Бүгінде «Мемлекеттік реттеуді жетілдіру және бизнес ахуалды жақсарту» бағыты бойынша сәйкес заң жобасы әзірленген, онда 100 заң мен 13 кодекске өзгерісті қамтитын шамамен 1000 түзету бар.
Келесі маңызды бағыт – кәсіпкерлік қызметті қаржыландыруға қолжетімділікті арттыру бойынша қолдаудың басты құралдары «Бизнестің жол картасы-2020» бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасы, Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы, сондай-ақ халықаралық қаржы ұйымдарының кредиттік желілері екені анық.
Министрдің мәлімдеуінше, «Бизнестің жол картасы-2020» бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасы аясында 2017 жылдың қорытындысы бойынша қолдау шараларымен 192 мыңнан астам кәсіпкер мен кәсіпкерлік бастамасы бар адамдар қамтылған, бұл 2016 жылмен салыстырғанда 10 пайызға артық. Ал сыйақы және кредиттерге кепілдік беру мөлшерлемелерін субсидиялау арқылы қолдау көрсетілген кредит қоржыны 286,6 млрд теңгені құраған. Барлығы 3351 жобаға қолдау көрсетілген, бұл 2016 жылмен салыстырғанда 10 пайызға артық. 490 млн теңге сомасына 276 жобаға мемлекеттік грант ұсынылған, 12,1 млрд теңге сомасына 25 жобаға жетіспейтін инфрақұрылым жүргізілген, оқыту бағдарламаларымен және сервистік қызметтермен 74,8 мың жаңа бастаған және жұмыс істеп жатқан кәсіпкер қамтылған. Өткен жылдың қорытындысы бойынша бағдарламаға қатысушылар 3,5 трлн теңге сомаға өнім өндіріпті, 17,3 мыңнан астам жұмыс орны құрылып, 217 млрд теңге салық төленген.
Шағын және орта бизнесті дамыту бойынша тағы бір маңызды бағыт салалық кедергілерді жою болып табылады. Өткен жылдардағы жұмысты ескере отырып, министрлік мүдделі мемлекеттік органдармен бірге 552 бизнестің проблемалы мәселелерін қараған, олардың 497-сі шешілген. Статистика комитетінің мәліметінше, жұмыс істеп тұрған бизнес саны 2017 жылдың қорытындысы бойынша 1 145 994 бірлікті құрады, бұл 2016 жылмен салыстырғанда 3,6 пайызға артық. Оған қоса, ШОБ-та өнім өндірісі едәуір өскен. Өткен жылдың 9 айында өнім өндірісі 14,4 трлн теңгені құраған.
Басқару ісіне басымдық беріледі
Жиында қаралған үшінші мәселе – медициналық ұйымдардағы корпоративтік басқару және менеджментті дамыту шараларын іске асыру туралы Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов баяндады.
100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 81-қадамын, сондай-ақ Қазақстан Республикасында денсаулық сақтау саласын дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру шеңберінде Денсаулық сақтау министрлігі медициналық ұйымдарда корпоративтік басқаруды және менеджмент принциптерін енгізу жұмысын жүргізуде. Бұдан өзге, Мемлекет басшысының 2014 жылғы Қазақстан халқына Жолдауында Қазақстанның әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына кіруі үшін ЭЫДҰ қағидаттары мен стандарттарын енгізу міндетін қойды. Осылайша, қазақстандық компаниялардың бәсекеге қабілеттілігі мен қызметінің тиімділігін арттыру мақсатында ЭЫДҰ-ның корпоративтік басқару принциптерін енгізу мәселесі өзекті болып табылады.
Министр атап өткендей, қазір Қазақстанның денсаулық сақтау ұйымдарының көпшілігі байқау кеңестері бар шаруашылық жүргізу құқығындағы кәсіпорындар (БК бар ШЖҚ РМК), АҚ пен ЖШС сияқты корпоративтік басқару элементтерін енгізуге ықпал ететін заңды формаларға ауыстырылған. Бүгінде өңірлік деңгейде мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдарына ұйымдастыру-әдістемелік қолдау көрсету бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде. Денсаулық сақтау министрлігінің барлық ведомствоға қарасты ұйымдарында және ішінара өңірлік медициналық ұйымдарында енгізілген үлгілік корпоративтік құжаттар акционерлік қоғам, шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорын үшін әзірленіп, енгізілуде. Сондай-ақ медициналық ұйымдардың ресми сайттарында «Корпоративтік басқару» бөлімін құру арқылы медициналық ұйымдар қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілуде.
Денсаулық сақтаудағы көшбасшылық пен менеджментті дамыту бағыты аясында арнайы білімі бар басшыларды дайындау ісі өзектілігін сақтауда. Бұл салада 3000-ға жуық топ-менеджер қызмет атқарады. Алайда, медициналық ұйымдар басшыларының 60 пайызы тек жоғары медициналық білім иелері, арнайы менеджмент саласында жоғары білім алмаған азаматтар екен. Бірінші басшылардың тек 13,5 пайызы әртүрлі мамандық бойынша магистр дәрежесін алған. Осы ретте Е.Біртанов медициналық ұйымдарды арнайы дайындықтан өткен басшылар басқаруы тиістігін баса айтты.
Мәселені талқылау қорытындысында Е.Біртанов корпоративтік басқаруды және менеджментті дамыту бойынша жұмыс жалғасатынын жеткізді. Медициналық ұйымдардағы тиімді корпоративтік басқару мен менеджмент үшін ЭЫДҰ басқару принциптеріне сәйкес корпоративтік басқару принциптері мен түсініктерін заңнама түрінде бекіту жоспарланған.
Динара БІТІК,
«Егемен Қазақстан»