Қазақстан • 07 Ақпан, 2018

Валерий Бенберин: Ұлттың саулығы аурудың алдын алудан басталады

936 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

«Ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын ізде» дейді. Мемлекет бас­шы­сының биылғы Жол­дау­ында да аурудың алдын алуға көбірек ден қой­ылды. Ал сырқатты ас­қын­дырмай, бастапқы ке­зінде ауыздықтау үшін қан­­­дай қағидаттарды ес­­те сақ­тау керек? Ұлт сау­лы­ғын сақтау, ден­сау­лық­ты нығайту үшін нен­дей жұ­мыстарға мән бер­ген жөн? Осы және көп­те­ген сау­ал төңірегінде Мем­­ле­кеттік сыйлықтың лауреаты, профессор, Қазақстан Республикасы Президенті Іс бас­қармасы Медициналық орталығының басшысы Валерий БЕНБЕРИНМЕН әңгімелескен едік. 

Валерий Бенберин: Ұлттың саулығы аурудың алдын алудан басталады

– Валерий Васильевич, Елбасы Жолдауында медицина саласын да­мытуға қатысты бір­қатар міндеттер жүктелді. Құ­жатта айтылғандай, медици­на саласының сапасын жақ­­­сартып, оның қолже­тім­ділігі мен тиімділігін арттыру үшін алдымен қандай мәселелерді шешу керек?

– Иә, Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы Жолдау­ын­да елімізді дамытуға, халық­тың әл-ауқатын арттыруға ба­ғыт­­талған маңызды мәселе­лер қамтылды. Төртінші өнер­кә­сіптік революция әлеміне бей­ім­делу, индус­трияландыру мен цифрландыруды дамыту, агро­өнеркәсіптік кешен, көлік және логистикалық саланы жаң­ғырту сынды міндеттерді жү­зеге асыру – экономикамызды өр­кен­детуге тың серпін берері анық. Бағдарламалық құжатта әлеу­меттік салаға, соның ішінде ден­саулық жүйесін одан әрі жаң­ғыртуға айрықша мән берілді. Бә­рі­нен бұрын медициналық кө­мек­тің қолжетімділігі мен ти­ім­ділігін арттыруға, ауруды ер­те диагностикалауға назар ау­да­рылуы кездейсоқтық емес. Қазіргі таңда күллі әлем ауруды емдеуден гөрі оның себеп-салдарымен күресіп, алдын алуға көбірек көңіл бөле бастады.

Себебі бұл – сырқат жандардың денсаулығын тезірек қалпына келтіруге таптырмайтын тиімді тәсіл. Әрі мемлекетке де шығыны аз, жеңіл қадам. Елбасының «Қазіргі денсаулық сақтау ісі қымбатқа түсетін стационарлық емге емес, негізінен аурудың алдын алуға бағытталуға тиіс» деп отырғаны сондықтан. Ұлт саулығын қалыптастыру аурудың алдын алудан басталуы керек. Қазіргі заманауи медицина да патогенезді зерттеуге, аурулардың шығу тарихына терең үңіліп, сол арқылы сыр­қаттарды асқындырмау жол­дарын іздестіруде. Бүгінде ден­са­улық жүйесінде қолданыла бас­таған генетикалық талдау, жа­санды интеллект жүйесі – бәрі де аурудың алдын алу үшін жа­салып жатқан тың технология­лар. Сондықтан дәрі-дәрмекті із­деумен уақытты жоғалтпай, ор­ганизмді инфекцияларға қарсы тұра алатын қауқарға ие болатындай деңгейге жетуіміз керек. 

– Аурудың алдын алу, денсаулық­ты сауықтыру неден басталу керек сонда?

– Өзін өзі сауықтырудың, ау­рудың алдын алудың қағи­дат­тары өте қарапайым. Бұл дегеніңіз – күнделікті өмірді дұ­­рыс жоспарлау, тамақтану ре­жімін сақтау, қимыл-қозғалыс ыр­ғ­ағын дұрыс қалыптастыру. Сау­атты таңдалған дене қимы­л­ы, гимнастика, йога, цигун, жүзу мен жаяу жүру, тыныс алудың техникалары – ағзаны сауықтырудың басты шарттары. Мұндай жаттығулар организмнің ептілігін, икемділігін, ең бас­тысы, әртүрлі ауруларға қар­сы­лық күшін арттырып, дененің сым­баттылығын, қуатын бір­қал­ыпты сақтайды.

Бұған қоса, сауатты тамақтану мә­дениетін меңгеру – темірдей ден­саулықтың кепілі. Тіпті астың әзір­ленуіне де айрықша мән беру керек. Өнімнің дайындалуына қарай оның ағзаға түсіретін патогендік жүктемесі анықталады. Мысалы, картопты алайық. Оны пісірудің жолы әртүрлі. Егер картопты қабығымен суға пісірсек, онда бұл өнімнің гликемикалық индексі 62 бірлікті құрайды. Бұл өте жақсы көрсеткіш. Демек, өнім ағзаға пайдалы деген сөз. Ал сол картопты қабығынан аршып пісірсек, дәл осы көрсеткіші – 68 бірлікті құрайды. Ол да жаман емес. Егер картоп-фри жасайтын болсақ, онда гликемикалық индекс бірден 92 пайызға секіреді, яғни ағза оны қорыту үшін қатты қиналады деген сөз. Ағзаға күш түскеннен кейін оның органдары нашар жұмыс істей бастайды, қан айналым жүйесі бұзылады, асқазан, ұйқы безі, өт жолдары нашарлайды. Үнемі жүктемемен жұмыс істеген соңында әлсіреп, әртүрлі ауруларға шалдыққыш келеді. Дәрігерлердің көбіне қу­ырылған, сүрленген, консер­ві­ленген тағамдарды шектеп, бұ­қ­тырылған, суға пісірілген та­мақ­ты тұтынуға үндейтіні сон­дықтан. 

– Өзіңіз осы қағидаттарды ұста­насыз ба?

– Ұстануға тырысамын, әри­не. Әсі­ресе тамақтану салты­на ай­рық­ша мән беремін. Орга­низ­мді ар­тық калориямен у­ламауға тырысамын. Себебі та­мақ­та­нудың дұрыс жолға қой­ыл­мауы көп ауруға себепкер. Күн­­­делікті тұтынатын тағамның құн­дылығы мен үйлесімділігі, сапа­сы мен құрамы және тамақ энергиясының кірісі мен шы­ғысы арасында тепе-теңдіктің сақталмауы ағзаны күйзеліске ұшырататынын есте ұстаған жөн. Уақтылы, дұрыс тамақтану өмір сүру жасын да ұзартады.

– Арықтаймын деп кешкі сағат алтыдан кейін тамақ ішпейтіндер де бар ғой... 

– Бұл да дұрыс режім емес. Уақтылы тамақ ішпеу де ағзаның жұмысын бұзады. Мысалы, кешкі тамақты қалыс қалдырсаңыз және бұл әдетке айналса, онда ас қорыту жүйелері бұзыла бас­тайды. Ағзаға тамақ түспегеннен кейін өт ешқайда бөлінбейді. Ол біртіндеп қоюланып, тұнбаға айнала бастайды. Өт жолдарына тастың байлануы да осыдан пайда болады. Сондықтан дұрыс тамақтану – тамақ жемеу деген сөз емес. 

– Сіз жылдар бойы ұзақ өмір сүрудің құпиясына үңіліп, адамның қартаю үдерісін терең зерттеп жүрсіз. Осынау ұшан-теңіз еңбегіңіз бағаланып, былтыр Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты атандыңыз. Жо­ғарыда өзіңіз айтып өткен ауру­дың ал­дын алу жолдары да ұзақ жа­саудың кепілі емес пе? Сіздіңше, ерте қартаюдың бас­ты себептері неде? Адамның өмірін ұзарту барысында қандай тоқтамға келдіңіз?

– Жалпы, метаболизм синдромы, яғни зат алмасу процесінің бұ­зылуы ерте қартаюға алып ке­леді. Біздің ұзақ жылғы зерттеу еңбегіміз де осы төңіректе өр­біді. Әріптестерімізбен бір­лесе отырып, ұзақ жасаудың тәсілдерін, зат алмасудағы ауыт­қу­лардың алдын алу жолдарын іздестірдік. Зерттеуіміз бойынша, азаматтарымыздың 14 пайызы бойындағы күш-қуатын, ресурстарын ерте тауысқаннан демі үзіледі. Метаболизм синдромы артериалдық гипертензия, инфаркт, инсульт, қант диабеті, онкологиялық аурулар секілді созылмалы дерттердің дамуына алып келеді. Мұндай сыр­қатпен ұзақ жыл бойы ауыр­ған адамның ағзасы сыр беріп, соңында мезгілсіз өліммен аяқталуы мүмкін. Сондықтан зат алмасу процесін қалыпты деңгейде ұстау маңызды. Ол үшін адам жоғарыда айтылған са­ламатты өмір салтын ұстанып, ден­саулығына мән беруі керек. Скринингтік тексерулерден уақтылы өтіп, жаны мен тә­нін сауықтыруға күш салуы қажет. Ал біз өз тарапымыздан метаболизм синдромының алдын алуға бағытталған кешенді жұмыстар жүргізіп, зертханалық және диагностикалық емдеу тәсілдерін жетілдіруге ден қойып отырмыз.

Бүгінде Назарбаев университетінің ғалымдарымен бірлесіп, зат алмасу процесін реттейтін, ағзадағы қант пен холестерин деңгейін төмендететін, ұзақ өмір сүруге жол салатын дәрі-дәрмектерді ойлап таба бастадық. Мысалы, ресвератрол деген табиғи фитоалексин бар. Бұл зат алмасу процесін реттеп, қан айналымы жүйесін жақсартады. Бұл – табиғи антиоксидант. Оны кейде жастық шақтың эликсирі, ракқа қарсы қорғаныс құралы деп те атайды.

Ресвератрол қызыл шараптың құрамында кездеседі. Бірақ ағзаға пайдалы болу үшін күніне кемі үш литр қызыл шарап ішу керек. Бұл мүмкін емес. Сондықтан біз ресвератролды жүзімнен, оның дәнегінен алып, арнайы дәрі шығардық. Жақында сатылымға шығып қалуы керек. Жалпы, адам күнделікті рационына қара жүзімді, мейізді тұтынып отыруы керек. Олардың құрамында ресвератрол мол. 

– Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен Қымбат ТОҚТАМҰРАТ, 
«Егемен Қазақстан»

Суретті түсірген Ерлан Омар, «Егемен Қазақстан»